Сабақ жоспарлары

‎ Күйісбайға

Дұғай сәлем жазамын Күйісбайға,

Бермек болған айғырдың көзі қайда?

Көзді көрсең— бересің, тайсаң— танып,

Алдамшы атағанның несі пайда?

Администратор 2019-10-23

ЕСІҢДЕ МЕ?


Есіңде ме?
Екеуміз де елде едік.
Екеуміз де жоқ нәрсеге шөлдедік. 
Ағайынның айтқанына көнбедік, 
Ойлап тұрсам...
Жасаппыз ғой пенделік.

Нені көрдік?!
Не бітіріп, жөндедік?!
Нені сездік?
Нені көрдік, досым-ау?!
Аңсап көрген арманымыз осы ма?!
Елге қайтып кетеді деп шошыма, 
Оралмаймын бір жығылған қосыма!

Администратор 2019-10-23

ҒАШЫҚПЫН!


Ғашықпын! Шын ғашықпын сол адамға!
Мен болмасам болмайын. Сол аман ба?
О, тәңірім! Неткен жан қайырылмайтын!
Жүрегі еттен бе, әлде, қоладан ба?!

Ғашықпын.Қайтіп оны жасыра алам, 
Бір алтын оның әр тал шашы маған.
Сағынайын, таусыла сағынайын, 
Сағынышқа жаралған ғашық адам.

Администратор 2019-10-23

Күлімбайға (Болыс болдым мінеки)

Болыс болдым мінекей 

Бар малымды шығындап. 

Түйеде қом, атта жал 

Қалмады елге тығындап. 

Сүйтсе дағы елімді 

Ұстай алмадым мығымдап. 

Күштілерім сөз айтса, 

Бас изеймін шыбындап. 

Әлсіздің сөзін салғыртсып, 

Шала ұғамын қырындап. 

Сияз бар десе жүрегім. 

Орнықпайды суылдап. 

Сыртқыларға сыр бермей, 

Құр күлемін жымыңдап. 

Жай жүргенде бір күні 

Атшабар келді лепілдеп: 

“Ояз шықты, сияз бар”, 

“Ылау” деп, “үй” деп дікілдеп. 

Сасып қалдым, күн тығыз, 

Жүрек кетті лүпілдеп. 

Тың тұяқ күнім сүйтсе де, 

Қарбаңдадым өкімдеп. 

Старшын, биді жиғыздым: 

“Береке қыл” деп, “бекін” деп,

“Ат жарамды, үй жақсы

Болсын, бәрің күтін” деп.

Қайраттанып халқыма

Сөз айтып жүрмін күпілдеп:

“Құдай қосса, жұртымның

Ақтармын осы жол сүтін” деп,

Қайраттысып, қамқорсып,

Сайманымды бүтіндеп.

Оңашада оязға

Мақтамаймын елімді,

Өз еліме айтамын:

“Бергенім жоқ — деп — белімді”.

Мақтанамын кісімсіп,

Оязға сөзім сенімді.

“Көрсеттім” деймін, ымдаймын

Кәдік қылар жерімдi.

Сөз көбейді, ұлғайды,

Мақтанның к... көрінді.

Қазақты жеген қайратты “ер”

Ұрынды да берінді.

Әрлі-берлі тартысып,

Ісі арамы жеңілді.

Алқыны күшті асаулар

Ноқтаға басы кірілді.

Үлкен-кіші ақының

Бәрі сөз боп терілді.

Қайрауы жеткен қатты би

Қайрылып нетсін көңілді.

Өз малым деп қойған мал

Иесіне берілді.

Ақылы жандар қамалап,

Кептірді сонда ерінді.

Арызшылар көбейді,

Болыстың к ... шөмейді,

Қайтсін байғұс демейді.

Бір кептірмей терімді,

Күн батқанша шабамын

Әрлі-берлі далпылдап.

Етек кеткен жайылып

Ат к ... жалпылдап.

Оязға жетсін деген боп, 

Боқтап жүрмін барқылдап. 

Кейбіреуге таяғым 

Тиіп те кетті бартылдап. 

