Сабақ жоспарлары

Тарысы бар аймақтың

Даттайды екен бір кінәңді ел білсе,
Бірақ ол да келген қайғы уақытсыз.
Қызғанышы ізгілігін сөндірсе –
Нақ сол адам бақытсыз.
Көздер барда қадалатын тамсана
Шын сұлулық қалмақ емес назарсыз.
Қажырсыз ба, қанша сұлу болса да,
Нақ сол адам ажарсыз.
Жабырқама,
Беліңді жаз бүгілген.
Еңкеймесін ер жігіттің атағы,
Ол солай ғой,
Түймедей бір мініңнен
Бәз біреулер түйе жасап жатады.
Мойыма дос.
Неге әлсіздік байқаттың,
Тарылмасын көңіліңнің қойнауы.
Ойлашы өзің,
Тарысы бар аймақтың
Мүмкін бе екен торғайлары болмауы?

Администратор 2019-10-23

Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін

Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін,  

Жоқ-барды, ертегіні термек үшін. 

Көкірегі сезімді, тілі орамды 

Жаздым үлгі жастарға бермек үшін.

Бұл сөзді тасыр ұқпас, талапты ұғар, 

Көңлінің көзі ашық, сергегі үшін.

Түзу кел, қисық-қыңыр, қырын келмей, 

Сыртын танып іс бітпес, сырын көрмей. 

Шу дегенде құлағың тосаңсыйды, 

Өскен соң мұндай сөзді бұрын көрмей. 

Таң қаламын алдыңғы айтқанды ұқпай, 

Және айта бер дейді жұрт тыным бермей

Сөз айттым “әзрет Әлі, айдаћар”сыз, 

Мұнда жоқ “алтын иек, сары-ала қыз”. 

Кәрілікті жамандап, өлім тілеп, 

Болсын деген жерім жоқ жігіт арсыз. 

Әсіре қызыл емес деп, жиренбеңіз,

Түбі терең, сөз артық, бір байқарсыз.  

Батырдан барымташы туар даңғой, 

Қызшыл да, қызықшыл да әуре жан ғой. 

Арсыз, малсыз, ақылсыз, шаруасыз,

Елірмелі маскүнем байқалған ғой. 

Бес-алты мисыз бәңгі күлсе мәз боп, 

Қиналмай, қызыл тілім, кел тілді ал,қой!

Өлеңі бар өнерлі інім, сізге 

Жалынамын, мұндай сөз айтпа бізге. 

Өзге түгіл өзіңе пайдасы жоқ, 

Есіл өнер қор болып кетер түзге, 

Сәнқой, даңғой, ойнасшы, керім-кербез 

Қанша қызық болады өзіңізге?


Администратор 2019-10-23

Алтын, күміс және қалайы

Пәстеу соғып сырт көркі мазмұнынан,
Бекер болды-ау, мезгілсіз тозды бір ән.
Мыстан құйдық тұлғасын ұлылардың,
Жер бетінде алтынның аздығынан.
Міне, тағы құлашын жазды бір ән,
Көркі осалдық етпегей мазмұнынан.
Сорпа ішеміз қалайы қасықпенен,
Жер бетінде күмістің аздығынан.
Жасық жайлы жасампаз ойға қалып,
Жарар еді кетпесек майдаланып.
Сары шымшық сан рет той бастады,
Бұлбұлдардың аздығын пайдаланып.
Қалайы өтсе күмістің есімімен,
Үйреніппіз қарауға кешіріммен.
Соның бәрі асылдың аздығынан,
Азға зорлық жасаудың кесірінен.

Администратор 2019-10-23

Айбергенов шыңы

Бәйшешектің ғұмырындай тағдыр кешкен мәрт батыр,
Өлеңінде ешбір ғасыр өшіре алмас өрт жатыр,
Намысыңды дәуіріңе еткізбедің қақпақыл.
Міне содан, ұлтымызды рухсыздан күзетіп,
Сенің,жырың шекарада әлі күнге сапта тұр.
Пайымдаймын, мойындаймын,сен данасың, мен -бала,
Ұлтыңа кім жақын, алыс, айқындайтын ел ғана.
Он том өлең жазғандарды кетті ұмытып кең дала.
Бірақ шағын он өлеңмен он миллион қазақты
Толғандырған, таң қалдырған Махамбет пен Сен ғана.
Адамдықсыз ақындық жоқ, тырмыссаң да жан сала,
Жомарттықсыз тағы алысқа шабамын деп шаршама,
Батырлығың қанша болса ақындығың соншама.
Тіпті өзіңді сыйдырмаған данқтың тар төріне
Мені бірге ап шыққың кеп арпалыстың қаншама.
Заманының ыңғайына жүрмей кеткен, іңкәрім,
Саһ өнерде қызғанышты білмей еткен, іңкәрім,
Иығына бүтін бешпет ілмей кеткен, іңкәрім!
Жер астынан сәлем жолдап жатырсың сен күн сайын,
Қазағымның маңдайына сыймай кеткен, сұңқарым.
Не жақсылық болса алдымен елге болсын дегенсің,
Сондықтан да сенің даңқын, сенің салтың көгерсін.
Сайын далаң жырыңды еске ап күлкісін сәл шегерсін.
Әр жүректе бұлтқа оранған қасиетті бір шын бар,
Ол — ақындық мәрттік шыңы, Айбергенов деген шын...
Ұлт рухы қай кезде де қанаттыға астана,
Айбергенов шынын көрсең, атыңнан түс, жас бала!

Администратор 2019-10-23

Менсінбеуші ем наданды

Менсінбеуші ем наданды,

Аќылсыз деп ќор тұтып,

Түзетпек едім заманды,

Өзімді тым-аќ зор тұтып.

Таппадым көмек өзіме,

Көп наданмен алысып.

Көнбеді ешкім сөзіме,

Әдетіне ќарысып.

Жан шошырлыќ түріне

Бәрі бірдей еліріп.

Ұстай алмадым бірін де,

Кекиді кейін шегініп.

Әринемен ел кетті,

Ќоќиланды маќтанды.

Ќуат бітті, күн өтті,

Жарылќа, ќұдай, жатќанды.

Мен-ќажыған арыќпын.

Ќатын, бала ќонағы.

Сендерге де ќаныќпын,

Жұртың анау баяғы.

Жарлы емеспін, зарлымын,

Оны да ойла толғанып.

Жұртым деуге арлымын,

Өзге жұрттан ұялып.

Барымта мен партия —

Бәрі мастыќ, жұрт ќұмар.

Сыпыра елірме, сұрќия,

Көп пияншік нені ұғар? 

Татулыќты, тыныштыќты,

Ќоңыр көрер, кем көрер.

Ұрлыќ пенен ќулыќты

Ќызыќ көрер, өңі енер.

