Сабақ жоспарлары

Біреудің кісісі өлсе, қаралы — ол

Біреудің кісісі өлсе, қаралы — ол,  

Қаза көрген жүрегі жаралы — ол, 

Көзінің жасын тыймай жылап жүріп, 

Зарланып неге әнге салады ол?

Күйеу келтір, қыз ұзат, тойыңды қыл, 

Қыз таныстыр, қызыққа жұрт ыржаңшыл. 

Қынаменде, жар-жар мен бет-ашар бар, 

Өлеңсіз солар қызық бола ма гүл?

Бала туса, күзетер шылдақана, 

Олар да өлең айтар шулап жана. 

Бұрынғы жақсылардан өрнек қалған, 

Биде тақпақ, мақал бар, байқап қара.

Туғаңда дүние есігін ашады өлең, 

Өлеңмен жер қойнына кірер денең. 

Өмірдегі қызығың, бәрі өлеңмен, 

Ойлансаңшы бос қақпай елең-селең.

Өлеңді айтпақ түгіл ұға алмайсың, 

Айтсаң, да, үддасынан шыға алмайсың. 

Сен білмейді екен деп айтпасын ба, 

Неге мұнша сіресіп құп алмайсын?

Өлең деген — әр сөздің ұнасымы, 

Сөз қосарлық, орайлы жарасымы. 

Сөзі тәтті, мағынасы түзу келсе, 

Оған кімнің ұнасар таласуы?

Қарны тоқ қаса надан ұқпас сөзді 

Сөзді ұғар, көкірегі болса көзді 

Қадірін жақсы сөздің білер жанға, 

Таппай айтпа оған да айтар кезді.

Сый дәметпе, берсе алма еш адамнан, 

Нең кетеді жақсы өлең сөз айтқаннан. 

Сүйінерлік адамды құрмет қыл, 

Аулақ бол әнін сатып нәрсе алғаннан.

Көп топта сөз танырлық кісі де аз-ақ, 

Ондай жерде сөз айтып болма мазақ. 

Біреуі олай, біреуі бұлай қарап, 

Түгел сөзді тыңдауға жоқ қой қазақ.

Шортанбай, Дулат пенен Бұқар жырау, 

Өлеңі бәрі жамау, бәрі құрау. 

Әттең дүние-ай, сөз таныр кісі болса, 

Кемшілігі әр жерде-ақ көрінеу тұр-ау!

Мақсатым — тіл ұстартып, өнер шашпақ, 

Наданның көзін қойып, көңiлін ашпақ. 

Үлгі алсын деймін ойлы жас жігіттер, 

Думан-сауық ойда жоқ әуел баста-ақ.

Администратор 2019-10-23

Бір сұлу қыз тұрыпты хан қолында

Бір сұлу қыз тұрыпты хан қолында,

Хан да жанын қияды қыз жолында.

Алтын-күміс кигені, қамқа, торғын,

Күтуші қыз-келіншек жүр соңында.

Деген сөз: “Бұқа буға, азбан дуға”,

Хан қарық боп, түсіп жүр айғай-шуға.

Етімді шал сипаған құрт жесін деп,

Жартастан қыз құлапты терең суға.

Сән-салтанат жұбантпас жас жүректі,

Кім де болса тұрғысын көксемек-ті.

Мезгілі еткен, дәуренді қуалаған,

Неғылсын бір қартайған қу сүйекті?

Кәрі жас дәурені өзге тату емес.

Епке көнер ет жүрек сату емес.

Кімде-кім үлкен болса екі мүшел,

Мал беріп алғанменен қатын емес.

Есерлер жас қатынды тұтады екен.

Жас қайғысын білдірмей жұтады екен.

Ортасында бұлардың махаббат жоқ,

Тұсап қойып қашырар бұқа ма екен?

Бай қартайса, малына берер шылбыр,

Мал өмірді жаңғыртпас, құдай ұрғыр.

Біреудің қызын алып малға сатып,

Баяғыны іздеген қандай құрғыр?

Қатыным “қалай” демес ақсақал бай,

Сонымен дос болып жүр апырым-ай!

Қу қатының майысса, мәз боласың,

Шайтанның шәкіртінің қылығын-ай!

Қартаң бай, қатты сақ бол, тілге көнсең,

Мүйіз шығар қатынның тіліне ерсең

Тіпті оңбассың, өзіңе-өзің мәз боп,

Дастарханның байлығын мақтан көрсең.

