Сабақ жоспарлары

Махаббаттың жазылмаған заңы

Жол бұралаң, сезім тура, oй тура,
Жол түскен соң болмас кейін қайтуға.
Сүйген адам сезімі үшін бақытты,
Болмайды оны бақытсыз деп айтуға.
Бұл жайлы көп мұңдаудың не орны бар,
Жандар да бар пәк сезімді қор қылар.
Махаббатты үйлену деп ойлайды
Құдіреттің құнын білмес сорлылар.
Аз ба өмірде жылап жүріп күлгендер,
Құр күлкінің қасіретін білгендер.
Ойлашы өзің, аз ба мынау әлемде
Сүймей, сенбей тағдыр қосып жүргендер.
Өмір солай, күйзеліс көп, жұлқыс көп,
Болсын, мейлі, дінің түзу, тұрмыс тоқ,
Сүймей, сенбей тағдыр қоссаң біреумен,
Махаббатта бұдан асқан қылмыс жоқ.

Администратор 2019-10-23

Мен қыз үшін ұялдым

Байқатпастан уақытты тез өткен,
Өнер толы өзекпен,
Жыр қанатын безеп кең,
Әмзе басты жиналғандар кезекпен.
Бірақ жұртқа зейін қоймай сыздана,
Ортамызда отырды бір қыз бала.
Miнe, ғажап, келбет қандай, көз қандай,
Сұлулығы қиялыңнан озғандай!
Ақша бұлттың арасынан бір арман
Соған қолын созғандай.
Бозбалалар аузын ашып аңырып,
Қарап қапты қозғалмай.
Думан қызды.
Аянатын заман ба?
Ән кезегі келіп жетті оған да.
Сіңген өнер кәріге де, жасқа да,
Қыз көңілінен таба алмапты баспана.
Әлгі сұлу өзін туған халықтың
Бір әнінде білмей шықты, масқара.
Ал онысын кемшілікке санамай,
Отырды ол өз ойымен одағай.
Бөлме толы жақтырмаған көздерге
Пысқырып та қарамай.
Оғы болмай атуға,
Қарттар жағы наразы тіл қатуда:
"Бұл немене тумай жатып бату ма?"
Нақ сол сәтте сен ән салдың, жан аға.
Бұдан асқан нұрлы шаттық бола ма?
Сен ән салдың, шарықтатып, шырқатып,
Көңіліңнің ақ дауылын бұрқатып,
Сен ән салдың арындатып, зарлатып,
Көздің жасын парлатып.
Айналайын, нар тұлға,
Теңіз болсаң тартылма.
Өзен біткен шапқылап
Еріп жүрсін артыңда.
Әлде шырқау таусың ба?
Ал тау болсаң, таусылма.
Қазақтың кең даласы
Жатты сенің даусыңда.
Көз алдымда көлбеді
Толқын құм мен салқын мұң,
Жарқын белес, жалқын күн.
Жатты сенің даусыңда
Жомарттығы халқыңның,
Жатты сенің даусыңда
Шарқ ұрғаны сұңқардың,
Алқынғаны тұлпардың,
Ойпаң жердің орманы,
Таудың қия жолдары,
Әкеміздің талғамы,
Бабамыздың арманы.
Сен ән салдың, жан аға,
Бұдан асқан нұрлы шаттық бола ма?
Ұқсап туған екенсің-ау далаңа.
Міне,сендей жаны мұхит жандармен
Бізге сұлу көрінеді замана.
Ән қаптасын гүл қаптаған қырлардан,
Халық деген — мағынаға бай теңіз.
Өз халқының байлығынан құр қалған
Мазмұны жоқ мына қызды қайтеміз?
Борышымыз ұшан-теңіз, елесек,
Адам әр кез заманына берешек.
Не болады одан туған бүлдіршін,
Не болады одан туған келешек?
Халық әні-
Азаттық пен қиялдың
Самалы ғой. Оны естуден тыяр кім?
Сені тыңдап мен ерекше шаттандым,
Ал қыз үшін ұялдым.
Маған арман жалғағандар,
Ақ тілегін арнағандар,
Маған қорған болған жандар,
Алдамаймын сендерді мен мына жарқын тірлікте,
Өміріме қойылғанша бір нүкте.
Жүріп келем, тау суындай тыншымайтын жаным бар,
Ай маңдайлы арым бар,
Құшағымда көктемім бар, құшағымда қарым бар,
Сендер мені өзіме тән мінезімнен таныңдар.
Кейде кеме секілдімін тоқтап өткен порттарға,
Қуанамын тағдырыма тілеулестер тапқанға,
Әлде мынау табиғаттан ала беру мұрат па?
Өмір бойы еліктеумен келем мөлдір бұлаққа.
Асқар таудан қуат алып, айға қарап елжіреп,
Аға алмасам туған жердің кеудесінде мөлдіреп,
Бір лайсаң өзен болсам тұнықтықтан шеткері,
Атама, елім, өз перзентім деп мені,
Жо-жоқ, мұны тағдыр басқа жазбасын,
Бұдан ауыр қарғыс бар деп ұғынбаймын өз басым.

Администратор 2019-10-23

Ысытқан,суытқан

Ысытќан,суытќан

Бойыңды бір көңіл.

Дүниені ұмытќан

Ќұмарың тозар, біл.

Әуелгі кезіңде

Ќайтпаған көңілдің,

Есептеп өзің де,

Түрінен өмірдің.

Бір жаќсы күнім деп,

Ќызыќпен сөйлесіп,

Артынан “ол нем?” деп,

Ұялып кезнесіп.

Бір аќымаќ әңгіме

Сыќылды көрінер,

Онысын өңгеге

Айтуға ерінер.

Айтуға білсе, ерінбес,

Надандыќпен жеңілмес.

Білген кісі айтса оған,

Надандығы кемімес.