Мұндай елден бойың тарт,

Мен ќажыдым, сен ќажы!

Айтып-айтпай өтті ќарт,

Көнбеді жұрт, не ылажы?

Администратор 2019-10-23

Ғайша

Ғайша жеңгей сүйген жарын аттандырды майданға...
Сенген жүрек серттен оңай тайған ба?
Соғыс бiттi.
Ал күйеуi келмедi.
Үш жыл күттi.
Бес жыл күттi...
Өлдi деген суық сөзге сенбедi.
Тұманға орап тiлектi,
Тағы төрт-бес жыл өттi.
Тәттi apмaнын көңiлiне тоқ санап,
Күте бердi сағат санап, сәт санап.
Кейде аусар тағдырына нала боп,
Көкiрегiнде маздап, ұйтқып жанады от.
Тым құрыса,
Тым құрыса, құдай-ай,
Алданыш қып отыратын бала жоқ.
Артса да үмiт бip күннен соң бip күнге,
Жалғыз жанға жараспайды күлкiң де.
Болмады ғой.
Болмаған соң ақыры
Көршi қартқа ерге шықты бip түнде.
Сол түн тыныш ұйықтады,
Жаңа үмiтiн жағып бip,
Keyдeciне қанағаттан тағып гүл...
Ал таңертең арман болған күйеуi
Tepeзeнi қағып тұр.
Ғайша сорлы күйiп кеттi бұл қорлықты көргенде,
Тастай қатып қалды тiлсiз, естен тана үдерiп,
Сонан кейiн шашын жайып жiберiп,
Күйеуiнiң аяғына құлады.
Құлап жатып ағыл-тегiл жылады,
Жылап жатып зарлады,
Өзiн-өзi жерге соғып, қарғады.
...Махаббаттың құм секiлдi мiнезi жоқ сырғыма,
Жүргенiмен көп опық жеп алданып...
Ғайша кенет орнынан сүйретiлiп тұрды да,
Бip ғана ойға табан тipeп түбiрлi,
Ту еңiсте тасып жатқан долданып,
Асау Ақсу өзенiне жан ұшыра жүгiрдi...
Бағаласаң - махаббатты бағала,
Бағаласаң - махаббатты бағала...
Сәлден кейiн сорлының
Орамалы ғана жатты жағада.

Администратор 2019-10-23

Мен сәлем жазамын

Мен сәлем жазамын,

Қарағым, қалқама.

Қайғыңнан азамын,

Барушы айта ма?

Күн бойы күтемін

Келер деп хабарың,

Қайғырмай не етемін,

Бізде жоқ, назарың.

Көңілге жұбаныш,

Сен едің базарым.

Сенсіз жоқ қуаныш.

Тозды енді ажарым.

Администратор 2019-10-23

Еркектерге көзқарас немесе әйелге сирек жолығатын бақ

Отырарда бір қадірлі қарияның қанатты 
Тұлпар тектес аты бопты сүйсінткен бар алапты. 
Мінезі сәл жайсыз екен шодыр бала іспетті, - 
Шаршап-талып шөлдесе де арықтан су ішпепті. 
Жек көргені жақын келсе, тарпып, теуіп тістепті, 
Содан аяқ шідерленіп, бастан жүген түспепті. 
Бозбалалар сымбатына көз тастайтын табына, 
Қарияның ай дидарлы қызы бопты тағы да. 
Сол жас ару, әкесіне былай депті бір күні: 
- Әке, сенің дарқандығың шақырады күлкіні, 
Қиқар, тентек мына атыңды мәпелеуді қоймайсың, 
Айырбастап, 
сатып, 
сойып, неге көзін жоймайсың? 
- Рас, қызым, сөзіңнің жоқ қатесі, 
Аттың қиқар мінезі бар, - деп күрсінді әкесі, - 
Тек бұл бейбақ - ат біткеннің зерегі, 
Түскен кезде бәйгелерге, жарысқа, 
Жаралғандай шабу үшін алысқа 
Арын салып, 
күшін, терін төгеді, 
Бірақ сөзсіз бірінші боп келеді. 
Әйгілеген елге күшін, 
Сол ғаламат еңбегі үшін, 
Қиқарлығын кешіруге болмай ма?! 
Кешірмесек, бетте таңба қалмай ма?! 
Аз ба елде тұлпарды асқан бағы бар, 
Жуас, 
көнбіс, 
моп-момақан жабылар?! 
Қасиетін сезбесе де, тәлім алар, табынар, 
Жуасты әркез мақтайтын жұрт табылар. 
Бәлкім, тұлпар сол үшін де ызалы, 
Ызалыны бағалауға шабандаумыз біз әлі. 
Нағыз еркек тұлпарға ұқсас, айнам-ау, 
Саған қылмыс ол жайында ойламау. 
Толғағы кем талғамыңа бар таңым, 
Басыңа бақ қонбай ма деп қорқамын... 
Дұрыс шығып әкесінің есебі, 
Қыздың жолы болмай қапты деседі. 
Ойлан, жуас жан іздеген, жар іздеген, жас талап, 
Өмір сенің күткеніңнен әлдеқайда басқарақ, 
Еркек сұлу көрінбей ме еркімен, 
Еркіндіктің нұры ойнаған көркімен. 
Жалғандыққа күрес ашқан ісімен, 
Сүйгеніне берген қайсар сертімен 
Және соны қорғай білген күшімен. 
Ойлы әлемнің әйелдерсіз күні бар ма көктеген, 
Әйтсе де мен әйелге ұқсас еркектерді жек көрем!

Еркектерге еліктеген әйелдің де аз табары, 
Иә, әр жыныс өз мінезін сақтауымен бағалы. 
Жігіт жігіт санала ма бұғып жүрсе тасаңда, 
Өз пікірі жоқ еркектен қорқу керек қашанда! 
Қанаттыны кері тартып, табандап, 
Ұшар кезде ұша алмайтын шабандап, 
Өз пікірі жоқ еркектер ел басқарса, не болмақ?! 
Тоқтамайды еркектер мен телпектердің жарысы, 
Ойлан, қалқам, еркекті еркек етіп келген - намысы. 
Мықты кім бар намыс атты батырдан, 
Бір сөз үшін қаншама еркек тіршіліктен жан кешті. 
Бір сөз үшін жекпе-жекке шақырған 
Қайсар Пушкин Дантесті. 
Ар-намыстың құрбандығы 
Аз болмапты, қайраулы әлі әділеттің балтасы. 
Жердің аман тұрғандығы - 
Сол намысқой еркектердің арқасы. 
Әркез нұрлы үміт сеуіп алдымызда таң жатсын, 
Қайғы келсе жеңілмейтін, 
Бақыт келсе семірмейтін, 
Ер мінезін қадірлейтін 
Әйелдердің даңқы артсын! 
Ал, жас ару, тұрмайды ешкім жолыңда, 
Өз тағдырың дәл қазір өз қолыңда. 
Талғамыңды әйгілей ме талабың, 
Көкейіңді сезіп тұрмын, қарағым. 
Айтқаныңнан шықпайтын, 
Меселіңді жықпайтын, 
Саған момын, жұп-жуас еркек керек, 
Жо-жоқ, еркек емес-ау, телпек керек. 
Егер бүгін қайта туса ұлы Абай, 
Ол да саған қалар еді ұнамай. 
Бақаның да әніне сай бағы бар, 
Іздегенің жабы болса, табылар. 
Нағыз бақыт тұяғымен тұлпардың, 
Қиялымен сұңқардың 
Өлшенетін мына ұшқыр заманда 
Бірте-бірте құнсызданар бағаң да. 
Мен сенемін, шын еркектің алдында 
Қызаратын күн туады саған да... 
. . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . 
Тек ол күннің кеш келгені жаман да

