Сабақ жоспарлары

Білімділер

   Ғабиден Мұстафин

Жоққа бәрін шығармай бұрынғының
Жаңалығын ап келді бүгінгі күн.
Соны игерер ұл-қызға дана қазақ
Күні жарық деп кеткен білімдінің.

Білім жолдан іздеген табады асыл
Деді де ұстаз ізденді жаңа тәсіл.
Ұстаз-сөзге немкетті шәкірттерін
Кешіре алмай тұр бүгін жаңа ғасыр.

Талап қылған жүйрік тек тосылмады,
Түсті ілімнің кеудеге асыл дәні.
Сол жолменен лек болып шәкірт келеді
Білімдінің сапына қосылғалы.

Дейді оларды қазір-ақ білімділер,
Сарбаздары дәуірдің тілін білер.
Сардарлары көш бастар педагогтер
Үміт күтіп отырған бүгінгі ел.

Шәкірт келеді көрсетіп таным қылық,
Таңғалдырып, тамсантып бәрін де ұғып.
Бабасына бас иген жарты әлемді
Алмақ олар біліммен бағындырып.

Бабалары тау басып, аттап тасын
Қамшысымен қаққан еді жат қақпасын.
Сол бабаның ұрпағы өзгелерді
Білім жолда біліп тұр аттатпасын.

Шәкірт келеді биіктеу талғамдары,
Жаңа дүние, жаңалық қолданғаны.
Білімділер қосыны лек боп келеді,
Педагогтер қауымы сардарлары.

Зерде де бар, ой да бар қарасында,
Шәкірт келеді, оларды баласынба.
"Бір құдайға сиынып оқы" деген
Ұлы ұстаздың сөздері санасында.

Ерлік жолда жасаған ұшқыр қадам
Бабасы да сиынбай іс қылмаған.
Келеді әне солардың ұрпақтары
Білім қуып жанары ұшқындаған.

Осы жолға қаратып жүзін бәрі,
Лек келеді, қатары бұзылмады.
Алға ұмтылған кішкентай білімдіні
Бастап келеді педагог ұжымдары.

Администратор 2019-10-23

Достар тілегі

   Ғабиден Мұстафин

Сен туған күн жүзге нұр боп бірге енді,
Шаттық күнді тойлайтұғын күн келді.
Сол үшін де барлығымыз қуанып,
Достығымыз жаңарған бір түрге енді.

Сені бүгін бәріміз де ұғындық,
Туған күннің бізден ән менен жырын күт.
Тыңдайсың да айтылатын ақ тілек,
Ортамызда отырасың бүгін нық.

Достар барда дәл өзіңді ұғатын,
Таси берсін жүректе күш-қуатың.
Мақсатыңның биік шыңы бағынып,
Орындалсын ойдағы арман-мұратың.

Осы күнде мына өмірге келгенсің,
Тіршілікке шыр етумен енгенсің.
Ізденісің жеміс беріп әрдайым,
Алғыс алып қуана бер елден шын.

Әр шаттықпен осы күнге жеткенсің,
Көп асудан бізбен бірге өткенсің.
Дос тілегі болашаққа жетелеп,
Туған күннен туған күнге жеткерсін.

Администратор 2019-10-23

Төсінен ұшқан түлектің арманы биік болған жер

   Ғабиден Мұстафин

(Қазалы ауданы, №25 орта мектебі жайында жазылған)

Қазіргі орта мектептің іргетасы 1947-48 оқу жылында қаланған. 49-жылы өмірге өзінің алғашқы түлектерін берді. Өткен тарихындағы түлектері арасында мектепті 7 түлегі алтын медальға, 4 түлегі күміс медальға бітіріп шыққан.

Елдің бір салты қашаннан -
Өнермен бағы жанған жер.
Төсінен ұшқан түлектің
Арманы биік болған жер.
Ұлағаттың үлгісін
Мектебі жиып алған жер.
Сарқылмас білім байлығы -
Тәлім мен таным қонған жер.