Администратор 2019-10-23

Туған күн кешінде

Тойыңа гүл алып,
Келдім мен қуанып,
Қарсы алдың күлімдеп көктемдей.
Жүзіңе нұр тұнып,
Кетіпсің құлпырып
Бір бақыт сәулесін төккендей.
Қайырмасы: 
Сен туған күн - мерекеміз,
Ән бастайық, кел, екеуміз.
Ұмытпа сен, құрбым,
Есте қалсын мәңгі бұл күн.
Жасқанба, жасыма,
Отыршы қасыма,
Басталсын бір терең әңгіме.
Қуансын ел ертең,
Қолыңды бер, еркем,
Жалғыздық жойылсын мәңгіге.
Көп жүріп сарылып
Жетсе де кәрілік,
Қақпаңды ашпа сен уақытсыз.
Жастықтың жарығын,
Жүректің жалынын
Өшіріп алған жан бақытсыз.

Администратор 2019-10-23

Ішім өлген, сыртым сау

Ішім өлген, сыртым сау,

Көрінгенге деймін-ау: 

Бүгінгі дос — ертең жау, 

Мен не қылдым, япырм-ау?! 

Өз үйінде өзендей 

Күркірейді, айтса дау. 

Кісі алдына барғанда 

Шабан, шардақ және шау. 

Мұндай ма едің ана күн, 

Мұның қалай, батыр-ау? 

Үш күн арқаң босаса, 

Бола қалдың бас асау. 

Жан қысылса, жайтаңдап, 

Жанды еріткен жайдары-ау. 

Жан жай тапса, сен неге 

Жат мінезсің жабырқау? 

Ұрлық пенен қулыққа 

Байлағанда кестің бау. 

Берерменде бесеусің, 

Аларманда және алтау. 

Топ болғанда көресің

Администратор 2019-10-23

Әмір-Темірдің соңғы өсиеті

Күш пен ақыл кімде мықты — соның даңқы ең үстем.
Қиып өтіп өзен-көлден,
Қия-шыңнан,
Еңістен.
Сырнайлатып,
Кернейлетіп Әмір-Темір әскері
Мәрмәр қала Самарқанға оралды зор жеңіспен.

Кешке таман тұс-тұсынан сансыз жарық самсаған
Көк Сарайдың аясында шаттық қосты қанша адам.
Аққу мойын әсем әндер қалықтады төбеде,
Темірдің бұл жеңісі еді көптен күтіп, аңсаған.

Ой-сезімді айналдырып інжу-тізбек алқаға,
Қожа Хафиз шабыттанып жыр оқыды ортада.
Әмір-Темір қанаттана,
Жырға балқып,
Шоқтанып,
Арайланған жанарында шоқтай қызу от жанып:
- Неткен асқақ сұлулық бұл,
Неткен жомарт сезім! — деп,
Қайта-қайта басын изеп, қолын соқты шаттанып.

Кенет біреу алға шығып бұрды өзіне жиынды,
Ханға қарап қалбан қағып, бірнеше рет иілді:
- О, кемеңгер қасиеттім, ұлылардың ұлысы,
Даңқымыздың көшбасшысы, құдіреті, тынысы,
Сізсіз күллі Азияның бітпек емес бір ісі,
Сізден асқан данышпан жоқ,
Егер біреу бар десе,
Оның өзі — Сіздегі ұлы парасаттың інісі.
Тіпті әлемде Сізбен қатар қоя алмаймыз ешкімді! -Дұрыс!
- Шын сөз!
- Хан жасасын! — деген қоштау естілді.
- Қай кезде де сом алтынның қадірі жоқ қолдағы,
Деп әлгі адам әңгімесін әрі қарай жалғады, -

Шын өнердің мәнін білер,
Сөздің сәнін, дәмін білер,
Талғамыңыз тағы мені таң қалдырды, алыбым,
Сізді барлап өлең сөздің құдіретін таныдым.
Өнегеңіз ғасырлардан ғасырларға көшеді,
Өзіңіздей көсемі бар елдің бағы бес елі!

- Тоқта! Доғар!
Сарапталық,
Сен бе, мен бе жетесіз?
Сөзбен арбап, мақтау жолын меңгеріпсің қатесіз.
Бір күшейсе өткел бермес тоғышарлық індеті.
Әр адамның тірліктегі зор замани міндеті —
Саф өнерді ардақ тұту және терең түсіну.
Жан байлығын есепке алмау — босқа көкіп, ісіну,
Халқымыздың ұлы рухын, бедел-парқын түсіру.
Тек қарынға билік берсек, мына ғалам не болмақ?
Онда ізгілік өзендері ақпай қалар табандап.
Қашыр озып,
Тұлпарлардың мерейі ақсап, шабандап,
Қарға біткен қарқылдасып, қырандарды жамандап,
Биік пенен аласаның шекарасы жоғалмақ.
Тұс-тұсынан мақтау сөздер құлағанмен көшкін боп,
Әлі күнге жағымпазын жазалаған ешкім жоқ.
Диірменін, айналған соң жалғандықтың желімен
Басқа арнаға түсіруге міндеттімін сені мен...

Сәл ойланып:
- Кімсің өзің, мақсатың не?—деді хан.
- Әрқашанда орын ашқан
Сізге жүрек төрінен
Қорасанның хакімімін...
Құттықтауға келіп ем...
- Жалған хакім, жалған таудың даңқы жермен теңесін.
Бар, қайта бер!
Қорасанға енді хакім емессің!
- Ұлағатты ұлы ханым, күн келбеттім, кеңісім,
Мұныңыз тым ауыр жаза болмас па екен мен үшін.
Шетке қағу — өзіңізге шын берілген хакімді
Тарылтпай ма сіздегі ұлы жомарттықтың өрісін?