Администратор 2019-10-23

Жанерке

Сонау-сонау Алматыдан алып-ұшып хат келді,
Хат келді де Бапа апайға бір қуаныш aп келді.
Секілденген жанарының ағы менен қарасы,
"Демалысқа барып қайтам", — деп жазыпты баласы.
Шүкір-шүкір, жалғыз ұлы қазір елге мақтаныш,
Ержетті де, арман қуып туған жерден кетті алыс.
Алыс кетсе, несі өкініш, көңіл көгі аршылар,
Көңіл көгі аршылар да намыс атын қамшылар.
Кәне, кімнің аузы бармақ жас жігіттің от кеуде
Туған жерге деген гүлзар махаббаты жоқ деуге.
Күннен-күнге дарынының ашылғандай бұлағы
Өлеңдері газеттерден күле қарап тұрады.
Ана соған мәз болғандай жанарына жас алып,
Жайлауына жаз қонғандай қалады бір жасарып.
Қызғалдақтай сымбатына көрген адам қызығар,
Қызылқұмнан көшіп келген көрші үйдің жас қызы бар.
Ер жігітке оңайлықпен ұстатпайтын мұраттай,
Сыңғыр-сыңғыр шат күлкісі таудан аққан бұлақтай,
Саттар жырын сақтайтұғын қиып ап ол газеттен,
Сонан кейін анаға кеп жатқа айтатын кезекпен.
Шіркін, ана, қондырғандай арманының таң құсын,
Жыр оқыған жәудір көзге жаудыратын алғысын.
"Қандай жайсаң әсем тұлға, қандай нәзік гүл көңіл,
Маған-дағы нақ осындай керек еді бір келін".
Деп өзінше игілікті ойға шомып ана бір
Қарсы отырған бойжеткенге қадайтұғын жанарын.
Ал бойжеткен сыр бермейтін мұндай қиын шақта да,
Үндемейтін,төмен қарап күлімдейтін тек қана.

II

Үш күн өтті
Саттар туған ошағына келгелі,
Үш күн бойы ескі досы кітап болды ермегі.
Сәл кідірсе, жастық шағы балақ түріп қашардай,
Терең тарих айдыныңа үңіледі бас алмай.
Ана байғұс көзбен бағып ұлының қас-қабағын,
Бәйек боп жүр: -
Жүзің солғын, жүдеусің ғой, қарағым
- Жай ғой, апа, мазаланба! - деп бір ауық тосылды,
Бойын ауыр сырқат меңдеп жүргендігін жасырды.
Кенет есік ашылды да, үйге бір жас қыз кірді,
Асау тайдай әлі ешкімге ұстатпаған тізгінді.
- Кел, Жанерке,
Кел, жарығым,
Қане, төрлет,
Тоқтама,
Өзіңді ойлап отыр едім... - деп қалбақтап жатты ана. -
Бұрын ылғи жырын мақтап шулатушы ең құлағын,
Енді өзімен танысып қой, ағаң - мынау, шырағым!
Танысты олар.
Сол таныстық сыйластыққа ұласты.
Апта өтпей-ақ қос кеудеден қимас сезім гүл ашты.
Атқан таң мен батқан күннің бәрі есінде тұра ма?
Бірақ бұл күн ұмытылмас, ұмытылмас, сірә да.
Саттар қызға жыр оқыды от ұшқындап көзінен,
Ертең сапар.
Анасын да ала кетпек өзімен.
Қоштасарда Жанерке де жанарына жас алды,
Бойын бірақ нық ұстады өрлігімен қашанғы.
Сосын жақын туысындай бауыр тартып
Саттарды,
Көңіліне ұя салған бір мақсатын ақтарды:
- Мектепті де бітірер кез таяу қалды, жан аға,
Жазға таман оқу іздеп барсам деймін қалаға.
- Тіпті ғажап! - деді
Саттар жанғандай бір арманы
Күтіп алам, келеріңде хабар берсең болғаны.
Қыз қуана бас изеді, албырады гүл өңі,
Бір белгісіз сағыныштан тулағандай жүрегі.

III

Атқан таң мен батқан күннің бәрі есінде тұра ма,
Жаздың ерке сол бір кеші ұмытылмас, сірә да.
Асығады пойыз алға, ойнап ерке желменен,
Сол пойызда қыз келеді бақытына шөлдеген.
Қиялына атар таңнан таң-тамаша күй еніп.
Кең далаға көз тастайды терезеге сүйеніп.
Сан ғасырдың жауынымен,дауылымен алысқан
Қожа Ахмет ескерткіші қол бұлғайды алыстан.
Қалып жатыр қыр-адырлар ұлан-ғайыр аумағы,
Қазығұрттың қарт тауы мен Түлкібастың баулары
Әне, анау Алматының Алатауы ақ қарлы,
Қыз тағы да күлімсіреп есіне алды Саттарды.
Бұл сезімнің мүмкін емес алдамшы әсер болмағы,
Бәлкім, қазір мені күтіп тұрған шығар ол дағы.
Вокзал басы.
Жадырайды асқақ қала алмалы,
Бірақ мұнан Жанеркені ешкім күтіп алмады.
Көңілсіздік көлеңкесі жүзін бүркеп шырайлы
Өмірінде тұңғыш рет нақ осылай мұңайды.
Енді бір сәт алысқандай қыз өзінің ойымен
Жоғары өрлеп жүре берді кең көшенің бойымен.
Тұрып қалды, салғырт жүріп барды-дағы шамалы,
Қарсы алдынан қалың жиын келе жатты қаралы.
Қалың жиын келе жатты жүректері жаралы,
Оркестрдің зарлы даусы мұңға бөлеп қаланы.
Ал Жанерке назар салмай тұра берді бұған да,
Тұра берді, басы айналып адасқандай тұманда.
Неге, неге кешікті екен,
Саттар қайда жаны асыл?
Жырларымен тербететін қазақтың кең даласын.
Саттар қайда, шынымен-ақ, қыз көңілін ұқпай ма,
Қайда сол бір мейірімді жан, күліп алдан шықпай ма?
Амал қанша, сүйіктісі алыс жолдан келгенде,
Туған елі оны әкетіп бара жатты жерлеуге...