***

Мектептің даңғыл жолы бар
Аумаған бейне дастаннан.
Қожабай, Аяп, Молдабай,
Іскендір, Амангелділер
Бір кезде-дағы басқарған.
Сұраса білсең әрқайсысын,
Мінезін айтып қоштар жан.
Мектептің жолы басталар
Осындай-дағы асқардан.

Осылай-дағы толқытып,
Ұстазға берсек бағаны -
Дербісалы, Әлімжан
Ел есінде қалады.
Қуаныш пенен Жарболат
Өрлеткен шәкірт талабын.
Жұмамұрат, Ақберген -
Ұмытпас шәкірт саналы.

Мектеппен бірге жасасқан
Жәниет пенен Нұғыман.
Тәжімбеттей ұстазың
Орыс тілін таныған.
Шәпеш, Айнаш, Балжандар
Балаға келген бағынан.
Ұстаздар бар осындай
Табылған білім жанынан.

Жақсы ұстаз қашанда
Мектебіңнің кемері.
Жәнділданы ел білер
Әзіл сөздің шебері.
Сәбит пенен Есіркеп
Балаға бар-ды берері.
Ақниет пенен Жанұзақ,
Айтатын ұстаз көп еді.

Мақтаулы ұстаз көп еді
Ісіменен нандырар.
Ел айтса соның барлығын,
Айтушың таңды таңға ұрар.
Біліміне шөліркеп,
Қашаннан-ақ жан құмар
Шәкірттер шықты алдынан
Айызыңды қандырар.

Айнұр менен Тоқболат,
Алданияз, Шапайдың
ғылымда болды талабы,
Бегалыдай ғалымдар -
медицина маманы.
Дәленовтер отбасын
ғылым-білім жолында
үлгі етіп шәкірт қарады.
Алпыспай, Әби, Алмастар
мектепті алтын, күміске
алғашқы болып бітірген
түлектер еді саналы.
Нұрперзент пен Сексенбай,
Жетіскендей ақындар
баспасөз атты майданда
қолынан түспеді қаламы.
Сейіл, Әнес, Мешітбай
жырдағы шыққан жүйріктер,
мүшесі еді Одақтың,
өлеңде болған даралы.
Көкірегі толы көмбеге,
тарихшы ұстаз әрі ақын,
құрмет тұтты ортасы
Ақанжан сынды ағаны.
Асыл сөздің сырынан
шәкіртке тәлім үйреткен
Файзолладай ақындар -
Болмысы болған бағалы.
Осындай алғы буынның
ізімен талай түлектер
тарихында мектептің
жазылып әлі-ақ қалады.

Айта білсек осыны,
Шәкіртке бар әлі сын.
Мектебінің өткенін,
Тарихын біліп, танысын.
Мақтаулы шықсын шәкірттер
Өмірдің көріп жарысын.
Көтере берсін әр жерде
Мектебінің намысын!

Администратор 2019-10-23

Құт болсын білімде қадамың

   Ғабиден Мұстафин

Білім жол бәріне аңсарлы,
Ой зерек болса оған ұнадың.
Сендерді күлімдеп қарсы алды
Мектепте мейірімді мұғалім.

Қарсы алды сыныбың, партаң да,
Тәртіппен сен оған ұнадың.
Жүреді күлімдеп ортаңда
Тағы сол мейірімді мұғалім.

Ұстазың, мейірбан үні тым,
Қақпайды тым қатты бетіңді.
Қоғамның кішкентай үмітін
Баптайды жас шыбық секілді.

Ұстаздың сан қырлы әлемі,
Санасы, жүрегі - асқақ ар.
Қоғамға құрмет әуелі
Ұстазды сыйлаудан басталар.

Шәкірттер осында келеді,
Өзіне жаңаша дос табар.
Еліңе құрмет әуелі
Мектепті сүюден басталар.