- Міне, міне, сын сағатта санаң қалай бұлтыңдар,
Қырдың қызыл түлкісін де алдап кетер тұрқың бар.
Жанарымды тұздай етіп,
Өтпей жүрген қыздай етіп,
Көзсіз мақтап, беделімді асырдың-ау таудан да.
Сен жанымнан табылар ма ең бастан бағым ауғанда?
Ондай шақта жалт бұрылып кетеріңе дау барма!
Мадақ сөздер төбесінен қарша борап жауғанда,
Елікпейтін басшының тым аз боларын білесің,
Сондықтан сен қатерлісің жасырынған жаудан да.
Билік деген — қалың елдің көз қадайтын алаңы.
Мені жиі, жөнсіз мақтау салтқа айналып барады,
Кейбір қулар шектен шығып тіпті теңеу таппауда.
Жалған жыршы, жалған ақын
Желпи келіп жел қанатын
Бұдан былай ерік берсе әділетсіз мақтауға,
Сол сәтінде-ақ бұйырамын қатал, ауыр жазаға!
Әділетті жаза барда ғаділетті ел аза ма?
Таразылар уақыт кейін, кім бөркемік, кім мықты,
Тек әділ сын — ел тірегі,
Жалған мақтау өлтіреді
Әміршінің санасынан сығалаған шындықты.
Ал, бұл жұртқа әкеледі қанша қайғы-қасірет.
Құнсыз етіп мерей көгін,
Жағымпаздың көбейгенін
Ұғу керек туар жаңа қасіреттің басы деп.
Мың намыссыз жағымпаздан құлдық ұра құлаған
Артық маған қасқайып кеп шындықты айтқан бір адам.
Енді шындық менің мына билік құрған өлкемде
Ізгілікпен жұптасады,
Нық басады ертеңге, —

Деп әміршінің жігер жүзген жанарыңда бақ жанып,
Жанған бақпен шығып кетті қалың жұртты қақ жарып.
Содан бері қанша жапты сонау таудың басын қар.
Сан гүлденіп, сан қуарып,
Әмір-Темір даңқын алып
Жұмыр жердің кеудесінен ұшты дүлей ғасырлар.

...Бас қолбасшы Самарқанның бас көшесі бойында
Ескерткіш боп биіктеп тұр, берілгендей пайымға,
Берілгендей уайымға,
Ғасырында есепсіз көп қан төккені жайында,
Бірақ ұлы бір мінезді салт еткені жайында...
Нән бәйтерек әлдене деп сыбырлайды қайыңға...
Ханның соңғы өсиеті,
Сөзге айналған қасиеті
Алты жүз жыл өткеннен соң, кәне, кімнің ойында?
Бір жас жігіт мінбеде тұр.
(Сырт көзге тым ақылды),
Қосатындай көңілменен алыс пенен жақынды,
Қалбақтады, жалбақтады, Арыстан ғып ардақтады,
Данышпан ғып салмақтады,
Ескерткішті орнатуға бұйрық берген хакімді.

...Сәлден кейін хакім оны өз қасына шақырды...
Нақ, сол тұста оң қанаттан,
Парасаты самғап аққан,
Өзегінен гүл көктеген,
Темір аса құрметтеген
Қожа Хафиз өлеңдері жаңғырыға оқылды...
Ой салар деп сеніп едім талай жаңа кескінге
Ұлы жырға бірақ назар аудармады ешкімде...

Администратор 2019-10-23

Ғабидоллаға

Жазғытұрым қылтиған бір жауқазын,

Қайдан білсін өмірдің көбін-азын,

Бәйтеректі күндейді жетемін деп,

Жылы күнге мас болып, көрсе жазын.

Күз келген соң тамырын үсік шалып,

Бетегеге жете алмай болар жазым.

Мен-дағы көп есіттім жастың назын,

Қол жетпеске қол созар бар ма ылажың?