IV

Қой, Жанерке,
Ұзақ таңға өкси берме,
Тыным ал.
Сенің тілсіз қасіретіңді дәл өзіндей кім ұғар?

Администратор 2019-10-23

Не iздейсiң, көңiлiм, не iздейсiң


Не іздейсің, көңілім, не іздейсің?

Босќа әуре ќылмай, шыныңды айт.

Шарќ ұрып, тыныштыќ бермейсің,

Сырласалыќ, бермен ќайт.

Абұйыр, атаќ сол жанда,

Кімді көп жұрт маќтаса.

Ол маќтаудан не пайда,

Көп маќтауын таппаса?

Көп тәңірі атќан маќтай ма,

Ол тәңрі атќан болмаса?

Жоќты-барды шатпай ма,

Көптің өзі оңбаса?

Маќтау-жел сөз жанға ќас,

Ќошаметшіл шығарған.

Бір маќтаса боќтамас

Ел табылса, ќұмарлан.

Жұрттың бәрі сөз сатќан,

Сатып алып не керек?

Екі сөзді тәңірі атќан —

Шыр айналған дөңгелек.

Сатып алма, сөз сатса,

Ол асылды аңдамас.

Б. ...байы — аќша,

Ер жаќсысын таңдамас.

Мен — маќтанның ќұлы емес,

Шын аќылға зорлыќ жоќ.

Антұрған көп пұл емес,

Өлім барда ќорлыќ жоќ.

Өмір дүние дегенің

Ағып жатќан су екен.

Жаќсы-жаман көргенің,

Ойлай берсең у екен.

Администратор 2019-10-23

Қалдаяқов өзені

Бар қазақты тамсандырған,
Таңнан-таңға ән салдырған,
Өзің әнмен қарсы алдырған Шәмші едің,-
Зорсығанның көбісі құры сүлде,
Ешкім көзі тірісінде
Ән көгінен дәл өзіндей таба алған жоқ нар сенім,
Қандай ғажап кереметің бар сенің.
Ұлылыққа еліктегіш отсыз, нәрсіз көздер көп,
Біреулер жүр саусағының көмегімен сазгер боп,
Ал сен ұлы жүрегіңмен,
Пейіліңмен,тілегіңмен,
Күллі тамыр тірегіңмен,
Дарын едің алдына жан салмаған,
Ұлт сезімін арқалаудан талмаған.
Отырардың еңкеймеген рухын
Әр қазаққа ән арқылы жалғаған.
Бәлкім, содан маңдайыңның қасіреті тым қалың,
Пенделік пен кенделікті көп көрсең де сынбадың.
Заманыңда ұшырсаң да әннің небір сұңқарын,
Тіпті сазгер қоғамына мүше болмай кеттің-ау,
Ерлік шығар сондай сәтте еңкейместен тұрғаның.
Өкпелеме қазағыңа, өкпелеме, іңкәрім.
Жігіттің бір жарқыны едің,
Дәуірдің сом алтыны едің
Едің және арайы.
Бірақ сенен әлдеқайда қымбатқа
Бағаланды қалайы,
Солай көшкен бұл даладан ұлылардың талайы.
Мына шақта, ізгіліктің тауы тозған кезеңде,
Қырандардан қораздар мен тауық озған кезеңде,
Хас тұлпарды топ жабағы
Қалың шаңға жауып озған кезеңде,
Айналдың сен енді ешкім бөгей алмас өзенге.
Енді саған өшпес, өлмес атақ, данқтың кезегі
Келгендігін досың, түгіл қастарың да сезеді.
Кеш болса да жадырап ақ, еркелеп ақ еліңе
Ұлтымыздың ұлы өзені, Қалдаяқов өзені.

Администратор 2019-10-23

Ойға түстім,толғандым

Ойға түстім,толғандым.

Өз мінімді қолға алдым.

Мінезіме көз салдым,

Тексеруге ойландым.

Өзіме өзім жақпадым,

Енді қайда сыя алдым?

Қалап алған көп мінез.

Қалайша қылып тыя алдым?

Бойдағы мінді санасам,

Тау тасынан аз емес.

Жүрегімді байқасам,

Инедейін таза емес.

Аршып алып тастауға,

Апандағы саз емес.

Бәрі болды өзімнен,

Тәңірім салған наз емес.

Осынша ақымақ болғаным

Көрінгенге қызықтым.

Ғаділетті жүректің

Әділетін бұзыппын.

Ақыл менен білімнен

Әбден үміт үзіппін;

Айла менен амалды

Меруерттей тізіппін;

Жалмауыздай жалаңдап,

Ар, ұяттан күсіппін,

Қулық пенен сұмдыққа

Құладындай ұшыппын;

“Сіз білесіз” дегенде

Күнге күйіп, пісіппін;

Мақтанбасқа мақтанып.

Деп жүріппін “пысықпын”.

Администратор 2019-10-23

Нұрлы аспанға тырысып өскенсің сен

Нұрлы аспанға тырысып өскенсің сен

Мен-мен, кердең, қайғысыз ер көңілмен,

Жазғытұрым жасырып жердің бетін,

Жасыл шөппен, бой жеткен егінмен тең.

Сонан бері рахымсыз көп жыл өтті,

Орақ келер, орылар мезгіл жетті.

Жылы менен суықтың бәрін көріп,

Қайран көңіл қайыспай қайрат етті.

Ауыр ойды көтеріп ауырған жан,

Қайғы, қасірет жүзіңе белгі салған;

Дәні толық, басы үлкен егіндей-ақ,

Сенің де басың имек жерге таман.

Өлейін деп өлмейді өлерлік жан,

Әсте өлмейді білгендей қылық қылған.

Ажал келіп бас салса, жанды ұрласа,

Өмір қайда, сен қайда, соны да ойла.

Адамзат_— бүгін адам, ертең топырақ.

Бүгінгі өмір жарқылдап алдар бірақ.

Ертең өзің қайдасың, білемісің,

Өлмек үшін туғансың, ойла, шырақ.