Пысықтың көбі бұғып жүр, 

Беттесе алмай шаңқылдап. 

Ашылып омырау, күн ыстық, 

Қойын кетті алқылдап. 

Елі жөнді болыстар 

Мақтанып жүр тарқылдап. 

Күлкісі бөлек қарқылдап, 

Үні бөлек сартылдап. 

Сөйлесе кетсе бір жерде, 

Ағыны қатты аңқылдап. 

Оязға кірсе, өзгеден 

Мерейі үстем жарқылдап. 

Елің бұзық болған соң, 

Ояз жатыр шартылдап. 

Табаныңнан тозасың, 

Құр жүгіріп тарпылдап. 

Антұрғанмын өзім де, 

Бір мінезбен өтпеймін. 

Момындық күшті екенін 

Көрсем дағы, күтпеймін. 

Сияздан соң елімді 

Қысып алып кетпеймін. 

Әуелде к ... бос кәпір, 

Мықтыға не қып беттеймін. 

Жуанды қойып, жуасты 

Біраз ғана шеттеймін. 

Ояз бардағы қылықты 

Ояз жоқта етпеймін. 

Кәкір-шүкір, көр-жерді 

Пайда көріп ептеймін. 

Мынау арам, тентек деп, 

Еш кісіні теппеймін. 

Өзімдік бол деп ел жиып, 

Құрастырып, септеймін. 

Бұзақының бүлігін 

“Жақсы ақыл” деп, “құп” деймін.

Сүйегім жасық, буын бос, 

Біраз ғана айлам бар. 

Айлам құрсын, білемін — 

Болыстықтың жолы тар. 

Қайтіп көмек болады 

Антұрған өңкей ұры-қар? 

Көргенім әлгі, ойлашы, 

Ұят, намыс, қалды ма ар? 

Ендігі сайлау болғанда, 

Түсе ме деп тағы шар, 

Бұл күніме бір күні 

Боламын ғой деймiн зар,  

Ақыл айтар туғандар, 

Бұл сөзімді ойлаңдар. 

Кәтелешке көбейді, 

Сөгіс естіп тозды ажар. 

Мынау елді ұстарлық 

Кісі емеспін, кел құтқар! 

Қолдан келмес қорлыққа 

Неге болдым мұнша іңкәр? 

Ел жайылды, жетпей ме 

Оязға да бір хабар? 

Тағы бүйтіп кеттің деп 

Қозғау салар, қолға алар. 

Қатты қысым қылған соң, 

Басым сотқа айналар. 

Кірлі болып түскен соң, 

Көрген күнім не болар? 

Өзіне мәлім, тентектер 

Өз бетімен не табар? 

Қағаз берер, қарманар, 

Аяғында сандалар.

Бұрынғыдай дәурен жоқ, 

Ұлық жолы тарайды. 

Өтірік берген қағаздың 

Алды-артына қарайды. 

Өз қағазы өз көзін 

Жоғалтуға жарайды.

Тауып алып жалғанын, 

Қылмысыңды санайды.  

Өзі залым закүншік 

Танып алды талайды, 

Көрмей тұрып түсеміз 

Темір көзді сарайды.

Администратор 2019-10-23

ОТЫЗДАН АСЫП БАРАМЫН!


Сұқтанып тұрып жанарың,
Сұрыма неге қарадың?
Солай да, солай, қарағым,
Отыздан асым барамын.

Шашымның санап әр ағын,    
Таңырқай берме, қарағым.
Санаулы басқан әр адым,
Отыздан асып барамын.

Администратор 2019-10-23

Күн артынан күн туар

Күн артынан күн туар,

Бір күн дамыл еткізбес.

Ой артынан ой қуар,

Желге мінсең, жеткізбес.

Администратор 2019-10-23

ОҢАЙ СӨЗ ҒОЙ «ОТАНДЫ СҮЙЕМ» ДЕГЕН


Оңай сөз ғой «Отанды сүйем» деген,
Не тындырдың «басымды иемменен?» 
Оңай сөз ғой, құрбым-ау, оңай сөз ғой, 
«Отан үшін өлемін, күйем» деген.