“Боламынмен” жүргенде болат қайтып,

Жалын сөніп, жас жүзін басады әжім

Администратор 2019-10-23

Мерейдің сақтар ханына айтқаны

Біз әрқашан жан байлығын адамның,
Болашағы деп қарадық ғаламның.
Кәне, ақыл-таразыға төрелік
Берелік те сіз басқарған хандықты
Мысалға алып көрелік.
Сіз бірінші орынға
Адамзаттың қара күшін қойдыңыз,
Сөйтіп, елдің игі істерге құштарлығын жойдыңыз,
Қара күшпен қызықтырған дүрмекті
Қайдағы бір ойсыз, есер палуандар
Ақындардан әлдеқайда құрметті.
Басқа есікке жасадыңыз ілгекті.
Жұрт ішінен достыққа іңкәр, парықты
Біреу туса күндей жарқын санасы,
Бүкіл халық даңқты...
Өткен жылы біздің елдің баласы
Жау қолында, сонау көрші хандықта
Қалып қойған досын іздеп барыпты.
Тек ізгі ойдан алар болсын ән басын,
Самғаса тек сенім жыры самғасын.
Іздеп барса...
Бүкіл хандық жиылып
Дарға асқалы жатыр екен жан досын.
Қайсар жігіт амалсыздан сол елдің
Сіз секілді ханының аяғына құлапты.
"Досым еді тұрақты,
Қиын шақта табысып,
Бірге іздескен мұратты", -
Деп тұтқынның өміріне сауға сұрап жылапты.
"Күнәсі ауыр", - деп шайқапты хан басын.
Сәл ойланып: "Иә, ауырлық нарға сын.
Көкірегіңде жалындаса нар сенім,
Ұлан болсаң сол сенімге шөлдеген,
Бұл жігітті тек бір ғана жолменен,
Құтқаруға мүмкіндігің бар сенің.
Көзіңді бер құрбандыққа,
Оған бола бәсеңсімес алаулы ой.
Достық деген бір бағытқа
Бір көзбенен қарау ғой.
Онда бір көз екеуіңе жетпей ме?
Досың бар ғой жетелер.
Бұл талапқа көнер болсаң, қарағым,
Шартым осы,
Көзіңді ойып аламын.
Сонан кейін досыңды ерт те кете бер?!"
"Құлдық, тақсыр, - депті жігіт шаттанып,
Қайсарлықтан жанарында от жанып:
"Дос тілектің садағасы жанымыз,
Міне көзім, алыңыз!"
Кіреуке сап думанды елге,
Хан үкімі орындалды, не керек,
Тұтқын жігіт туған жерге
Көзсіз досын ертіп келді жетелеп.
Ерлік хабар жылдам екен желден де,
Ерлік хабар дүр сілкінтіп даланы,
Бүкіл ауыл жолға шығып қарады.
Сол көрініс қалып қойды кеудемде.
Ете алмады ел көз жасына иелік,
Бір-біріне сүйеніп,
Келе жатқан екі досты көргенде.
Заман қанша салғанымен бұғалық,
Біздің марғау, соры қалың елден де,
Батыр перзент туылды-ау деп жыладық.
Ең әрісі қиқар атай Ерден де,
Қайта-қайта жас үйіріп көзіне,
Бұл ерлікке өзін мәңгі борыштыдай сезіне,
Той жасады жұртты жиып кешкісін.
Жалғыз ұлға сауын етіп отырған
Атып ұрып жалғыз шұнақ ешкісін.
Ел осылай ер ұланын елеусіз
Қалдырған жоқ, қошеметсіз, демеусіз,
Ал мына сіз сол адамның есімін де білмейсіз,
Сөйте тұра қалың жұртты адалдыққа үндейсіз.
Нағыз ерлік көзіңізге көрінбей
Құзға біткен өрімдей,
Назардан тыс қалып қойды бағасыз.
Сіз өзіңіз айдар таққан ер жігіт деп киелі
Шомақ палуан, дара біткен сүйегі,
Арқаға сап көтере атан түйені,
Марапаттап қуана қол соғасыз,
Иығына алтын шапан жабасыз.
Босқа және
Басқа жақа лағасыз!
Ер қадірін назардан тасалаудан,
Қай ел опа тауыпты?
Иә ерлікті жасамаудан
Бағаламау әлдеқайда қауіпті.

Администратор 2019-10-23

Ғалымнан надан артпас ұққанменен



Ғалымнан надан артпас ұққанменен,

Тағдыр көрмей қоймайды бұққанменен.

О-дағы қалыбынан аса алмайды,

Жауқазын ерте көктеп шыққанменен.

Администратор 2019-10-23

Ғашықтық, құмарлық пен — ол екі жол

Ғашықтық, құмарлық пен — ол екі жол, 

Құмарлық бір нәпсі үшін болады сол. 

Сенен артық жан жоқ деп ғашық болдым, 

Мен не болсам болайын, сен аман бол.

Көңілімнің рақаты сен болғансың, 

Жасырынба, нұрыңа жан қуансын. 

Бірге жаққан біреуге жақпаушы еді, 

Сүйкімді тірі жанға неткен жансың?!

Ғашықтық келсе жеңер бойыңды алып, 

Жүдетер безгек ауру сықылданып. 

Тұла бой тоңар, суыр үміт үзсе, 

Дәмеленсе өртенер күйіп-жанып

Администратор 2019-10-23

Туған жерге оралу

Әкем сенің төсіңде атын тұңғыш ерттеген,
Анам сенің төсіңде тамыр жайып көктеген.
Мен де сенен ең алғаш таптым арман өрісін,
Сенен ұлы ешкім де болмақ емес мен үшін.

Қайырмасы:
Қарлығаш қалмайды ұяда,
Шарықтап кетсек те қияға
Туған жер, өзіңсің ең үлкен анамыз.
Біз сенің алдында
Мәңгіге бала боп қаламыз.

Көктем сайын қырқанды гүл жабады жаңадан,
Мен көз жұмған шақта да сен, туған жер, бол аман.
Саған деген ерекше сағынышы жоқ адам -
Заман үшін, ел үшін қауіпті адам, ол адам.

Төктің маған аямай жүрегіңнің ыстығын,
Жалын болып лаулады өзің жаққан ұшқының.
Сен жасай бер жаңарып, тіренішім - ұстыным,
Саған арқа сүйеген кезде ғана күштімін.

Администратор 2019-10-23

Ғашықтың тілі — тілсіз -тіл

Ғашықтың тілі — тілсіз -тіл,

Көзбен көр де, ішпен біл.

Сүйісер жастар қате етпес,

Мейлің илан, мейлің күл.

Ол тілге едік ондайлы,

Қарыпсыз біліп сондайды,

Біліп-ақ, ұғып қоюшы ек,

Енді ішіме қонбайды.

Администратор 2019-10-23

Шекарасыз жомарттық немесе Қалекеш Қарақұловты іздеу

Өмір деген ұлы өзенде ғарышқа атқан толқындарын,
Бәрі де есте, алқынғаның, бақыт іздеп шарқ ұрғаның.
Ашық-адал мінезіңді ту ғып ұстап жарқылдадың,
Бірақ неге қайығыңды құзға соғып алдың, жаным?
Кей адамның рухынан бақыт кейін қап жүреді,
Жігіт едің аузын ашса, көрінетін ақ жүрегі.
"Дарындыдан қарынды озсын!" дейді күліп заман арсыз,
Нақ осы ұран тұрған кезде қалай түлеп, ағарарсыз,
Қарын күшін мойындамас жұртты қайдан таба аларсыз?
Таба алсаңыз, мұның ерлік екендігін бағаларсыз.
Сатылғанның барлығы - күл, сатылсаңыз - жоғаласыз.
Ал, сен соны тым ерте ұққан жомарт болдың шекарасыз.
Күнде үйіне қонақтарды топ-тобымен алып келіп,
Таң атқанша лаулап-жанып, әрқайсысын танып, көріп,
Және оларды әнге, жырға, ой-толғауға салып көріп,
Отырушы ең, қымбаттым-ау, жүрегіңнен жарық беріп.
Дархан, аңғал болмысыңа пенде көздер таң қалатын,
Кез келгеннен пәктік іздеу саған ғана тән болатын.
Сен бір бөлек ғұмыр едің, сөзі — сенім, ісі — бекем,
Бәлкім ақын болғандығым сендей достың күші ме екен?
Мен қайда ұшсам, қанатымнан, демеп жүрген сені көрем,
Шашым ойша таралады Ақтөбенің желіменен,
Сосын Естай әуенімен, ару Қорлан лебіменен,
Мен қайда ұшсам, қанатымнан, демеп жүрген сені көрем.
Әлі талай биіктерге бірге шырқап, асқақтаймыз,
Дос сезімді өлім жеңбес. Сондықтан біз қоштаспаймыз!