Кінәсіз бәйбішемен болады араз,

Жастың көңілі жылымас, ол өзіне аз,

Біреуі — көк балдырған, бірі-қурай,

Бір жерге қосыла ма қыс пенен жаз?

Үнемі болмас құйрықты бұлаңдатқан,

Сауырсына шапақтап, сүйіп жатқан.

Екі көңіл арасы — жылшылық жер,

Оны қайтып қосады ол антатқан?

Администратор 2019-10-23

Бәкизатқа

Бәкизатым, шұбарсың,

Оқуға, өзің құмарсың.

Жазайын мен бәйітті,

Танитұғын шығарсың!


Администратор 2019-10-23

Бөстегiм құтылдың, ба Көтiбақтан

Бөстегiм құтылдың, ба Көтiбақтан?

“Күйшiл” деп бабын бiлмей кiнә таққан

Құл табан, кескiл тұмсық Бөстекбайым,

Кiсiге бос берермiн бiр мiн тапқан.

Администратор 2019-10-23

Бөтен елде бар болса

Бөтен елде бар болса,  

Ежеттесің, сыйласың, 

Сыбырлас, сырлас көп болған.  

Көптен тату қимасың. 

Басыңа жұмыс түскен күн 

Татулықты бұрынғы 

Не қылып ол ойласын.

Ашып берер жауыңа 

Өзі көрген қоймасын. 

Желіккен жауға кез болса, 

Араздығы сөз болса,

 “Бәрекелді батыр” деп, 

“Мықты боп бара жатыр” деп,  

Мақтап-мақтап қоздырар.  

Ескі досын көргенде,

Есебі жоқ ант ішіп,

Аруақ, құдай айтысып,

Сыр алғалы айттым деп, 

Жауыңды алдап қайттым деп, 

Құдайдан қорықпай, антұрған 

Иман жүзін тоздырар.

Келіп-кетіп көп жүріп, 

Мен досыңмын деп жүріп,

Дұшпандығын оздырар.

Алдайды деп жауыңа,

Ел тарттырмай баурына,

Көрінгенді азғырар.

Кеселді болып бітеді

Жақсыға біткен жақындар.

Жау жағадан алған күн

Өздері иттей тақымдар.

Үйде отырып ескенде,

Бәрі шешен қақылдар.

Аулаққа шығып бірінің

Бірі сөзін мақұлдар.

Жау көп болса басыңда,

Бірі қалмас қасыңда.  

Жетектесең, табандар.

Далаға шығып өзіңді

Жаттан бетер жамандар. 

Жалбарынып күн көріп, 

Жақынын сатып, жөн көріп, 

Қалтаң-құлтаң амалдар. 

Туысқанға кекшілі

Жас баладан бетерді,

Ойлау да жоқ, білу жоқ,

Келер менен кетерді.

Жақынға еріп, мал салмай, 

Жауды көріп, жан салмай, 

Қайдан ғана біледі

Ауыр менен жеңілдің 

Арасымен өтерді?

Жолдас аз боп сасқанда,

Әуел сонан естисің

“Ат үстінен көтерді”.

Ауыр жұмыс кез болса, 

Араздығы сөз болса,

Араз кісі болғансып,

Сылтау етер бекерді. 

Үйренбейді кісіден

Кіржіңдеп жүріп кекерді. 

Оңалып егер алдыңыз, 

Әржерден-ақ көбейер

Ажарлыңыз, малдыңыз. 

Пәленшені ұрам деп, 

Түгеншені қырам деп, 

Таршылықта қайраңдап, 

Кеңшілікте ойрандап,

Көп батырға қалдыңыз.

Егер тілін алсаңыз,

Бірі қалмас кісіден,

Егер тілін алмасаң,

Бықсып шірір ішінен.

Әркімде-ақ бар ғой туысқан, 

Қайсысы жауды қуысқан?

Күн жауғанда қойныңда,

Күн ашықта мойныңда — 

Арылмас міндет болған соң, 

Әркімнің көңлі суысқан. 

Жақсыға біткен ағайын

Өз үйінде кезексіз

Шешен келер сартылдап. 

Білетiн бiреу кез келсе,

Сөз таба алмас қалтылдап. 

Қалжыңға келер шорқақтау, 

Жауға келер қорқақтау,

Еркін жерде ызақор,

Томырық келер тарқылдап. 

Әдеппенен тамылжып,

Мінезі тәтті болмайды,

Сасық паңдау келеді,

Қырт мақтаншақ оңбайды,

Кісімсініп жалпылдап.