Кешегі ұлылар ізісің,
Өткізбес босқа әр кез уақытты.
Отанның ұлысың, қызысың,
Отаны бар адам бақытты.

Әрқашан қамын жер баланың
Анаңды шаттықты күйге енгіз.
Құт болсын білімде қадамың,
Бірінші сыныптық ұл мен қыз.

Бәріне тым ыстық көрінген,
Естисің қоңырау үнін кеп.
"Жақсы оқы" дегендей сеніммен,
Сендерге елің тұр күлімдеп.

Администратор 2019-10-23

Қыз-әуен

   Ғабиден Мұстафин

Әсемдіктің бағында жаралғандар,
Нәзік-болмыс, гүл-үміт, ақ армандар.
Жігіттердің бақытын жырлай жүріп,
Өз бақытын сол әннен таба алғандар.

Сұлу да біз, ару да біз дегендер,
Арманынан мақсатын іздегендер.
Ілінсе де кірпікке мұң тамшысы,
Сезімінен үмітін үзбегендер.

Әдемiлік ауылын қалағандар,
Сұлулықты дегендей бағалаңдар.
Арман жолда алдымен махаббатты
Бәрінен де биік деп санағандар.

Өмір кейде есейтіп балғын гүлін,
Мұңның жүгін аруға қалдырды мың.
Соқпағы да жіңішке мына әлемге
Көтеруге келгендей ардың жүгін.

Болса-дағы жүректе тамшы басым,
Қайратыңның рухын қамшыларсың.
Сазға ғашық жүрекке гүл егіңдер,
Сендер жайлы айтылар ән шығарсын.

Қадірлесін әр кезде біріңді мың,
Кешегімен жалғасып бүгінгі ұғым.
Бұл өмірге еркелеп жүрсең-дағы,
Ойлайсың ба бақыттың шымылдығын.

Бар тілегі жататын талғамында,
Арман болып сезімі жанған ұлға.
Қос әуенді қашанда үйлестіру -
Мына өмірде сендердің қолдарыңда.

Үміт, сенім жанынан табылады,
Қандай баққа белгісіз жолығары.
Жалғыз салған әндері мұңлылау,
Қос дауыста шырқалсын өмір әні.

Администратор 2019-10-23

Елі қымбат ұланға

   Ғабиден Мұстафин

Қойып бірде сұрағын,
Әлде іштей сынады.
Балалардан мұғалім:
"Не қымбат?" деп сұрады.

Қымбат деді балалар
Ізгіліктер еліме.
Жақсы іс боп саналар
Істің қымбат бәрі де.

Қымбат деді Далам да,
Қымбат деді бабам да.
Қымбат деді көлім де,
Қымбат деді жерім де.

Қымбат деді өткенім,
Болмас онсыз ұшпағың.
Қымбат деді мектебім,
Қымбат деді ұстазым.

Қымбат дәстүр-салтымның
Тәлімдері салмақты.
Қымбат ұлтым, халқымның
Ән мен күйі ардақты.

Болмас онсыз бағаң да,
Қымбат уақыт, ғасырың.
Қымбат әкем, анам да,
Қымбат тілім - асылым.

Қымбат нарқы сенімнің -
Жүректегі иманым.
Қымбат деді елімнің
Қазынасы - жиғаным.

Сауал қойған бәріне,
Жауабы да көп бүгін.
Қымбат деді бәрі де
Көк байрағым - Көк Туым.

Қымбат деді жұртым да,
Қымбат деді бар адам.
Қымбат деді ұлтым да,
Қымбат деді шекарам.

Ұстазының сұрағы
Ортақ ой боп өрбіген.
Осы ойлардан туады
Елдік мүдде алдымен.

Ашылды ойдың сандығы,
Қалмас пікір елеусіз.
Қымбат деді барлығы
Еркін елім, тәуелсіз.

Болды өздері сенімді,
Көтерілді еңселер.
Қорғаймын деді елімді,
Қорғау керек болса егер.