Өлім деген ерліктің қорегі ме?
Өлмей-ақ қой, бос сөздің керегі не?
...Егер Отан сыңсыған орман болса,
 Жапырақ боп жармасқын терегіне.

Администратор 2019-10-23

Күшік асырап, ит еттім

Күшік асырап, ит еттім

Ол балтырымды қанатты.

Біреуге мылтық үйреттім,

Ол мерген болды, мені атты.

Администратор 2019-10-23

ҚЫЗЫҚПА, ҚЫЗ!


Ақын жайлы айтады қызықты аңыз
Бірақ сен қызықпа, қыз!
Қызықпа, қыз!
Рас-ақ, біздер - патша!
Мұжық та - біз...
Түзік те - біз, түнерген бұзық та біз! 
Ақындарға қызықпа,
Қызықпа, қыз!
Шынымен ақын жанын қалайсың ба? 
Шыдайсың ба, шынымен талай сынға? 

Администратор 2019-10-23

СЕНІҢ КӨЗІҢ ТҮПСІЗ ТЕРЕҢ ТҰҢҒИЫҚТАН ЖАРАЛҒАН


Сенің көзің түпсіз терең тұңғиықтан жаралған,
Сонда жатыр менде жүрген орындалмас бар арман.
Сенің жүзің көкте күннен, жерде гүлден нәр алған,
Шашың сенің - жан баспаған жапандағы қара орман.

Қас-кірпігің қарлығаштың қанатындай қап-қара, 
Үлбіреген жүзің сенің ақ жібек пе, мақта ма?
Әсем басың әп-әдемі, мүсініңе шақ қана, 
Шиедейін еріндерің қызарып тұр шоқтана.

Администратор 2019-10-23

Көзімнің, қарасы


Көзімнің, ќарасы,

Көңілімнің санасы.

Бітпейді ішімде

Ғашыќтың жарасы.

Ќазаќтың данасы,

Жасы үлкен ағасы

Бар демес сендей бір

Адамның баласы.

Жылайын, жырлайын

Ағызып көз майын

Айтуға келгенде

Ќалќама сөз дайын.

Жүректен ќозғайын,

Әдептен озбайын,

Өзі де білмей ме,

Көп сөйлеп созбайын?

Тереңдеп ќарайсың.

Телміріп тұрмайсың.

Бихабар жүргенсіп,

Бек ќатты сынайсың.

Сен кісі мұңайсын,

Сабырмен шыдайсың,

Күйемін, жанамын,

Еш рахым ќылмайсың. 

Кең маңдай, ќалың шаш

Я бір кез, я ќұлаш.

Аќ тамаќ, ќызыл жүз

Ќарағым, бетіңді аш!

Ќара көз, имек ќас,

Ќараса жан тоймас.

Аузың бал ќызыл гүл,

Аќ тісің кір шалмас.

Ќыр мұрын, ќыпша бел.

Солќылдар, соќса жел.

Аќ етің үлбіреп

Өзгеше біткен гүл.

Ќарағым, бермен кел.

Бізге де көңілің бөл.

Ќалќамның нұсќасын

Көр, көзім, бір кенел.

Ќайғың — ќыс, жүзің — жаз,

Боламын көрсем мәз.

Күлкіңіз бойды алар,

Бұлбұлдай шыќса әуез.

Кісімсіп дүрдараз,

Бұраңдап ќылма наз.

Мал түгіл басымды,

Жолыңа_бесем де аз.

Иісің, гүл аңќыған.

Нұрың күн шалќыған.

Көргенде бой еріп,

Сүйегім балќыған.

Ќаяусыз ќалпынан,

Өзі артыќ даңќыңнан,

Ќызыл тіл шыға алмас

Маќтаудың шартынан.

Сенсің — жан ләззәті,

Сенсің—тән шәрбәті,

Сұлуды сүймектік —

Пайғамбар сүндеті.

Не десем болар еп?

Ғашығың да ќайғы жеп,

Өртенген жүрекке

Бір көрген болар сеп. 

Біздердей ғашыќ көп,

Ќайсысы саған дөп?

Жөндеп те айтпадым,

Жүрегім лүпілдеп.