Администратор 2019-10-23

Қажымас дос халықта жоқ

Қажымас дос халықта жоқ,

Айнымас серт қайда бар? 

Алда көрген артта жоқ, 

Мысқыл, өсек, айла бар.

Жақсылығың күнде ұмыт, 

Бір жаңылсаң, болды кек. 

Пайдасынан бой суыт, 

Өзі тимей жүрсе тек.

Пайда, мақтан өзінен 

Артыла ма ант ұрып? 

Жарыса өсек сөзінен, 

Айта берсін шарқ ұрып.

Кімге достық көп еттім, 

Түбі болды бір кейіс. 

Жақсы өмірім әуре өттің, 

Жар таба алмай бір тегіс.

Жау қожаңдап бұртайып, 

Дос құбылып, әуре етер. 

Кімі тентек, кімде айып, 

Тексере алмай өмір өтер.

Администратор 2019-10-23

Рух пен тіл

Табиғаттың өзгермейтін заңына бұр бетіңді,
Қай кезде де туған тілің туған анаң секілді.
Бабалардың арманы бар мына қызыл гүлдерде,
Олар елін, тілін қорғап жанын қиған бұл жерде.
Қайырмасы: 
Ұлтсыздану заманында,
Тілің нарық табанында,
Көнбістік бар қадамыңда,
Рухыңды басып кетті қарын.
Тіліңді жоғалтсаң,
Діліңді жоғалтсаң 2 рет
Жоғалтасың ² бәрін.
Адам қанша болғанымен дарынды әрі табанды,
Туған жерін сүймей тұрып сүймек емес ғаламды.
Өзге ананың мазмұнына, мерейіне тор құрар,
Алдыменен өз анасын сүйе алмаған сорлылар.
Нарық-ғасыр бәрін сатып жібере ме алтынға,
Кім қалады сол алтынға сатылмайтын қалпында?
Жалғандық бар ұлтсыздардың беделі мен даңқында,
Ана тілін сыйламаған сыйламайды халқын да.

Администратор 2019-10-23

Қайғы шығар ілімнен

Ќайғы шығар ілімнен,

Ыза шығар білімнен.

Ќайғы мен ыза ќысќан соң,

Зар шығады тілімнен.

Ќайтып ќызыќ көремін,

Әуре-сарсаң күнімнен?

Ќайрылып ќарап байќасам,

Ат шаба алмас мінімнен.

Ќайғылы ќартаң біздей шал,

Ќарай берсең, ќайда жоќ?

Есер, есірік болмасаң,

Тіршіліктен пайда жоќ.

Аќыл бітпес дәулетке,

Дәулет бітпес келбетке,

Болымсыз ќулыќ тойымсыз,

Болды балаң жөргекте.

Ішімен жау боп, сыртымен

Кім тояр ќылған ќұрметке?

Кеңшілікте туған жоќ

Шыќсын деген жел бетке.

Тарлыќта ќанша тайпалса,

Ќадірі болмас, әлбетте. 

Сыйласа елің ұлыќтап,

Араласаќ ќызыќтап,

Ќызыќ пенен тыныштыќќа,

Ќазаќ тұрмас тұрыќтап.

Ќаңќылдап біреу ән салса,

Біріне бірі жуыќтап,

Тебінісіп ќамалар,

Тоќтатып болмас сырыќтап.

Түзу бол деген кісіге

Түзу келмес ырыќтап.

Сырдаң тартып ќашады,

Ұстайсың ќайтіп ќұрыќтап?

Ел жайын біліп ќансаңыз,

Айтайын ќұлаќ салсаңыз:

Кейбіреуі дүрсіп жүр,

Жер тәңірісіп кер мағыз.

Кейбіреуі — законшік,

Оңдырмассып берсе арыз.

Кейбірі пірге ќол берген,

Іші залым, сырты абыз.

Кейбірі ќажыға барып жүр,

Болмаса да ќаж парыз.

Мұсылмандыќ ол ойлап.

Өтеген ќашан ол ќарыз?

Дәулеті жоќ бурыл шаш,

Үйіңе кет, топтан ќаш!..

Ағайынның ішінен

Шыға ќалса тай-талас,

Партия жиып, мал сойса,

Бата оќисың, жейсің бас.

Басалќа сөз сенде жоќ,

Айтќан сөзің “малың шаш”.

Итше індет тілемей,

Жат үйіңде, өлсең де аш!

Ойлап-ойлап ќарасам,

Осындай шал ќайда жоќ.

Ќозғау салып ќоздырғыш,

Кезбе шалдан пайда жоќ.

Администратор 2019-10-23

Жұбайлар бар әңгімесі таусылған

Тағдырыңды қатыгез де, сараң де,
Сен сүйгенмен, ол сүймесе - шараң не?
Махаббат ол — қос жүректің әні ғой,
Өзіне сай дауыс керек әр әнге.
Сүйіктім-ау,
Сәнсіз өмір мәнді ме?
Мәнсіз адам шырқай алмас әнді де.
Бәсеңдетпе,
Қарлықтырма дауысыңды,
Бақытсыз боп қалмау үшін мәңгіге.
Сүйіктім-ау,
Әнсіз өмір мәнді ме?
Ән түзелсе, түзейміз ғой сәнді де.
Жұбайлар бар әңгімесі таусылған,
Ал махаббат — таусылмайтын әңгіме

Администратор 2019-10-23

Қалың елім, қазағым, қайран жұртым

Қалың елім, қазағым, қайран жұртым,  

Ұстарасыз аузыңа түсті мұртың. 