Администратор 2019-10-23

Жеңгенің қайын сіңлісіне тілегі

   Ғабиден Мұстафин

Ұқсап тұрып кейде сұлу гүлге анық,
Кейде өзіңмен сырласқандай мұңайдың.
Қарап жүр ғой біздің үйге ұрланып
Кіл бозбала дәті қалмай, Шырайлым.

Үздіге ме жасын жанар жүз қарып,
Шығар, бәлкім, көңілін де білдірген.
Жігіт ғашық болғанменен қызға анық,
Қыз қалауын, шынында да, кім білген.

Кім біледі жүрек құлпын ашарда,
Қыз жүрегін кімнің қалай ұғарын.
Сондықтан да жаныңдамын қашанда,
Жеңге болып сені алдымен ұғамын.

Сен де өзіңнің бақытыңды тостың ба,
Дедің бе оған ақ боз мініп келе көр.
Шырайлым-ау, мынау аспан астында
Бақыт та бар, сезім де бар, сене бер.

Егер осы айтылғандар болмаса,
Күн көрер ме ең мына менің көзімнен.
Бақыт деген келеді екен жалғаса
Қыз жүректе бүршік атқан сезіммен.

Шын сезімнің ұзақ болады ғұмыры,
Бағаласаң, болар сонда өз бағың.
Кеше қыз ең желбіреген тұлымы,
Міне, сен де бақ жайлы сөз қозғадың.

Келеді енді дейсің бе оған жол қашан,
Жетелеуі мүмкін алда әр күнің.
Тек сол жолда сәттілік боп әрқашан,
Сүрінбесін деп тілеймін тағдырың.

Администратор 2019-10-23

Арудың солдатқа хаты

   Ғабиден Мұстафин

Әскердесің,
Сенсіз жалғыз жүргенім
Болмаса тек -
Сеніменен біргемін.
Сүйген жүрек күн санайды осында,
Келді ме ант қабылдайтын күндерің?!

Күндер, күндер -
Күтер әлі алда мың,
Сеніменен ортақ, бірге арманым.
Отаныңа әскерде ант бергенің -
Сенің енді нағыз солдат болғаның!

Жарасады формасы әсем солдатқа,
Елеңдеме, алаңдама ел жаққа.
Сені адал күтемін деп әскерден,
Мен де ант бергем іштей бұл жақта.

Мейлі, айналып кетсе-дағы ғалам мың,
Саған деген сезіміме адалмын.
Күтіп жүрмін, жүректе бар сағыныш,
Орны бөлек болғандай-ақ бағаңның.

Маған жақсы үміт артып сенгенің,
Елесіңмен сағынышымды емдедің.
Сені күткен бұл жүректің тілегі -
Сенің маған аман-есен келгенің.

Хат жазамын сағынышпен жырақтан,
Жүрек бірге, тек өзіңді ұнатқам.
Жаттығуда болса ауыр, сол сәтте
Сөздерімді есіңе ал да, қуаттан.

Отанымыз - бізге бүгін іргелі ел,
Үміт күтер Отан үшін бізден ел.
Қызметіңді абыроймен аяқтап,
Бізге де әлі табысатын күн келер!

Администратор 2019-10-23

Еркектің өзі - бір әлем

   Ғабиден Мұстафин

Болмады да тағдыр жолы өтімді,
Талай ару әлденеге өкінді.
Жігіт деген экспресс заулаған,
Ал арулар аялдама секілді.

Жігіт - жампоз, сол ғой оның әлемі,
Бекеттерге ат шалдырып келеді.
Заулар дейсің қанша жерге бұл пойыз?
Тоқтайтұғын соңғы бекет - әйелі.

Бойжеткеннен арман толы күйді ұқтым,
Жансын оты жанында әсем сүйріктің.
Мүмкін соңғы аялдамасы сен шығар?
Келе жатқан тағы да бір жүйріктің.