Назына кім шыдар?

Бұраңдап жүр шығар.

Ќасќая күлгені

Ќылады тым ќұмар.

Ер емес ќымсынар,

Әркім-ау, ұмсынар.

Ќұдай-ау, бұл көңілім

Күн бар ма бір тынар?

Администратор 2019-10-23

Көк ала бұлт сөгіліп

Көк ала бұлт сөгіліп,

Күн жауады кей шақта.

Өне бойың егіліп,

Жас ағады аулақта.

Жауған күнмен жаңғырып,

Жер көтеріп күш алар.

Аққан жасқа қаңғырып,

Бас ауырып, іш жанар.

Администратор 2019-10-23

Көк тұман—алдыңдағы келер заман

Көк тұман—алдыңдағы келер заман,

Үмітті сәуле етіп көз көп қадалған.

Көп жылдар көп күнді айдап келе жатыр,

Сипат жоқ, сурет те жоқ, көзім талған.

Ол күндер — өткен күнмен бәрі бір бәс,

Келер, кетер, артына түк қалдырмас.

Соның бірі — арнаулы таусыншық күн,

Арғысын бір-ақ алла біледі рас. 

Ақыл мен жан — мен өзім, тән — менікі,

“Мені” мен “менікінің” мағнасы — екі.

“Мен” өлмекке тағдыр жоқ әуел бастан,

“Менікі” өлсе өлсін, оған бекі.

Шырақтар, ынталардың “менікі” де,

Тән құмарын іздейсің күні-түнде.

Әділеттік, арлылық, махаббат пен—

Үй жолдасың қабірден әрі өткенде.

Малға сат, пайдаға сат қылығыңды,

Ылайла ылай оймен тұнығыңды,

Сонда өмірден алдамшы бола алмассың,

Ол білдірмей ұрламақ қызығыңды.

Адам ғапыл дүниені дер менікі,

Менікі деп жүргеннің бәрі оныкі.

Тән қалып, мал да қалып, жан кеткенде,

Сонда ойла, болады не сенікі?

Мазлұмға жаның ашып, ішің күйсін,

Харекет қыл, пайдасы көпке тисін.

Көптің қамын әуелден тәңірі ойлаған,

Мен сүйгенді сүйді деп иең сүйсін.

Көптің бәрі көп деме, көп те бөлек,

Көп ит жеңіп көк итті күнде жемек,

Ғадәләт пен мархамат—көп азығы,

Қайда көрсең, болып бақ соған көмек.

Әркімнің мақсаты өз керегінде,

Біле алмадым пысығын, зерегін де.

Саяз жүзер сайқалдар ғапыл қалар,

Хақиқат та, дін-дағы тереңінде.

Администратор 2019-10-23

Көңіл құсы құйқылжыр шартарапқа

Көңіл құсы құйқылжыр шартарапқа,

Адам ойы түрленіп ауған шақта.

Салған ән — көлеңкесі сол көңілдің,

Тақтысына билесін ол құлаққа.

Шырқап, қалқып, сорғалап, тамылжиды,

Жүрек тербеп, оятар баста миды.

Бұл дүниенің, ләззаты бәрі сонда,

Ойсыз құлақ ала алмас ондай сыйды.

Ұйықтап жатқан жүректі ән оятар,

Үннің тәтті оралған мәні оятар.

Кейі зауық, кейі мұң дертін қозғап,

Жас балаша көңілді жақсы уатар.

Адам аз мұны біліп ән саларлық,

Тыңдаушы да аз, ол әннен бәћра аларлық.

Мұңмен шыққан, оралған тәтті күйге

Жылы жүрек қайда бар қозғаларлық?

Көбінесе ән басы келеді ащы,

“Кел тыңда!” деп өзгеге болар басшы.

Керім толғап, тауысар қаңғыр-күңгір,

Сол жеріне ойыңмен араласшы.

Әннің де естісі бар, есері бар,

Тыңдаушының құлағын кесері бар.

Ақылдының сөзіндей ойлы күйді

Тыңдағанда көңідің өсері бар.