Жақсы менен жаманды айырмадың, 

Бірі қан, бірі май боп енді екі ұртың. 

Бет бергенде шырайың сондай жақсы, 

Қайдан ғана бұзылды сартша сыртың? 

Ұқпайсың өз сөзіңнен басқа сөзді,  

Аузымен орақ орған өңкей қыртың. 

Өзімдікі дей алмай өз малыңды, 

Күндіз күлкің бұзылды, түнде ұйқың. 

Көрсе қызар келеді байлауы жоқ, 

Бір күн тыртың етеді, бір күн — жыртың. 

Бас-басына би болған өңкей қиқым,  

Мінеки, бұзған жоқ па елдің сиқын? 

Өздеріңді түзелер дей алмаймын, 

Өз қолыңнан кетпесе, енді өз ырқың.

Ағайын жоқ нәрседен етер бұртың, 

Оның да алған жоқ па құдай құлқын? 

Бірлік жоқ, береке жоқ, шын пейіл жоқ, 

Сапырылды байлығың, баққан жылқың. 

Баста ми, қолда малға талас қылған,

Күш сынасқан күндестік бұзды-ау шырқың. 

Оңалмай бойда жүрсе осы қыртың,

Әр жерде-ақ жазылмай ма, жаным, тырқың.

Қай жеріңнен көңілге қуат қылдық,

Қыр артылмас болған соң, мінсе қырқың?

Тиянақсыз, байлаусыз байғұс қылпың,

Не түсер құр күлкіден жыртың-жыртың,

Ұғындырар кісіге кез келгенде,

Пыш-пыш демей қала ма ол да астыртын?

Администратор 2019-10-23

Ұшақ үстіндегі ой

Шаңқай түсте,
Яки нұрлы ақ таңда,
Нән ұшақпен самғап бара жатқанда,
Көз салсаңыз төменге:
Біртегіс боп көрінеді жыралар,
Тереңінде жыланы бар ұралар,
Байқалмайды әжім-әжім қыраттар,
Қырат көзін жарып шыққан бұлақтар.
Бұққан сансыз құпиялы ойларға,
Біртегіс боп көрінеді сайлар да.
Біртегіс боп көрінеді
Қыр мұрынды қырқалар ала бөтен,
Сәулет беріп жатқандай далаға кең.
Сөйтсем, мына қашықтық қанша сырды
Сырт көздерден бүркелеп қалады екен.
Мен де сенен көп мезгіл қашық жүріп,
Назарымды жан-жаққа шашып жүріп,
Байқамаппын жаныңның жыраларын,
Жылан бұққан зымыстан ұраларын.
О, тағдырым, Тірек бол тілегіме,
Сабырлы ойдың қашырма сұрқын тіптен,
Қас пен достың қажырлы жүрегіне
Тек жақыннан қарауға мүмкіндік бер!
Ал егер мен жақыннан қателессем,
Жақын келген бақытқа қуанбасам,
Жақын тұрған биікке шыға алмасам,
Жақын жүріп жауымды танымасам,
Жақын жүріп досымды ұға алмасам,
Өз қайғыммен өзімді жазалағын,
Онда менің өзіме - өз обалым!

Администратор 2019-10-23

Қансонарда бүркітші шығады аңға

Қансонарда бүркітші шығады аңға, 

Тастан түлкі табылар аңдығанға

Жақсы ат пен тату жолдас — бір ғанибет

Ыңғайлы ықшам киім аңшы адамға.

Қанат, құйрық суылдап, ысқырады,

Салаң, етіп жолықса қайтқан ізі,

Сағадан сымпың қағып із шалғанда.

Бүркітші тау басында, қағушы ойда,

Іздің бетін түзетіп андағанда.

Томағасын тартқанда бір қырымнан,  

Қыран құс көзі көріп самғағанда.

Төмен ұшсам түлкі өрлеп құтылар деп,

Қанды көз қайқаң қағып шықса аспанға,  

Көре тұра қалады қашқан түлкі,  

Құтылмасын білген соң, құр қашқанға. 

Аузын ашып, қоқақтап, тісін қайрап, 

Ол да талас қылады шыбын жанға. 

Қызық көрер, көңілді болса аңшылар,

Шабар жерін қарамас жығылғанға. 

Қырық пышақпен қыржыңдап тұрған түлкі, 

О дағы — осал жау емес қыран паңға. 

Сегіз найза қолында, көз аудармай,  

Батыр да аял қылмайды ертең таңға.

Көктен қыран сорғалап құйылғанда.

Жарқ-жұрқ етіп, екеуі айқасады,

Жеке батыр шыққандай қан майданға.

Біреуі — көк, біреуі — жер тағысы,

Адам үшін батысып қызыл қанға.

Қар — аппақ, бүркіт — қара,түлкі-қызыл,

Ұқсайды қаса сұлу шомылғанға.

Қара шашын көтеріп екі шынтақ,

Ол да бүлк-бүлк етпей ме сипанғанда?

Аппақ ет, қып-қызыл бет, жап-жалаңаш,

Қара шаш қызыл түзді жасырғанда.

Күйеуі ер, қалыңдығы сұлу болып,

Бейне ұқсар тар төсекте жолғасқанға.

Арт жағынан жаурыны бүлкілдейді,

Қыран бүктеп астына дәл басқанда.

Құсы да, иесі де қоразданар,

Алпыс екі айлалы түлкі алғанда.

“Үйірімен үш тоғыз” деп жымыңдап,

Жасы үлкендер жанына байланғанда.