***

Бойыңда сезім жатса егер,
Ақылмен оны ұғар ең.
Бабы мен тілін тапса егер,
Еркектің өзі - бір әлем.

Еркектің білсең сыр-мұңын,
Намыс бар онда маздаған.
Өткізуге олар шындығын,
Өтірік қосар аздаған.

Десе де кейде: "Әрі жүр!"
Жынданып бір сәт еркекке.
Әйелдер үшін бәрібір,
Еркексіз өмір - ертек пе?

***

Әрге бөлер әлемнің,
Болсын қызық ой кеші.
"Әй!" - дейтұғын әйелдің,
Еркек деген - еркесі.

Төркін жағың мықты ма,
Болғын мейлі сен - текті.
Өз үйіне құт мына,
Аялай біл еркекті.

Ұға білсең тек мұны,
Болсын десең - үйің гүл.
Қиын емес - шет тілі,
Еркек тілі - қиын тіл.

Дейсің бе өмір - бір ертек,
Кім де болса күнелтед.
Керек бірақ, қайтесің,
Бір-бір үйге - бір еркек.

***

Қызық бар ма ақ отауға бақыт нұры енбесе,
Үйленудің қажеті не - үйлеспесе, сенбесе.
Әйел деген - музыкант, еркек деген - күйсандық,
Қақпағына шаң қонбасын, таза ұста, ендеше.

Кінәлі екен нәзік саусақ, күйсандыққа қонбаса,
До, ре, ми, фа, соль, ля, си-ді дұрыс ұстай алмаса.
Бәрі бір ғой еркектердің, дауысына қарай тек,
Бас, баритон, тенор болып бөлінгені болмаса.

Еркектердің әуендерін бірте-бірте ұғарсың,
Қайткенменен сенің өзің соған мәңгі сыңарсың.
Барылдай ма, барқырай ма, шарылдай ма күйеуің,
Сен, ендеше, пернелерді дәл баспаған шығарсың.

Администратор 2019-10-23

Жеңіс

   Ғабиден Мұстафин

әулесін шашып түнекке,
Ысырып жауды жер-көктен.
Қасірет тұнған жүрекке
Жеңіс боп келді сол көктем.

Бар еді оның салмағы,
Шаттықтың әсем гүлі атты.
Миллионның еді ол арманы,
Миллионды қоса жылатты.

Ерлікті жұрты бағалар,
Із қалған өткен жылдарда.
"Жеңіс!" деп тұрды қалалар,
"Жеңіс!" деп тұрды қырлар да.

Сан рет ел боп егілдің
Уақыттың салған тезіне.
Қымбат қой құны өмірдің,
Қымбатқа түсті өзі де.

Үміт боп елде жағылды,
Құнды еді сосын бұл жеңіс.
Ар жүгі болды арудың
Тындырған тылда іргелі іс.

Кеудеге толып арманды ән,
Қасірет шегіп солды бақ.
Жеңіске барып жалғанған
Солдаттан келген соңғы хат.

"Деуші едің, апа - ақылдым,
Қымбат деп құны ардың да.
Бұл хатты жазып отырмын
Шабуылға шығар алдында".

Еске алар соны ойланған,
Дерек боп түсті бүгін із.
Бір хабар жеткен майданнан:
"Болды деп қаза ұлыңыз..."

Жас ұрпақ үшін бар мәні,
Кемітпес ол да бағаңды.
Сонан соң солдат арманы
Желбіреп көкке қадалды.

Ерлікті содан таба алдың,
Жігерге бөлеп өскінді.
Соғыстан соң да медальдің
Сыңғыры болып естілді.

Тыныштық күннен нұр тамды,
Самғады аппақ қанатта.
Ән болып сосын шырқалды,
Өлең боп түсті параққа.

Заманың алға басар да,
Тарихтан тағлым тыңдатты ой.
Адамдар үшін қашанда
Жеңістің құны қымбат қой!