Администратор 2019-10-23

Түркістан аңызы

Талай-талай биiкпаз асылдарды
Теңескенде келтiрмей иығынан,
Ескерткiш тұр
Қаншама ғасырларды
Ұзатып сап, күлiмдеп миығынан.
Жалқау, қиқар түйедей тартыншақтап,
Жылжыды өмiр үстiмен кемел жердiң.
Ескерткiш тұр ұлылық қалпын сақтап,
Даңқын сақтап данышпан шеберлердiң.
* * *
Мизам түciп, күз қызығы қалған кезде азайып,
Түркiстанда бip ескерткiш бой көтердi ғажайып.
Күннен-күнге келбеттенiп, күннен-күнге сән құрып,
Нән ескерткiш бой көтердi жұртты өзiне таң қылып.
Сан мыңдаған құл-құтандар ертелi-кеш тынбастан,
Cap даланың кеудесiне жазып жатты бip дастан.
Мерейi асқан зарлы дастан секiлдi едi ол дегенмен,
Иран, Үндi елдерiнен жеткiзiлдi шеберлер.
Жалынына темiр балқып, илеуiне тас көнер,
Хас шеберлер арасында болатын бiр жас шебер.
Ол туралы жұрт айтатын:
"Өнepiнiң өpтi бap,
Құдай қалай жарылқаймын десе, әрине, еркi бар.
Саусағының салымы бар, сосын, әттең, бөркi бар...
Ал әйтпесе, қызда сирек кездесетiн көркi бар".
Қайран шебер қалбаң қағып, еркiн алып тынысын,
Басқарып жүр ескерткiштiң ою-өрнек жұмысын.
Қор бейнеттен жұрт кешкiлiк дем алғанда болдырып,
Түркiстанды түрлендiрiп ән бастайтын сол жiгiт.
Ол ән салса, қапас, тұйық кеудесiнде жел тұрып,
Бiрде жарын, бiрде анасын көз алдына келтiрiп,
Басыбайлы батпан мұңы сәл де болса кертiлiп,
Құл-құтандар жадырасып, қалатын бip серпiлiп.
Ол ән салса, ұзақ түндi кiрпiк iлмей атырған,
Сәукелелi қыз шығатын шеттегi алтын шатырдан.
Тiлек сайын тiзгiндескен неткен iңкәр өмip бұл,
Сол бойжеткен балдызы едi қаhарлы
Ақсақ Teмipдiң.
Мiндет ауыр. Хан бұйрығы мәмiлеге қарай ма?
Ғимаратты ендi аз күнде бiтiрген жөн қалай да.
Шеберлердi ықыластап, ынталамақ ниетпен,
Хан оларға балдызының қызметiн сый еткен.
Хан балдызы - Мәрзия ару iшке бүгiп мұратын,
Күнде түсте шеберлерге сусын әкеп тұратын.
Сырт көздердi қалдырмайын дейдi ме өрттiң өтiне,
Паң бойжеткен жұқа ғана перде ұстайтын бетiне.
Гүжбан тағдыр иығына ненi артса да көнердей,
Шебер жiгiт Мәрзияға ғашық едi өлердей.
Ғашығының айдай жүзiн бip көруге тамсанды,
Бiрде сусын әкелгенде пердесiне қол салды.
Қыз қымсынып тұрып қалды, тұрып қалды күлiмдеп,
Алма бетi гүл-гүл толқып, оймақ ернi дiрiлдеп.
Сосын, ләм деп тiл қатпастан, еркiн басып шеткерi
Өзiне арнап орнатылған ақ шатырға беттедi.
Мосқал шебер күйiп-пiстi:
"Қарағым-ау, мұның не,
Көпсiнгенiң осы нұрсыз шабаталы күнiң бе?
Ceзiмiңнiң төзiм жiбiн албырттығың қиды ма,
Ендi қайттiң,
Әлде басың өкпелi ме иығыңа?
Пiтiнәлi болмақ ендi саған мына атар таң,
Ертең ерте Ақсақ Teмip оралады сапардан.
Болған жайды балдызы оған айтпай, cipә, тұрмайды,
Айтты, бiттi, жаның онда жаhаннамға зырлайды.
Солай, ұлым. Әмiршiден ендi рақым iздeмe,
Бiрақ сенiң кесапатың соқпай кетпес бiзге де"...
Жiгiт боп-боз. Қаны қашып сөзiн зорға бастады,
(Бедерсiзiн бұрын қалай сезбей келген достары).
- Туысқандар, қамданайық, амал-айла жасайық...
Бipey айтты:
- Бүгiн түнде ұйымдасып қашайық!
Келiсiлдi. Бipaқ, бiрақ... жөн болды ма қашқаны?
Хан әскерi қуып ұстап зынданға әкеп тастады.
Ендi ненiң мәнi қалды.
(Мұңдан, мейлi, мұңданба?!)
Ертеңгiлiк Мәрзиядан хат кеп түстi зынданға.
Жiгiт жылдам оқып шықты дiр-дiр етiп қолдары,
Қыздың хаты мынау едi сондағы:
"Бip күнде ашып мiнезiңнiң бар қырын,
Тез сөндiрдiң жiгерiңнiң жарқылын.
Ұнап едi батылдығың алғашқы,
Тырағайлап қашқаның не, жарқыным?
Жарылардай саған құштар сезiмнен,
Өзiмдi-өзiм тұсаулаушы ем төзiммен.
Өлiмнен де қаймықпаған тiлектi
Қалай оқи алмағансың көзiмнен?
Өнерiң бар қараған жұрт қанбаған,
Әнiң анау аспанымда самғаған.
Құдай саған бәрiн бepiп,
Тек қана
Ерлiк бермей қойғанына таң қалам.
Ендi бәpi өштi, сөндi.
Далбаса.
Амал қанша, өз ceнiмiм алдаса?!
Сен өлдi деп өкiнбеймiн.
Әттең-ай,
Бiтпей қалған мына ескерткiш болмаса!
Бұлақ өмiр сүргенiмен құрақсыз,
Сезiм өмip сүре ала ма мұратсыз?
Жүрегiнде epлiгi жоқ адамның
Барлығы да махаббатқа тұрақсыз!"

Администратор 2019-10-23

Оспанға

Кешегі Оспан

Бір бөлек жан,

Үйі — базар, түзі —-той.

Аќша, нәрсе

Ала берсе, 

Ат та мінсе, көнді ғой.

“Ала берден”,

“Келе көрден”

Бір күн басын бұрды ма?

Кетті ќаптап,

Алды сап-сап,

Кетті маќтап, тұрды ма?

Жауға мылтыќ,

Досќа ынтыќ,

Жан асар ма осыдан?

Ќорќпай өтті,

Жанға жетті,

Арман етті досынан.

Ел тамағын,

Жұрт азабын

Жеке тартќан кетті гүл.

Сондай ерді —

“Ала берді”

Табар енді біздің ел!

Өлді Оспан,

Кетті шопан,

Енді кім бар баќ ќонар?

Ұрла-ќарла,

Жұртты шарла,

Ойла, барла — не болар?