Білімдіден аяман сөздің майын,

Алты өлеңмен білдірдім әннің жайын.

Ездің басы қаңғырсын, ердің көңілі

Жаңғырсын деп ойладым айтқан сайын.

Көкірегінде оты бар ойлы адамға

Бұл сөзімнің суреті тұрар дайын.

Өмірдің алды — ыстық, арты — суық,

Алды ойын, арт жағы мұңға жуық.

Жақсы әнді тыңдасаң ой көзіңмен,

Өмір сәуле көрсетер судай тұнық.

Жаманға “жар” деген-ақ ән көрінер,

Жақсы ән біле айтуға кім ерінер?

Жарамды әнді тыңдасаң, жаның еріп,

Жабырқаған көңілің көтерілер.

Администратор 2019-10-23

Көлеңке басын ұзартып

Көлеңке басын ұзартып

Алысты көзден жасырса

Күнді уақыт қызартып,

Көкжиектен асырса;

Күңгірт көңілім сырласар

Сұрғылт тартқан бейуаққа,

Төмен қарап мұңдасар,

Ой жіберіп әр жаққа.

Өткен өмір — қу соқпақ,

Қыдырады талайды.

Кім алдады, кім таппақ

Салды, соны санайды.

Нені тапсаң, оны тап,

Жарамайды керекке.

Өңкей уды жиып ап,

Себеді сорлы жүрекке.

Адасқан күшік секілді

Ұлып жұртқа қайтқан ой,

Өкінді, жолың бекінді,

Әуре болма, оны қой.

Ермен шықты, ит қылып,

Бидай шашқан егінге.

Жай жүргенді уерд қылып,

Тыныш өлсеңші тегінде.

Администратор 2019-10-23

Көңілім қайтты достан да, дұшпаннан да

Көңілім қайтты достан да, дұшпаннан да,

Алдамаған кім қалды тірі жанда. 

Алыс-жақын қазақтың бәрін көрдім, 

Жалғыз-жарым болмаса анда-санда.

Пайда үшін біреу жолдас бүгін таңда, 

Ол тұрмас бастан жыға қисайғанда. 

Мұнан менің, қай жерім аяулы деп, 

Бірге тұрып қалады кім майданда?

Ендігі жұрттың сөзі — ұрлық-қарлық, 

Саналы жан көрмедім сөзді ұғарлық. 

Осы күнде, осы елде дәнеме жоқ 

Мейір қанып, мәз болып қуанарлық.

Байлар да мал қызығын біле алмай жүр, 

Жаз жіберіп, күз атын міне алмай жүр. 

Сабылтып күнде ұрлатып, із жоғалтып, 

Ызаменен ыржиып күле алмай жүр.

Саудагер тыныштық сауда қыла алмай жүр, 

Қолдан беріп, қор болып, ала алмай жүр.

Ел аулақта күш айтқан, топта танған,

Арсыз жұрттан көңілі тына алмай жүр.

Естілер де ісіне қуанбай жүр, 

Ел азды деп надандар мұңаймай жүр. 

Ала жылан, аш бақа күпілдектер 

Кісі екен деп үлкеннен ұялмай жүр.

Бектікте біреу бектеп тұра алмай жүр, 

О дағы ұры-қарды қыра алмай жүр. 

Қарсылық күнде қылған телі-тентек, 

Жаза тартып ешбірі сұралмай жүр.

Қарындас қара жерге тыға алмай жүр, 

Бірінің бірі сөзін құп алмай жүр. 

Құда-тамыр, дос-жарың, қатын-балаң — 

Олар да бір қалыпты бола алмай жүр.

Бір күшті көп тентекті жыға алмай жүр, 

Іште жалын дерт болып, шыға алмай жүр, 

Арақ ішкен, мас болған жұрттың бәрі, 

Не пайда, не залалды біле алмай жүр.

Жетілтіп жаз жайлауға қона алмай жүр, 

Күз күзеуде жанжалсыз бола алмай жүр. 

Қыс қыстауың — қып-қызыл ол бір пәле, 

Оралып ешбір шаруа оңалмай жүр.