Администратор 2019-10-23

Соғысты көрген тағдырлар

   Ғабиден Мұстафин

Қиындық кезең сындары
Ерліктің отын маздаттың.
Соғыстың сұрапыл жылдары
Тағдыры талай боздақтың.

Аттанып ердің дүрмегі,
Отан деп келді сөз басы.
Соғыстың күңгірт күндері -
Жесірдің ащы көз жасы.

Алыстап жылдар барады,
Білініп уақыт бағасы.
Соғыстың зарлы заманы -
Жетімнің қайғы-наласы.

Ерлікке толып өткені,
Ұмытылмай тұрды ер ісі.
Соғыстың соңғы көктемі -
Солдаттың асқақ Жеңісі.

Жақыны қамығып ойланған,
Тағдыры солай болса бір.
Оралмай қалып майданнан
Хабарсыз кетті қаншама ұл.

Тап келіп қиын кезеңге,
Үміттің жібін жалғаттың.
Жесірі еді әжем де
Хабарсыз кеткен солдаттың.

Жалғанбас үміт бекерге,
Елдегі көңіл - толы арман.
Майдангер еді әкем де
Соғыстан аман оралған.

Десек те жылдар өтесің,
Көңілде үміт алаң ба.
Хабарсыз кеткен әкесін
Жол қарап тосқан анам да.

Өтсе де жылдар көшкіндей,
Білінер жоқтың бағасы.
Әкемнің сонда қос бірдей
Хабарсыз кеткен ағасы.

Тарихты білер Далам бар,
Кетсе де ұрпақ алға тым.
Сондықтан әр кез адамдар
Еске алар соғыс солдатын.

Өссе де ұрпақ тербеле,
Демейік өткен солғындар.
Ұмытылмай жатсын кеудеде
Соғысты көрген тағдырлар.

Жеңістің мәнін ұғасың,
Бағасын білсең бұл күннін.
Сұрапыл жылдар куәсін
Құрметтей, ұрпақ, жүр бүгін!

Администратор 2019-10-23

Сен алтыға толған ұл

   Ғабиден Мұстафин

Шарықтай бер болашаққа, қанат қақ та, самға бір,
Алаңсызсың бала шақта, әр күн құяр жанға нұр.
Ата-әженің, әкесінің, анасының шаттығы,
Сенің бүгін туған күнің - сен алтыға толған ұл.

Бірде қиқар, бірде ойынпаз, ал таңғалтар бір ісі,
Әр ісіңнің үлкендерді қуантады дұрысы.
Сенің бүгін туған күнің - сен алтыға толған күн,
Ағасы мен әпкесінің ең сүйкімді інісі.

Сен де бүгін талғамыңмен бәрін бірдей мойындат,
Барлығы да дүрлігіп жүр саған сыйлық дайындап.
Қонақтар да келер бүгін тек өзіңді құттықтап,
Дастарқанға тәттілер де тек сен үшін қойылмақ.

Сен ақылды баласың ғой, тәттіге тым құнықпа,
Ата-әжеңді, ата-анаңды, үлкендерді ұлықта.
Сен алтыға толған күнің, солай-дағы десек те,
Сенен құйттай қарындасың бар екенін ұмытпа.

Сен алтыға толған күнің, ата-анаңа үмітсің,
Қарындасың бар жерде енді, сен де үлкен жігітсің.
Бірің келіп, ата-анаңа үзілмейтін арқаусың,
Бірің келіп, әке-анаңа жан қуантар тұнықсың.

Бірде қиқар, бірде ойынпаз, бірде дана баласың,
Қарындасың бар жерде енді, сен де үлкен ағасың.
Кішілерге қамқорлықты сол арқылы сезініп,
Аға болып, өмірде әлі талай асу аласың.

Көздеріңде, көкірегіңде болмасын еш нала-мұң,
Сен де, міне, киелі сан жеті жасқа қарадың.
Білім жолдың әр белесін бағындырып өзіңе,
Таңғалдырсын өзгелерді таудай болған талабың.