Сілке киіп тымақты, насыбайды

Бір атасың көңілің жайланғанда.

Таудан жиде тергендей ала берсе,

Бір жасайсың құмарың әр қанғанда.

Көкіректе жамандық еш ниет жоқ,

Аң болады кеңесің құс салғанда.

Ешкімге зияны жоқ, өзім көрген

Бір қызық ісім екен сұм жалғанда.

Көкірегі сезімді, көңілі ойлыға

Бәрі де анық тұрмай ма ойлағанда?

Ұқпассың,үстірт қарап бұлғақтасаң, 

Суретін көре алмассың, көп бақпасаң. 

Көлеңкесі түседі көкейіңе, 

Әр сөзін бір ойланып, салмақтасаң. 

Мұны оқыса, жігіттер, аңшы оқысын, 

Біле алмассың құс салып дәм татпасаң.

Администратор 2019-10-23

Сұр құлын

Жазды күні сұр құлын
Сұлу еді сүліктей.
Құрық көрсе, құлдырап,
Жатушы еді еліктей.
Алдауға түсіп ұсталып,
Тұрғанда құлын байланып,
Жүруші еді Әлжан жанында
Сылап, сипап, айналып.
Қыс түсті, аяз, үскірік,
Көк мұздай бұлтсыз аспаны.
Отарда жатқан жылқыдан
Арық та келе бастады.
Топырлаған арықпен
Сұр да келді тыртиып.
Құлыншағын көргелі
Шыға келді Әлжан құнтиып.
Сұр құлын жоқ алдында -
Жалбыраған жабағы.
Томпиды аузы Әлжанның,
Салбырады қабағы.

М.Жұмабаев

Администратор 2019-10-23

Әйелдер

Не толқытса соның мұңын тартасың... 
Аурухана ауласында сытырлатып картасын 
Жанарында әзіл ойнап жарасты 
Маған бір қыз бал ашты: 
- Науқастан ба ерініңіз кезерген, 
Жазыласыз, 
Налымаңыз бекер сіз. 
Әйтсе де әйел қауымына ежелден 
Немқұрайды қарамайды екенсіз. 
Сүюді Сіз ерлік деп те айтасыз, 
Онсыз ақын боларсыз ба ой өрген. 
Дегенмен Сіз абайлаңыз, байқаңыз, 
Бағыңыз да, сорыңыз да әйелден. 
- Бәрекелде, 
Өркен жайсын талабың, 
Сәуегейі сен боп жүрме қаланың. 
Бұл бетіңмен ңыгандарды жүмыссыз 
Қалдырарсың, қарағым, - 
Дедім күліп. Бірақ қыздың байсалды 
Әзіл сөзі маған біраз ой салды. 
Дүниеге қан тамырдай тарайтын 
Жер бетінде әйел жайлы ертек көп. 
Әйелдерге немқұрайды қарайтын, 
Еркекті мен санамаймын еркек деп. 
Қай кезде де сұлулықтың жолы - мұз. 
Әйел біздің әзиз байлық қорымыз. 
Әйел біздің тағдырымыз, 
Тағдырымыз болған соң 
Белгілі ғой, бағымыз не сорымыз. 
Хас сүлулық әлсіздердің қызғанышын маздатқан, 
Ал қызғаныш күрды деп кім айта алады аз қақпан. 
Бір әйелге бола кейде ел менен ел жауласып, 
Жер жастанған боздақтар. 
Оған куә анау төбе томпиған 
Анау шындар құлақтары қалқиған. 
Сан ұрпаққа тұлға болған ақындар 
Бір әйелдің намысы үшін жан қиған. 
Мағынасыз жылтырақты сақтамайды ел еске. 
Жалын болып жылу болмау, 
Әйел болып сүлу болмау 
Табиғатты алдаумен тең емес пе? 
Гүлзар әйел қауымына сұлулықсыз бақ қайда, 
Шын сұлулық тереңдікте жатпай ма? 
Қайырлатқан кемесін талай ердің 
Саяз көлғе шашылмағай шұғылаң. 
Тереңдігі жоқ әйелдің 
Қорқу керек сыртқы сұлулығынан. 
Әйел - еркек намысының қорғаны. 
Нағыз сүлу әйел табу - 
Бүкіл еркек атаулының арманы. - 
Нағыз сүлу әйел үшін қажет кезде жан қию, 
Бұл - жігіттік кодекстің жазылмаған тармағы. 
Бірақ, бірақ талайлардың бақыты алыс, сорынан, 
Бұл кез келген бөріктінің келе бермес қолынан. 
Ерлік семсе азаматтық семеді. 
Үлкен ерлік үлкен күшке келеді. 
Маған ғашық бір әйел бар. 
Ол әйел 
Менде сондай күш барына сенеді!

Администратор 2019-10-23

Желтоқсан тағлымы

Желтоқсанда шындық жырын шырқаймын деп шарқ ұрдың,
Желтоқсанда егеменді ел болсақ деп талпындың.
Кеудеңде әлі сызы жатыр сол кездегі салқынның,
Айналайын, жас қайратым, жас өркені халқымның!
Қайырмасы: 
Арманыңның атын,
Жігеріңнің отын
Өшіре алмас асау желі уақыттың.
Егер кім қанша
Уайымсыз болса,
Нақ сол адам құнын білмес бақыттың.
Темір қолдар қуатты еді алқымыңды қаусырған,
Намысыңды жықпай өттің нәубет, дүлей маусымнан.
Жалғыз қалған шақтарымда жігер алдым бойыма
Түрме торын жарып шыққан сенің қайсар даусыңнан.
Өсер елдің қай сәтте де бірлік болмақ қалауы,
Лаула, лаула, желтоқсанның мұзға жаққан алауы.
Өздеріңдей өр намысты жас өркені бар елдің
Ешқашанда еңкеюге тиісті емес жалауы!