Біреуге өктем іс қылса,

Өз күшім деп ойлайды.

Егер күші жүрмесе,

Бағанағы жақсының

Қылғаны деп қоймайды.

Жат айбынар ісі жоқ,

Жау айдынар күші жоқ,

Өз еркіне жіберсең, 

Ешнәрсеге тоймайды. 

Қалжыңы теріс, сөзі—ұрыс,

Айтқан сөзге көнбейді,

Өз тентегін көрмейді,

Қазан бұзар бір қырыс. 

Сондай кесел туысқан

Қай жерінен болады

Көңілге медеу, ол тыныс? 

Жалығуды пәледен

Жұрт ұмытты біржола. 

Шыныменен тамам ел

Кете ме екен ит бола?

Ішкені мас, жеген тоқ,

Уайым айтар біреу жоқ,

Тым болмаса болмады

“Бұлт ала, жер шола”.

Келелі кеңес жоғалды,

Ел сыбырды қолға алды.

Ел ішінде бітімші

Түгел алып қайтпайды

Сұрай келген бір малды.

Ел жамаған билер жоқ,

Ел қыдырып сандалды. 

Астыртын барып жолығысқан, 

Ақша беріп жалғасқан, 

Ақысын әрең, сол алды.

Орыс сыяз қылдырса,

Болыс елін қармайды.

Қу старшын, аш билер

Аз жүрегін жалғайды.

Орыссыз жерде топ болса,

Шақырған кісі бармайды.

Бітім қылып бір кісі

Адал малын алмайды.

Қызығы кеткен ел бағып,

Қисыны кеткен сөз бағып,

Ендігі атқа мінгендер

Күнде ертеңге талмайды.

Бас қосылса арысқа,

Кім шабады намысқа.

Жатқа қарар беті жоқ,

Жалынбай тұрар к... жоқ,

Ісі кетер шалысқа.

Ел бүлігі Тобықты

Көп пысыққа молықты. 

Малдының малын көре алмай, 

Борышын түгел бере алмай, 

Көрінгенге обықты.

Қазақтың, малын сапырып,

Көп бәлеге шатылып, 

Кесепатқа жолықты.

Өзінен шыққан жақсылар

Түзей алмай зорықты.

Бөтен елдің адамы

Тынбаған соң арамы,

Көңілі әбден торықты. 

Сәудегер қашты бұл елден, 

Несиесін жия алмай. 

Бұралқылар сандалды, 

Жуандарға сия алмай. 

Сыйымсыз болды алашқа, 

Барымтасын тыя алмай. 

Нанымы жоқ, анты бар,

Ел нұсқасы кетті ғой,

Елмін деген салты бар.

Әлі күнге уайым

Қылған жан жоқ ұялмай.

Администратор 2019-10-23

РЕВОЛЮЦИЯ ЖАҢҒЫРЫҒЫ

Екі дүние ерегісіп жатқанда,
Сұңқар құлап жартасқа,
Дауыл тұрған шақтарда,
Күшігендер аспанда,
Сай, Жыраны паналап,
Жемтік іздеп баққанда,
Жұмыр жерді аралап кетті бір үн ғаламат. 
Ұшты ақиық Дауылпаз қанатына жүк артқан.
Қалды тобыр мұнартқан,
Сұлулардың иісіне кұмартқан.
Қалды небір кеселдер:
Қорқақ, күншіл, мешелдер,
Бола алмаған көсемдер,
Көбік езу шешендер.

Администратор 2019-10-23

Домбыраға қол соқпа

Домбыраға қол соқпа

Шымырлатып бір-бірлеп.

Жүрегім, соқпа, кел тоқта,

Жас келер көзге жүр-жүрлеп.

Қайғылы көңілім қайдағы

Бұрынғымды жаңғыртар.

Қайратты алып бойдағы,

Басымды қайғы қаңғыртар.

Онан да жылы жүзіңмен

Кел, жарым, қара бетіме.

Жылы тәтті жауап айт

Іштегі қайғы дертіме.

Іштегі ескі жалынды

Сөндір жаңа қылықпен.

Сөйлесші жақсы, жағымды

Мендей көңілі сынықпен.

Сынық көңілім көп кешер,

Майда қолмен ұстаса.

Көңілге түрлі ой түсер,

Әр тереңге нұсқасаң.

Күйлі, күйсіз бәйгеге

Қажыды көңілім көп шауып.