Жұрт тынымсыз,

Бәрі ұғымсыз,

Енді оларға сөз де жоќ.

Сырты абыз бар,

Желќабыз бар,

Алты ауыз бар — өзге жоќ.

Администратор 2019-10-23

Бесінші еркек

Намыс туы желбіреген өрінде,
Дүниеге келтірген сан алыпты,
Отырарда, Менің туған жерімде
Мынадай бір асқақ аңыз қалыпты.

Жігерімен жіберердей тасты үгіп,
Өнер, ойы тармақты,
Адал, жайсаң жас жігіт
Ел ырысын шашып өткен
Тосын келген қасіреттен
Жанын салып туған жерін қорғапты.

Ал,табиғат - ұлы Ана
Ұланыңа тіл қатыпты қуана:
- Бұдан да үстем болу үшін мерейің,
Ұлым, саған үш байлықты нысана етіп көрейін.
Нысап керек дәулетке де, баққа да,
Бірін таңда тек қана:
Әр сөзіңде от тұратын,
Елге таңдай қақтыратын,
Ғажабы да,
Азабы да орасан
Жұрттан асқан АҚЫЛ берем, қаласаң?
Қызығушың көбейетін шашыңнан,
Көрген адам кете алмайтын қасыңнан,
Қызғаныш та тудыратын орасан
Жұрттан асқан КӨРІК берем, қаласаң.
Ұмыттырып дүниенің тарлығын,
Кілең игі жақсылардың барлығын
Жинайтұғын дастарқанның басына,
Тіпті, қасы айналатын досына,
Қанаттыға өнегесі орасан
ЖОМАРТ тағдыр ұсынайын, қаласаң?

Сонда жігіт былай депті:
- О, құдірет мекенім,
Бұл ғаламат сыйлығыңды қалай өтер екенмін?!
Арнасынан тасып шығып, құйылатын сайларға,
Сөйтіп жұртты қалдыратын әрі-сәрі ойларға,
Ерке және қызба тілмен сөйлеген
Қайсар, тентек көктемгі өзен секілдімін кейде мен.
Жүрдек дәуір иығыма ауыр жүгін артады,
Дарқандығым,
Бейқамдығым,
Осалдығым бар тағы.
Өзіме-өзім жұмбақ жанмын, -
Бір күн сөзсіз от басам,
Сеніммен һәм кешіріммен қарайтын көз таппасам.
Қайда ол көз?
Қанша үміттің жалын босқа қармадым,
Жігер-ойым,
Тәнім, Қаным,
Шығындалсын бар малым,
Өзің айтқан үш байлықты кеудесіне жинаған,
Бір адал жар жолықтырсаң, болмас еді арманым!..

Кәне, кімнің бақ жұлдызы туар екен оңынан?
Сол ер жігіт арман еткен асыл жардың соңынан
Сан мың еркек әлі қуып келеді...
БІРЕУІНІҢ, мүмкіндігі әлдеқайда көп еді,
Жомарт, адал әрі жарқын жігіт еді өрелі,
Бірақ оны жігерсіздік бөгеді.
EKIHШІHI шыдамсыздық адастырды жолынан,
Сосын қайтсін, ұстай салды басқа әйелдің қолынан.
ҮШІНШІ еркек қайратты еді жалын шашқан жанардан,
Қара күшке көп сенгеннен нәзіктігі жоғалған.
Шын шынайы сұлулықтың түп тамыры саналған,
Жер бетінде нәзіктікті аман сақтау - зор арман.
Нәзіктігін жойған адам Қыстағы
Терекке ұқсас жапырағы тоналған.
ТӨРТІНШІ еркек қажет шақта тәуекелге бармады,
Жарты жолға жеткен кезде сөніп қалды арманы,
Қазір қайсар тағдырына қарсылықсыз көнеді.
Тек БЕСІНШІ ертең қуып жетеріне сенеді.
Ауық-ауық берілгенмен уайымға,
Өжет сенім айналмағай ойынға. ...
Сол бесінші — ең бақытты еркектің
Армандаймын болсам-ау деп тойында.

Администратор 2019-10-23

Осы қымыз қазаққа

Осы қымыз қазаққа

Мақтаның ба, асың ба?

Қымызды басар артынан

Ет даяр ма қасыңда?

Бойыңа сіңіп, өрт болған

Қызба бастық жасында.

Қызылшыл семіз, жас қымыз —

Бір үлкен борыш басында.

Жуасты мін де, айран іш,

Жоқ немеге шатылма.

Ұры, залым, қуларға

Нысанаға шаншылма.

Жылқыны аңдып ұры жүр

Әр төбенің тасында.

Ой көзімен қарасаң,

Қойдан жылқы асыл ма?

Мақтанға бола жиям деп,

Жылқы үшін жұртқа бас ұрма

Қымыз, семіз дегенің

Бір мақтан ғой, жасырма.

Мақтан қума, керек қу,

Ойсыздарға қосылма.

Қойныңда ақша, қолда қой

Күзетке оңай, шошынба!