Жасы кіші үлкеннен ұялмай жүр, 

Сұрамсақтар нәпсісін тия алмай жүр. 

Сәлем борыш, сөз қулық болғаннан соң, 

Қандай жан сырттан сөз боп,сыналмай жүр?

Администратор 2019-10-23

Мағжан Жұмабаев (Жатыр)

Басқа жұрт аспан-көкке асып жатыр,
Кілтін өнер-білім ашып жатыр.
Бірі - ай, бірі - жұлдыз, бірі күн боп,
Жалтырап көктен нұрын шашып жатыр.
Таласып өнер-білім алып жатыр,
Күнбе-күн алға қарай барып жатыр.
От жегіп, көкте ұшып, суда жүзіп,
Тәңірінің рахметіне қанып жатыр.
Ойламай біздің қазақ текке жатыр,
Бір іске жанаса алмай, шетте жатыр.
Азырақ көз жүгіртіп қарап тұрсаң,
Қазекең таң қаларлық көпте жатыр.
Байларың мыңды айдаған шалқып жатыр,
Бар малын болыстыққа сарқып жатыр.
Барымта, ұрыс-керіс, кісі өлтіріс -
Ішінде сорлы қазақ қалқып жатыр.
Кең жері күннен-күнге құрып жатыр,
Сұр жылан бар қан-сөлін сорып жатыр.
Астана, жұрт билеген адамдарды
Тәңірі күннен күнге ұрып жатыр.
Біреулер оқып төре болып жатыр,
Шен алып, бақыт құсы қонып жатыр.
Ұмытып өзін- өзі бұл сабазың,
Жұртына қарсы таяқ соғып жатыр.
Шәкірттер медреседе шіріп жатыр,
Қайдағы ескі нұсқа көріп жатыр.
Оқыған, дін іздеген байғұс шәкірт
Жемтікші құзғын болып кіріп жатыр.
Әйелдер мал орнына жүріп жатыр,
Жас қызын малға, шалға беріп жатыр.
«Бес байтал - әйел құны» деген бір сөз
Қармаққа талай жасты іліп жатыр.
Дау-жанжал ел арасы толып жатыр,
Өзара талас-тартыс болып жатыр.
Кешегі шешек жарған қазақ гүлі
Сарғайып, бір су тимей солып жатыр.
Мінекей, қазақ солай бітіп жатыр,
Күннен күн артқа қарай кетіп жатыр.
Сезінбей өз өлгенін, өзінікін
Аты өшкір оқығандар нетіп жатыр!

Администратор 2019-10-23

Ата, бата

Мектептен (қайтты) Марияш,
Әліппесі қолында.
Шақырады оны атасы:
«Кел, құлыным, кел мұнда».
Марияш:
«Ата, ата!»- дегенде,
Атасы:
«Кұлыным ата дейді ғой!»
Марияш:
«Бата, бата!»- дегенде,
Атасы:
«Құлыным бата дейді ғой!
Бата десең, қарт атаң
Айналсын сендей ботасын!
Оқы, құлыным, әлім бол,
Атаң берді батасын!».

М. Жұмабаев

Администратор 2019-10-23

Лай суға май бітпес қой өткенге

Лай суға май бітпес қой өткенге,

Күлеміз қасқыр жалап, дәметкенге.

Сол қасқырша алақтап түк таппадым,

Көңілдің жайлауынан ел кеткен бе?

Берген бе тәңірім саған өзге туыс?

Қыласың жер-жићанды бір-ақ уыс.

Шарықтап шар тараптан көңіл сорлы

Таппаған бір тиянақ не еткен қуыс?

Күні-түні ойымда бір-ақ тәңірі,

Өзіңе құмар қылған оның әмірі.

Халиққа махлуқ ақылы жете алмайды,

Оймен білген нәрсенің бәрі — дәћрі.

Өзгені ақыл ойға қондырады,

Біле алмай бір тәңіріні болдырады.

Талып ұйықтап, көзіңді ашсымен,

Талпынып тары да ойлап зор қылады.

Көңілге шек шүбәлі ой алмаймын,

Сонда да оны ойламай қоя алмаймын.