Көп қинамай әрнеге,

Енді семірт жем тауып!

Администратор 2019-10-23

ТАУДАҒЫ КӨКТЕМ

Сай-саланы 
Аймалады,
Жоталардан жел есті.
Көк қарағай
Көп баладай
Күбір-күбір кеңесті.

Қасқа бұлақ
Тастан құлап
Бара жатыр шапқылап.
Шыңылдаған,
Сыбырлаған
Айқай тастар — саққұлақ.

Администратор 2019-10-23

Бір биге

Мағжан Жұмабаев
Ә, биіміз, биіміз,
Түрленіп қапты үйіңіз,
Тым-ақ тәуір күйіңіз.
Байқаймын, мол ғой, тегінде,
Алатын елден сыйыңыз.
«Сен» деп сізге не дейін,
Тамұқта мәңгі күйіңіз!

Администратор 2019-10-23

ҚЫЗ СЫРЫ

Көк белдерге шық тұнғанда, 
Шықтым бір күн далаға. 
Күнмен бірге шықтың алдан, 
Шықтың алдан, жан аға.

Қыр астынан шуақ шашып, 
Келе жатты күн шығып. 
Омырауға құлап шашым, 
Қиылып ем қымсынып.

Администратор 2019-10-23

ЖЫЛ ӨТТІ

Білмеймін, күн өтті ме, жыл өтті ме? 
Баяғы байыз таппас жүрек, міне, 
Күн, айлар, жылдар өтті дүр етті де, 
Бір тамыры болымсыз дір етті де, 
Баяғы жүрек қалды.
Жүрек, міне.

Байғұсым ұзатып сап барлығын да 
Өзі қалды өзінің хандығында.
Кеуде деген керемет сарайының, 
Жаңа жылдық алауын жандыруда. 
Жайлап қана ұзатып барлығын да.

Администратор 2019-10-23

СЕН СҰРАМА

Мен айтпаймын,
Сен сұрама,
Сұрама сен мен кіммін! 
Жеңетіннен жеңілдім де, 
Жеңбейтінге жеңдірдім. 

Көңіл деген құйты құсты 
Көнбейтінге көндірдім. 
Сенетінге иландырмай, 
Сенбейтінге сендірдім.

Администратор 2019-10-23

ЕГІСТІКТЕ

— Әзер шығып, әлсіреп күн батады, 
Тұмау тиіп қалған ба Күнге тағы?! 
Амандығын сұраспай бір-бірінің, 
Осылай деп екі қарт үн қатады.

Жаз аспаны жабыңқы, түнеріп түр, 
Жатыр дала шаңытып, күреңіп қыр. 
Аузын ашып шөлдеген аңызаққа, 
Сәл-пәл тамшы сараң бұлт жіберіп тұр.

Администратор 2019-10-23

КЕТЕЙІКШІ БІР ЖАҚҚА

Барайықшы жылғаға, 
Барайықшы жылғаға. 
Барайық та жылғаға, 
Тебейікші сырғанақ.

Барайықшы суатқа, 
Шығайықшы қыратқа. 
Шығайық та қыратқа, 
Бөленейік шуаққа.

Администратор 2019-10-23

НАУРЫЗ АЙЫ ТУҒАНДА

Наурыз айы туғанда,
Той болушы еді бұл маңда. 
Сақталушы еді сыбаға, 
Сапарға кеткен ұлдарға, 
Наурыз айы туғанда.

Наурыз, наурыз, күнгі игі! 
Күні игі жердің — түрі игі. 
Бауыры жылып науат қар, 
Бабымен ғана жібиді. 
Шашылып ырыс шанақтан, 
Шақырып бір үй бір үйді, 
Шаттанушы еді бір игі.

Администратор 2019-10-23

АРМЫСЫНДАР, АППАҒЫМ

Таныс өлке, таныс маң, 
Тайға мініп жарысқан,
Қара жолдың шаңы ұшқан. 
Біреулермен алысқан, 
Біреулермен табысқан. 
Сырнай тартқан қамыстан, 
Таныс өлке, таныс маң.

Таныс толқын аунатқан, 
Таныс сағым тау жақтан 
Барады ағып аулаққа. 
Жамыраған жас төлдің, 
Үні естілген жан-жақтан.

Администратор 2019-10-23

АҚПАН

Ақпан, ақпан, Қыс әлі.
Ақ түтек аяз қысады,
Арылмай жатыр даладан 
Ақсақал қыстың құшағы.