Азат елдің келешегі болмау үшін мұнар күн,
Күш-қайраты керек елге ертең сендей ұланның.
Көк туыңды күзететін сен ертеңгі солдатсың,
Армандарың әлі асқақтар қанатында қыранның.

Әуелетіп осы күннің думанды да шат үнін,
Бүгін, міне, тілек айтар саған барлық жақының.
Сол тілекпен салмақтанып өз үйінің төрінде,
Маңғазсынып отырады алты жасар батырың.

Сенің бүгін туған күнің, алты дейтін сандасың,
Көңіліңнің бақыт құсы ұшсын биік - самғасын!
Бар шаттығың туған Отан - туған үйде тойланып,
Ақ тілектің аппақ бұлты сені әрдайым қолдасын!

Администратор 2019-10-23

Әкелерге арнау

   Ғабиден Мұстафин

Өмір жолдың болса да көп астары,
Әкелермен биік елдің аспаны.
Қашанда да құрмет тұтқан аналар
Шаңырақтың иесі олар, бастауы.

Тау тұлғалы, шынар болмыс заңғарлар
Деді ме ұлтқа баба жолын жалғаңдар.
Олар еңбек ортасында шынығып,
Сын сағаттың жауынгері болғандар.

Күрескендер ұрпағының бағы үшін,
Серік етіп болмысына ар ісін.
Көлеңкесін түсірсе де кейде өмір,
Түсірмеген ерге лайық намысын.

Қиындыққа төзімменен көнгенсің,
Іздемей-ақ ұсақ-түйек елден сын.
Дауға түссе шешендікпен шиырлар
Билер құсап бітім айтқан сендерсің.

Бата берер ұрпағына бақ ашар,
Қастерлі сөз қасиетіне кім таласар.
Әулетіне үлгі болып отырды
Тұғырдағы қырандай боп қара шал.

Сан жадырап түссе еске жастығы,
Бастан өткен тоқтығы да, аштығы.
Солар салған ізгілікті сүрлеумен
Жалғасады бүгінгі ұрпақ дәстүрі.

Ана жүзден мейірім болып күлді күн,
Ұғынса әке қабақтағы кірбіңін.
Әке жайлы мақтан айтып қыздары,
Соларға ұқсап келеді өсіп ұл бүгін.

Солар жайлы болса кейде жыр басы,
Дейді ме әке ұрпаққа сыр тыңдашы.
Өзгерсе де уақыттың сан өрнегі,
Аласармас Әкелердің тұлғасы!

Администратор 2019-10-23

Қазақстан, әлем сені таныған

Тәуелсіз ел,

Қазақстан, әлем сені таныған!

Мен өзіңді артық көрсем жанымнан,

Бабалардан қалған үлгі деп білгін,

Үміт күткен әр арайлы таңынан.

Келер күннен

Әсте үмітін үзбеген,

Ұлт, ұлыспен араласып жүздеген.

Бауыр болып

Бауырласып туысқан,

Дархан халық

Екенбіз ғой біз деген.

Содан соң да

 Ұлтаралық келісім

Өмірімнің сездірмеді кемісін.

Жанжал шығып,

Өзге елдерде жатқанда

Сол келісім

Берді өзінің жемісін.

Көк байрағым

Желбіреген желменен,

Қыран далам

Көкке қанат сермеген.

Тәуелсіздік

Жылдарында жаңғырған,

Салт-сананы

Қояр едім төрге мен.

Ауыр жылдар...

Қажымаған, талмаған,

Қыран көңіл қияларға самғаған.

Қазақ деген

Қажыр екен қайнаған,

Тұлпардайын

Шабысынан танбаған.

Сол халықты

Жолға салып таңдаған,

Игілікке қол жеткізген сандаған.

Ел ардағы Нұрсұлтанның

Өрлігіне,

Ерлігіне таң қалам.

Сүлеймен Баязитов 2019-10-23