Ақылдың жетпегені арман емес,

Құмарсыз құр мүлгуге тоя алмаймын.

Мекен берген, халық қылған ол лә мәкан

Түп иесін көксемей бола ма екен?

Және оған қайтпақсың, оны ойламай,

Өзге мақсат ақылға тола ма екен? 

Өмір жолы — тар соқпақ, бір иген жақ,

Иілтіп, екі басын ұстаған хақ.

Имек жолда тиянақ, тегістік жоқ,

Құлап кетпе, тура шық, көзіңе бақ.

Администратор 2019-10-23

Қазақ дастарқаны

Сендерменен бір бастым шыңға қадам,
Сендер барда келген жоқ мұң да маған.
Далаң анау талдырған құс қанатын,
Бабаң анау кеңдігін бұлдамаған.
Қайырмасы: 
Жылдар қалып, жылдардан озады елес,
Ата даңқы балаға мазақ емес.
Дастарқанын жимаған бабалардың
Жомарт салтын жойғандар қазақ емес!
Қайран бабам, сиремей үйің достан,
Сый болмапты сенің бұл сыйыңды асқан.
Досың түгіл, мына кең дастарқаның
Қасыңа да жатыпты-ау жиылмастан.
Көзіме нұр, ойыма қиял қосқан,
Мекенімді мұңайтсам сүйе алмастан,
Сенен туған ұлмын деп дүниеге,
Қалай тура қараймын ұялмастан?!

Администратор 2019-10-23

Малға достың мұңы жоқ малдан басқа

Малға достың мұңы жоқ малдан басқа,

Аларында шара жоқ алдамасқа.

Табысына табынып, қалтаң қағып,

Тойғанынан қалғанын берсе алашқа.

Мал жияды мақтанып білдірмекке,

Көзге шұқып, малменен күйдірмекке.

Өзі шошқа өзгені “ит” деп ойлар,

Сорпа-сумен, сүйекпен сүйдірмекке.

Ақылды деп, арлы деп, ақбейіл деп

Мақтамайды ешкімді бұл күнде көп.

Осы күнде мал қайда, боқ ішінде,

Алтын алсаң, береді боғынан жеп.

Осыны оқып, ойлай бер, болсаң зерек.

Еңбекті сат, ар сатып неге керек?

Үш-ақ нәрсе — адамның қасиеті:

Ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек.

Администратор 2019-10-23

Кета балықтың ерлігі

Өріс ашқан сан кеме, сан қайыққа
Біздің сонау айтолқын Ақжайықта
Кета деген балық бар.
Уылдырық шашар кезде сол балық.
Қос жанары тұмандана толғанып,
Пәленбай күн жол жүріп,
Әбден шаршап болдырып,
Құлшына, жанып іштен,
Жан жүйесін сыздатқан сағынышпен,
Ұрпағына сенімді орын тапқанша,
Ешқайда қайырылмастан,
Бастапқы бағытынан айрылмастан,
Көзінде тек аналық арман ойнап,
Жүзеді екен үмітін алға байлап.
Ол анық сезінеді:
Табиғаттың тамаша кезеңінде
Сонау іңкәр Ақжайық өзенінде.
Жылдағыдай секіріп ойнамайтынын,
Жем іздеп шарламайтынын,
Жанарында жаз көркі жайнамайтынын.
Тереңге тепсіне бойламайтынын.
Амал қайсы бәрін де көрі керек,
Ұрпағы үшін оған да көну керек,
Кеталардың тағдыры қандай қатал,
Уылдырық шашқан соң өлу керек!
Бұл балық шынында да дара батыр,
Әне, оған жақын тұр заман ақыр.
Соның бәрін біледі ол,
Біле тұра,
Уылдырық шашуға бара жатыр.
Қалса бопты ұрпағы жалғасы боп,
Жалғасы боп,
Тірліктің арнасы боп,
Өзі өлген соң денесін шортан жесін,
Мұнда оның инедей шаруасы жоқ...
Әттең, шіркін, мүсінші болсам-ау мен,
Ұзақ түн кірпі кілмей толғатар ем.
Ұрпағы үшін жүрегі жырлап өткен,
Ұрпағы үшін өмірін құрбан еткен
Осындай алыптарға
Ғажайып бір ескерткіш орнатар ем...
Өмір мынау, толған дау, толған егес,
Ұрпақ жоқта тарланың тарлан емес,
Арманың арман емес.
Өйткені ұрпақ тағдырынан маңызды
Бізге дейін ештеңе болған емес,
Және бізден кейін де болмақ емес!!!