Аппақ қар тақтақ жолдарда 
Жақсы аттар, шана заулайды. 
Адыр мен қырқа, жондарда 
Ал қызыл түлкі аунайды.

Администратор 2019-10-23

КҮН ҰШЫП КЕЛЕ ЖАТЬІР

Таң атып келе жатыр,
Қарсы ал, жаным!
Қарсы ал, жаным!
Қанып іш таң саумалын.
Кешегі өткен күнмен өртеп жібер, 
Өткерген өкініштің бар салмағын.

Ай, жұлдыз абыр-сабыр араласып,
Түн кетті шымылдығын ала қашып. 
Жарқын өмір жарықсыз қалды ма деп, 
Күн ұшып келе жатыр,
Далаға шық.

Администратор 2019-10-23

СӨЙЛЕП ТҰРҒАН МОСКВА

Сөйлеп тұрған менің Москвам, 
Жаңғыртып даусы жер-көкті. 
Оянып күнде даусынан, 
Бастайды халқым еңбекті.

Москвам үндеп жырлайды, 
Достықтың жолын жаттаймыз. 
Әлемде соғыс болмайды, 
Тыныштық өмір сақтаймыз.

Администратор 2019-10-23

Ем таба алмай

Ем таба алмай,

От жалындай

Толды ќайғы кеудеге,

Сырласа алмай,

Сөз аша алмай

Бендеге.

Босќа ұялып,

Текке именіп

Кімді көрсем, мен сонан,

Бетті бастым,

Ќатты састым,

Тұра ќаштым

Жалмажан.

Ұйќы,тамаќ

Ќалды дым-аќ,

Керегі жоќ іс болып.

Жай жатпағым

Тыныш таппағым

Күш болып.

Жас жүрегім

Жанды менің

Жайтаба алмай, япырым!

Өзің онда

Жаќсы жолға

Аќырын.

Жас теректің

Жапырағы

Жамырайды, соќса жел

Түсті мойын,

Толды ќойын,

Аќты сел.

Мен паң едім,

Бейќам едім

Ешнәрседен ќайрысыз,

Тез дерттендім,

Кейде өртендім,

Кейде мұз.


Администратор 2019-10-23

Еріксіз түскен ылдидан

Еріксіз түскен ылдидан,

Еркіңмен шығар өр артық.

Қорлықпен өткен өмірден,

Көсіліп жатар көр артық.

Администратор 2019-10-23

Ескілік киімі (Ойланып ойға кеттім жүз жылғы өткен)

Ойланып ойға кеттім жүз жылғы өткен,

Тон қабаттап, кигенім — шидем шекпен,

Жейде-дамбал ақ, саңнан, жарғақ шалбар,

Жырым балақ матамен әдіптеткен.

Мықшима аяғымда былғары етік,

Киіз байпақ тоңдырмас ызғар өтіп.

Үлкен кісе жанымда жез салдырған,

Шақпағым, дәндәкуім жарқ-жұрқ етіп,

Күләпәра басымда, пұшпақ тымақ,

Ішкі бауын өткізген тесік құлақ.

Тобылғыдан кесіп ап, жіппен қадап,

Артын белге қыстырған бар құрысқақ.

Қалмақы қара үзеңгі, биік қасты ер,

Қанжығамда байлаулы жіптен шідер,

Жарғақ жастық көпшігім жезді пыстан

Бір келісті сайманым топқа мінер.

Администратор 2019-10-23

Есіңде бар ма жас күнің

Есіңде бар ма жас күнің,

Кімді көрсең — бәрі дос.

Махаббат, қызық, мал мен бақ,

Көрінуші еді досқа ортақ.

Үміт жақын, көңіл ақ,

Болар ма сондай қызық шақ?

Құдай-ау, қайда сол жылдар,

Махаббат, қызық мол жылдар?!

Ақырын, ақырын шегініп,

Алыстап кетті-ау құрғырлар.

Жалынасың, боқтайсың,

Сағынасың, жоқтайсың

Махаббат кетті, дос кетті,—

Жете алмайсың, тоқтайсың.

Көзіме жас бер, жылайын,

Шыдам бер, сабыр қылайын

Жаралы болған жүрекке

Дауа бер, жамап сынайын.

Администратор 2019-10-23

Жазғытұры (Жазғытұры қалмайды қыстың сызы)

Жазғытұры ќалмайды ќыстың сызы,

Масатыдай ќұлпырар жердің жүзі.