Администратор 2019-10-23

Тоқшылық

Ол ауылдың қадірмен диқаны еді,
Кеудесіне кең дала сыйған еді,
Кең даланың мәрттігін жиған еді.
Көңілі түскен адамға қажет кезде
Жалғыз атын ойланбай сыйлар еді.
Бәкір баба осындай диқан еді,
Жайсаң жайлау, жаз пейіл бола тұра
Айтқанынан қайтпайтын қиқар еді.
Сағынышын самғатып сан хатынан,
Құлан жүйрік қиялмен таңды атырған.
Еркетайы бір күні ойда жоқта
Келін әкеп түсірді Алматыдан.
"Жалғыз ұлға құдайым сана берді,
Келін әкеп қуантты тамам елді,
Енді өлсем де арманым болмайды", - деп,
Қарт жүрегі елжіреп сала берді.
Той жасады онан соң дүрілдетіп,
Тапқанын түгел шашып, гүрілдетіп.
Әсем ән қарлығаш боп қалықтады
Аспанның шымылдығын дірілдетіп.
Сауыққа сақтап бағзы құмар қалпын
Шарықтатты шал солай шынар даңқын.
Мынадай той Қасқасу баурайында
Бұған дейін болмаған шығар,бәлкім.
Тойдан соң Бәкір қарт көңілі жайланып,
Үш күнге созылған ғажайып думанды ойға алып
Қиялы шарықтап сан қырға
Шуақтап отырды есіктің алдында.
Тоқшылық керуенін тартқан
Бейнетқор кеудеден атырған ақ таң
Етпеуге бола ма уақытты мақтан
Ұлына риза еді ол, бақытын тапқан...
Кенет келінінің
Жолдың жиегінде жатқан
Нанды теуіп өткенін көріп,
Қабағы түнеріп түндей,
Көңілі бұзылып нілдей,
Дауыстап перзентін шақырды қасына:
— Ал, ұлым, күн туды басыңа,
Бірақ сен жасыма.
Қазақтың мейірбан даласын,
Кеудеңе тоқыған баласың.
Әттең - ай, әлі де шаласың!
Жан адам көрмесін беліңді бүгілген,
Қалдырмай келінді бүгіннен
Қай жерден әкелсең,
Сол жерге апарып саласың.
Әйтпесе, бітті бар әңгіме,
Жалғызым, әкеңнен мәңгіге
Алыстап қаласың.
Жігіт қанша қиналса да қайғы қажап жүрегін,
Орындады әкесінің тілегін.
"Десек - дағы, нанды қорлау жат қылық,
Шалдың ісі шектен шыққан қаттылық.
Жас келінге обал болған екен тым", -
деп гулесіп жатты жұрт.
Содан бері, міне, қанша жыл өтті.
Қанша гүлзәр көктем келіп туған жерді түлетті.
Көкірегінен желкен жайып тәтті үміт
Қанша жігіт қырға шықты ат мініп.
Мен ақын боп оралғанда аулыңа
Қанша қыздар гүл сыйлады шат күліп.
Әжей тосып сары майын сақтаған,
Құрбыларым жырларымды жаттаған,
Туған далам атқа сүйеп қондырып,
Әкпем мені "жұлдызым" деп мақтаған.
Соның бәрі Бәкір қарттың баяғы
Қылығындай әсер еткен жоқ маған.
Дәуірінің босаң жібін тап басқан
Әруағыңнан айналайын, ақ бас шал.
Жылда ауылға барған сайын мен сенің
Кете алмаймын бейітіңе соқпастан.
Үндемейсің, қайсар тұлға, ойы алау
Қайран қартым, құдіретіңе тоям - ау.
Бәлкім саған жұртқа ой салу үшін де
Қажет болды өзіңді-өзің аямау.
Бір кездері ерні кеуіп, сусап өскен көк шыбық
Бәйтерек боп асқақтады
Бұл не деген жақсылық.
Иә, кез келген тоқшылықтың арғы тегі жоқшылық
Асқан зорлық, бар ма бірақ, барды қадірлемеуден.
Әттең, кейде бізге соны ойлатпайды тоқшылық!
Адамзатқа қауіпті жау — асқыну.
Оның бізден аулы қашық десе де
Кеше ғана көз алдымда көшеде
Нанды теуіп өте шықты жас сұлу.
Тоқшылықтың күйісі ме, міне, бұл?
Әлденеден тітіркеніп жүрегім
Мына қызға Бәкір баба сияқты,
Қайын ата жолыққай деп тіледім.

Администратор 2019-10-23

Патша құдай, сыйындым

Патша құдай, сыйындым

Тура баста өзіңе.

Жау жағадан алғанда, 

Жан көрінбес көзіме. 

Арғын, Найман жиылса, 

Таңырқаған сөзіме. 

Қайран сөзім қор болды, 

Тобықтының езіне.

Самородный сары алтын, 

Саудасыз берсең,алмайды 

Саудыраған жезіне. 

Саудырсыз сары қамқаны 

Садаға кеткір сұрайды 

Самарқанның бөзіне. 

Кеселді түйін шешілсе, 

Кердең мойын кесілсе, 

Келмей кетпес кезіне. 

Ол да — құдай пендесі, 

Түспей кетер деймісің, 

Тәңiрінің, құрған тезіне?

Администратор 2019-10-23

Қыран тағдыры

Баяғыда,
Бабамыздың бабасының бабасы
Жүрген кезде сүйенбей таяғына
Көңіліне пәктіктен өсірген гүл,
Жомарт әрі мейірбан жесір кемпір
Ұстап апты ауласына келіп қонған бүркітті.
(Одан мұндай батылдықты кім күтті?)
Ал Бүркіттің көріп имек тұмсығын
Кемпір қатты үркіпті.
Оны өзінше "майысқан" деп ойлапты
Сөзге келмей пышағын тез қайрапты.
Имек жерін кесіп, жонып, тегістеп
Сорлы құсқа бір жақсылық жасауға бел байлапты.
Гүжім аспан әлеміне айбатты,
Қайратына тамсандырған аймақты,
Қайсар қыран тағдыры
Ақылсыздау, бірақ адал кемпірдің,
Пышағында ойнапты.
Кемпір байғұс сыртқа жайып шын сырын,
"Басы қайтты, - деп қуанды, - қауіптің".
Жона-жона имек бүркіт тұмсығын
Тұмсығына ұқсатыпты ол тауықтың.
Енді бірде бүркіттің
Өткір, ұзын тырнақтарын аңғарып,
Басын шайқап тұрып қапты таңданып:
- Мүшкіл екен,
Мүшкіл екен бұл халің,
Сорлы құсым, егер де мен жолықпасам бағыңа,
Жетіпсің-ау жүдеп өлер шағыңа, -
Деп отап ап тастады бар тырнағын.
Патша жұртқа жар салды:
- Талмас қанат,
Алмас қылыш иықты,
Маған ылғи аңсататын биікті,
Тіпті жалғыз інім өлген кезде де
Ұмыттырған кеудемдегі күйікті
Бүркітімді жоғалттым ең сүйікті.
Қыран еді ол бастан бағы ұшпаған,
Менмін деген арланды
Менмін деген киікті,
Тырнағы мен тұмсығында ұстаған.
Қайырымдылық ерлікке тән әманда,
Бүркітімді тауып берген адамға
Ат басындай алтын сыйлау
Түк қиындық туғызбайды маған да.
Ойға, қырға шабармандар ағылды,
Жұрттың бәрі бүркітті іздеп сабылды.
Үміт оты сан тараптан жағылды
Бірақ бүркіт қиындықсыз табылды.
Мазасыздық бұлты сондай серпілді
Алас-күлес шаттық күйі шертілді.
Шадыман жұрт хан көтере мадақтап,
Патша алдына алып келді кемпірді.
Патша лезде құсын танып, түнеріп
Үнсіз қалды зілман ойға тіреліп.
Көңліндегі апас-қапас тасқынды
Айғақкерлеп жанарына жас тұнды.
Енді бір сәт оймен шолып қиырды,
Қабағын тас жиырды.
Нөкерін тез шақырды да бүркітті
Өлтіруге бұйырды.
- Тағдырыңды қасіретке байланған
Ап шыға алман, бұл тұйықтан, қайраннан.
Хош бол, құсым, - деді патша қыранға, -
Өлген жақсы қасиетін жойғаннан.
Сонан кейін:
- Иә, кемпірім, аман ба?!
Деп жадырап шыға келді ол табанда, -
Сендей жомарт адамдар,
Ауадан да қажет біздің қоғамға.
Үстем содан мерейің де, бағаң да.
Шапағатың тиді, міне, маған да.
Әттең, әттең... осы дарқан пейліңе
Ақылыңның сай келмеуі жаман да.
Тұғырыңда тұра алмайсың тағап қып,
Сөйтіп тағы жасайсың-ау ағаттық.
Нәрестенің қолындағы қанжардай -
Ақылсыздың қолындағы жомарттық.
Жаның адал.
Адал содан асың да.
Ат басындай алтыныңды ал,
Тосылма!
Бірақ мына алтын алған қолыңды,
Амал қанша, қалдырасың осында.
Тек өзіңді санай көрме ғарыпқа,
Қатал жаза қолданды деп қамықпа.
Өйткені сен қарсы шапқан жаудан да
Қауіптісің халыққа.
Қалың қауым сенен оңғақ күй көрсе,
Саған қарап жомарттықтан жиренсе,
Не болмақшы?
Ал мына алтын өзіңді
Асырасын арқаң жерге тигенше!
Қатал патша дегенінен қайтқан ба?!
Сөйтіп қолын кескен екен кемпірдің...
Анам маған осы аңызды айтқанда
Көз алдымда сен тұрдың.
Дарының да, даңқың да бар жаңғырғын,
Ақ тілектер арай шашса гүлдейсің.
Бірақ ертең не күтеді алдыңнан,
Білмейсің-ау,
Оны мүлдем білмейсің.
Тұтастырып бақ пен сордың арасын
Сиқырлайды атар таңның назды үні.
Бүгін кіммен, ертең кіммен боласың?
Тым күрделі бұл сұрақтың мазмұны.
Заман егер аямаса бар нұрын
Мансап сені құлата алмас торына.
Жатсам-тұрсам тілемеймін тек
Тағдырың,
Түспесін деп әумесердің қолына.
Егін жұртқа бағалы тек дәнімен,
Дән саларлық ойларыңды сұрыпта.
Дос көңілін ұсынғанның бәрінен
Достық шыға бермейтінін ұмытпа.