Администратор 2019-10-23

Мұхтар Шаханов (Ғұмыр)

Ғұмыр келте деп налисың, досым-ау.
Бұдан миллион ғасыр бұрын,
Жер ғарышқа тең шашып жасыл нұрын.
Мимырт, шабан тіршіліктің құшағында күліпті.
Ал адамдар үш мың жылға дейін өмір сүріпті.
Сан балапан ғасырларды алақанда сөйлеткен,
Ұзақ ғұмыр,
Ұзақ ғұмыр ой неткен!
Жасы қашан жеті жүзге жеткенше
Уыз сәби саналыпты бой жеткен.
Ара-тұра бой қылтитқан Күдікке
Бір жайсаң сөз айта алмапты Үміт те.
Жеті жүзге жасы жетпей, (заң солай),
Үйленуге рұқсат жоқ жігітке.
Бірақ бірде болды оқиға сұрапыл...
Қыз бен жігіт бір өлкеде тұратын,
Қосып арман-тілегін
Қосып мұңын, мұратын,
Тіл бітірер сезімменен тасқа да,
Тек сезімді етіп іңкәр астана,
Жасы жүзге жетпей жатып,
Бір-біріне ғашық бопты, масқара!
Күннен күнге лаулай түскен құштары,
Бұл не пәле салт-санадан тысқары?!
Тумай жатып қағынғаны қалай деп,
Жұрт жағасын ұстады.
Ал жігіттің әкесі айтты:
- Қу, балам,
Ит боп шықтың жақсы атаққа тумаған.
Дәтің барып қалай дәстүр бұзбақсың,
Жұрттан қайда қашпақсың сен шулаған?
Жетер қайғы сыйладың сен өлгенше,
Өлген жақсы бұл қорлықты көргенше.
Ақылға кел,
Үйленбестен қоя тұр,
Тым болмаса, алты жүзге келгенше.
Ел тағлымын аяқ асты төсенбе,
Той аз болмас әлі сенің көшеңде,
Бес жүз жыл күт.
Сонан кейін рұқсат,
Он бес қызды қабат алам десең де!
Жігіт өкси мұңын шақты:
- Болмайды,
Бұл пәлсапаң ақылыма қонбайды.
Тасқа ұрсаң да мендік бейбақ маңдайды,
Әнім ән боп самғайды.
Кәрі емендей қасарыса бергенше,
Қайран әке, ұғынсаңшы, мән-жайды.
Тұйықталса перзентіңнің арманы,
Сені ілер қайғы-мұңның қармағы.
Одан қайта қол ұшын бер, құда түс,
Қыз үйіне бар-дағы.
Бірақ әке секілденіп тас қамал,
Үндемеді.
Таусылды енді басқа амал.
Жаңалыққа көз аз болмас оқталар,
Бой көрсетті тұсаулар мен ноқталар.
Қорғау, қолдау көрмеген соң ешкімнен,
Қол ұстасып тауға қашып кетті олар.
Бұл оқиға шартарапқа жайылды.
Діңге берік қатал қолдар байырғы
Қос ғашық іздеп тауып алды да,
Бір-бірінен айырды.
Енді лезде байтақ аспан тар болып.
Көңіліне ызғар толып, қар қонып,
Күні-түні еңіреді екеуі,
Қас қағым сәт көрісуге зар болып.
Екі ғашық алып ұшып жүрегі
Тағыдырынан былай тілек тіледі:
- "Төсте той тарқамаған,
О, Жер-анам, дарқан анам,
Ұл керек пен саған мықты?
Өзгерт онда шабандықты.
Сен үшін бұл қиын іс пе соншалық?
Шабандықта қырсық жатыр қаншалық.
Біздер ұзақ, мағынасыз ғұмырдың
Іш пыстырар мінезінен шаршадық.
Қайтіп тірлік кешеді жұрт самғамай,
Арындамай,
Ағындамай,
Таңдамай.
Махаббатсыз өткен күннің бәрі ізсіз,
Суға жазған таңбадай.
Жүрсек мейлі, қай белесте,
Дөңесте,
Сағынышпен атқан таңның бәрі есте.
Мағынасыз үш мың жылдан
Мағынамен,
Мәнмен өткен,
Махаббатпен,
Әнмен өткен,
Үш жыл артық емес пе?
Егер оны көп десең,
Айналайын алып тұлға,
Құдіретті, жұмыр жер,
Ғашығыма жолықтыр да,
Үш-ақ күндік ғұмыр бер!
Сезінбестей ет кессе де етімнен,
Лапылдайын інжулі іңкәр отыммен
Тек үш-ақ күн,
Тек үш-ақ күн бере ғой,
Сонан кейін басымды алсаң, өкінбен".
Қайсар ғалам жібітіп тас көңілін,
Қос ғашықтың қайтпасын деп меселі.
Жер бетінде адамдардың өмірін,
Отыз есе қысқартыпты деседі...
...Ал сен ғұмыр келте дейсің!..

Администратор 2019-10-23

Мағжан Жұмабаев (Сең)

Сары аяз - сүйген жар
Қайрылмай кеткен соң,
Қайратсыз қалың қар
Жылаумен біткен соң.
Жел сипап, Күн күліп,
Мазақ қып сүйген соң
Боларын бір сұмдық
Ішінен түйген соң
Қалың мұз кәрленіп,
Қара көк түс алды.
Еруге арланып,
Кетпекке ойланды.
Бұзыла-жарыла,
Антұрған аптықты.
Өзеннің жарына
Асығып соқтықты.
Барында шамасы,
Суыққа қашпақшы.
Мұз теңіз - анасы
Құшағын ашпақшы.
Өткен соң жаз алты ай,
Ашуын жимақшы.
Өзенді еркетай
Ойыннан тыймақшы.
Қалың мұз қара көк,
Ойлама құр бекер
Суыққа жетем деп,
Ыстық күн ерітер.

Администратор 2019-10-23