Жан-жануар, адамзат анталаса,

Ата-анадай елжірер күннің көзі.

Жаздың көркі енеді жыл ќұсымен,

Жайраңдасып жас күлер ќұрбысымен.

Көрден жаңа тұрғандай кемпір мен шал

Жалбаңдасар өзінің тұрғысымен.

Ќырдағы ел ойдағы елмен араласып,

Күлімдесіп, көрісіп, ќұшаќтасып.

Шаруа ќуған жастардың мойны босап.

Сыбырласып, сырласып, мауќын басып.

Түйе боздап, ќой ќоздап—ќорада шу,

Көбелек пен ќұстар да сайда ду-ду.

Гүл мен ағаш майысып ќарағанда,

Сыбдыр ќағып, бұлаңдап ағады су.

Көл жағалай мамырлап ќу менен ќаз,

Жұмыртќа іздеп, жүгіріп балалар мәз.

Ұшќыр атпен зырлатып тастағанда,

Жарќ-жұрќ, етіп ілінер көк дауылпаз.

Ќұс ќатарлап байлаған ќанжығаға

Ќыз бұраңдап жабысып, ќылады наз.

Жазға жаќсы киінер ќыз-келіншек,

Жер жүзіне өң, берер гүл-бәйшешек.

Ќырда торғай сайраса, сайда бұлбұл,

Тастағы үнін ќосар байғыз, көкек.

Жаңа бұлмен жамырап саудагерлер,

Диханшылар жер жыртып, егін егер,

Шаруаның біреуі екеу болып,

Жаңа төлмен көбейіп дәулет өнер.

Безендіріп жер жүзін тәңірім шебер,

Мейірбандыќ, дүниеге нұрын төгер.

Анамыздай жер иіп емізгенде

Бейне әкеңдей үстіңе аспан төнер.

Жаз жіберіп, жан берген ќара жерге

Рахметіне алланың көңіл сенер.

Мал семірер, аќ, пенен ас көбейер,

Адамзаттың көңілі өсіп көтерілер.

Ќара тастан басќаның бәрі жадырап,

Бір сараңнан басќаның бейлі енер,

Тамашалап ќарасаң тәңірі ісіне,

Бойың балќып, ериді іште жігер.

Кемпір-шал шуаќ іздеп, бала шулар,

Мал мазатсып, ќуанып, аунап-ќунап.

Жыршы ќұстар әуеде өлең айтып,

Ќиќу салар көлдегі ќаз бен ќулар.

Күн жоќта кісімсінер жұлдыз бен ай,

Ол ќайтсін ќара түнде жарќылдамай,

Таң атќан соң шығарын күннің біліп,

Өңі ќашар, бола алмас бұрынғыдай.

Күн— күйеуі, жер — ќалыңдыќ сағынысты,

Ќұмары екеуінің сондай күшті.

Күн ќырындай жүргенде көп ќожандап,

Күйеу келді — ай, жұлдыз к.... ќысты.

Ай, жұлдызға жылы жел хабар беріп,

Жан-жануар ќуанар тойға елеріп.

Азалы аќ көрпесін сілке тастап.

Жер күлімдер, өңіне шырай беріп.

Күн күйеуін жер көксеп ала ќыстай,

Біреуіне біреу ќосылыспай,

Көңілі күн лебіне тойғаннан соң.

Жер толыќсып, түрленер тоты ќұстай.

Адам тіктеп көре алмас күннің көзін,

Сүйіп, жылып тұрады жан лебізін.

Ќызыл арай сары алтын шатырына

Күннің кешке кіргенін көрді көзім.


Администратор 2019-10-23

Жалын мен оттан жаралып

Жалын мен оттан жаралып,

Жарқылдап Рағит жайды айдар.

Жаңбыры жерге таралып,

Жасарып шығып гүл жайнар.

Жайына біреу келсе кез,

Белгілі жұмыс, сор қайнар.

Қуаты күшті нұрлы сөз,

Қуатын білген абайлар.

Жалын мен оттан жаралған

Сөзді ұғатын қайсың бар?

Партия жиып, пара алған,

Бейілді кедей байсыңдар.

Қулық пенен құбылдан

Жалықсаң, жақсы жансыңдар.

Түзелмесе шұғылдан,

Арсылдар да қалшылдар.

Несі өмір,

Несі жұрт?

Өңшең қырт,

Бас қаңғырт!

Администратор 2019-10-23