Администратор 2019-10-23

Разаққа

Мына үйде отыр Разақ,

Елдің жөнін айтар ма,

Шақырып алып сұрасақ,

Үлкен қожа — ортан қол,

Өзгелері, аты жоқ пенен шынашақ.

Сонда Абайдың немересі Әубәкір,- Омархан ағам ше? — дегенде:

Оны дағы байқармыз,

Біраз ғана сынасақ.

Администратор 2019-10-23

Тереңдік жыры

Өзіңсіз келген күндерден,
Өзіңсіз терген гүлдерден,
Өзіңсіз кешкен ойлардан,
Өзіңсіз өткен тойлардан
Жалығып біттім, жаным - ау.
Мен десе жаның даладай,
Мен десе күлкің мөп-мөлдір
Лақылдап жанған өсек пен отқа қарамай,
Сен маған арнап әуенін салдың көктемнің.
Өзіме - өзім ете алмай қалсам иелік,
Күшімді жидым, арманым, саған сүйеніп.
Сен менің асқар белім боп,
Шалқисың кейде шадыман шалқар көлім боп.
Көңілінде терең көлі бар жандар бақытты,
Көңілінде терең көлі бар жанға өлім жоқ.
Тереңім сенсің, еңселім,
Өлеңім сенсің, еңселім.
Парасат көркін қаншама әйел халқының
Мен саған қарап өлшедім.
Көрмедің әсте сенімнің гүлін солдырып,
Шыдамды тәңірім сыйлапты саған мол қылып.
Кім айтар кәне бекер деп,
Вокзал мен вокзал арасын
Жүрдің сен күнде жол қылып,
Мен келіп қалар ма екен деп.
Созылып таулар алдымда
Жалғасып бірі - бірімен,
Келем деп келмей қалдым да,
Күттіріп қойдым түнімен.
Жаныңды мұңға жібітіп,
Жыладың ағыл-тегіл бір.
Ал ертең бәрін ұмытып
Аспандай тұндың көгілдір.
Не деген жұмбақ өмір бұл!
Сыйладым саған көп қайғы,
Сонда да кінә артпадың.
Арыңды асау жүректің
Тізгінін кері тартпадың.
Сенімге сертің табанды,
Құштарлық отың өшпеді,
Шаттығым, сенің бағаңды,
Елемей келсем, кеш мені.
Берілдің барлық жаныңмен,
Жаныңдай тұнық әніңмен,
Әніңмен, барлық сәніңмен,
Сырыңмен, сансыз қырыңмен
Құлпырған жақұт нұрыңмен.
Сол үшін, таудай мерейім,
Сол үшін бақыттымын мен!

Администратор 2019-10-23

Рахымшалға

Сұлу аттың көркі — жал,

Адамзаттың көркі — мал.

Өмір сүрген кісіге

Дәулет —қызық, бала — бал.

Бал болатын бала бар,

Бал болар ма Рақымшал?!

Бүйтіп берген балаңды,

Берген құдай, өзің ал!

Администратор 2019-10-23

Сырық мойын, біз мұрын

Сырық мойын, біз мұрын,
Шіркін, тұздай көзіңіз.
Қыт-қытындай тауықтың
Құйылып тұр сөзіңіз.
Кірпіш еткенің ұнындай
Опа басқан жүзіңіз.
Жүз төңкеріп көзіңіз,
Жақындайсыз өзіңіз.
Сізге кім ғашық болмасын?
Мәселен, біз өзіміз...

М. Жұмабаев

Администратор 2019-10-23

Күрескерлік рухыңды өлтірме

Ұлтымыздың қайсар рухын иемденген қара қыз,
Махамбеттің қарындасы, дарындысы - қара қыз,
Сеніменен молыққандай, толыққандай санамыз,
Қатпар-қатпар әйел жанын түсінуге талпынсақ
Алдыменен сөзіңді еске, өзіңді еске аламыз,
Ұлтымыздың қайсар рухын иемденген қара қыз.
Ал дарынын қарын жеңген жеңіл бұлттай жөңкілме
Қанаттының көбейгенін мұң етеді ел кімге?
Өтінемін, күрескерлік рухыңды өлтірме!
Нағыз еркек тоқсанда да жігіт салтын сақтамақ,
Нағыз әйел ешқашанда айналмайды кемпірге,
Ерте кемпір болғандарды өз тойыңа келтірме.
Томиристен, Махамбеттен бастау алған мықтылық,
Өз үлесін қалталыға жібергендей ұттырып,
Мықтылықтың жанарында қалғандай ма шық тұнып...
Сен гүлдей бер, айналайын, өз ортаңда тік тұрып.
Бәрін сатып жіберетін сайқал саясатта да,
Сатылмауға тиісті рух болатынын ұқтырып.

Администратор 2019-10-23