Администратор 2019-10-23

Мен боламын демеңдер

Мен боламын демеңдер,

Аяқты алшаң басқанға.

Екі көзің аларып,

Құр қарайсың аспанға.

Бір ғылымнан басқаның,

Бәрі де кесел асқанға.

Үйткен адам жолығар,

Кешікпкей-ақ тосқанға.

Администратор 2019-10-23

Қымыз бен піспек

Кел, ағатай, сырласалық, ойласалық аз уақыт
Шабыт отын жаққандардың бірі сенсің маздатып.
Ара-тұра намысыңның желмаясын боздатып,
Ойларыңды ұлы Әуезов ойларына қоздатып,
Тірлігіңе және содан тапқан жоқсың аз бақыт.
Қай кезде де айтылады батырға өкпе, досқа наз,
Ұлы қарты жоқ ұлттар - боп жүргендер босқа мәз
Ұстарасын жаландатпай сәл бөгелсін шаштараз...
Бұл қазақта ақ сақалдар жеткілікті болғанмен
Сол сақалды ту биікте ұстап жүрер бастар аз.
Бүгін міне, байтақ өлке нарық атты күйге енді,
Бақыт келіп дарынға емес қалталыға сүйкенді,
Сол сәтінде ол басқа биік қалталыдан сый көрді.
Аласа мен асқақ рух шекарасы жойылып
Майлы қасық ұстағандар қалам ұстап үйренді.
Ұлы мінез жинақтаған біздің ұлы даланы
Жан жағынан пендешілік дерті қоршап қамады.
Қайда оның ұрандары, қырандары саналы?
Табанының бедері жоқ "мықтылар" тым көбейді
Жағымпазға тоқтау айтар сақал қалмай барады.
Әдебиет деген сөздің әдеп, ұят - түбірі
Алыс кетті әдепсіздің, ұятсыздың дүбірі.
Бар кезенде ғасыр мұзы ұятпенен жібіді.
Ұятты қарт ел піспегі - ұлт қымыз болса егер
Елестету қандай ауыр піспегі жоқ күбіні.
Кел, сыйлы ұстаз, сырласалық мына туған күніңде,
Әуезовтің шәкірті едің, бізге ағасың бүгінде.
Жетпіс таудан асқаннан соң жеңілдемес жүгің де.
Ел ағасы болу азап. 
Әр қимылың есепте
Әр асығыс сөзіңнің де сұрауы бар түбінде...
Сәмбі талдар аз ба, сірә, жел ығына майысқан
Ұлт риза болсын десең, бәйтерегім, бүгілме!

Администратор 2019-10-23

Наурыз парасаты

Айналаңнан жаңа көктем лебі ескен,
Бұл кезеңде күн менен түн теңескен.
Сан ғасырлық ата-баба салтына
Көпір болған Наурыз өзің емес пе ең?!
Қайырмасы: 
Таулы, таусыз жерімнің,
Өзен, теңіз көлімнің
Жаса ұлы Наурызы
Жаңа жылы елімнің, а-а-а.
Қуат жиса пәктігің,
Асқақтайды шоқтығың.
Тамыр алмай тарихтан
Мазмұнданбас шаттығың, а-а-а.
Жүріп жатыр ерлік, ездік жарысы,
Наурыз нағыз сәулелі ойлар қонысы.
Наурыз сайын ағаш егу, гүл егу
Әр адамның табиғаттық борышы.
Қайрымасы.
Наурыз парқы - өз санаңды өсіру,
Пенделікті ізгілікке көшіру.
Өткен жылы өкпелесең біреуге
Сол өкпеңді дархандықпен кешіру.
Қайырмасы.

Администратор 2019-10-23