Сабақ жоспарлары

Абайдың баласы Әкiмбайдың жоқтауы


Көз жұмғанша дүниеден

Иманын айтып кеткен-ай!

“Бейсенбі ме бүгін?” — деп,

Жұмаға қарсы өткені-ай!

Жер күңіреніп, жұрт шулап,

Ағайын түгел жеткені-ай!

Жамиғат тоңбай күн жылып,

Тәңірім рақым еткені-ай!

Ием қабыл алды-ақ деп,

Көңіліме қуат біткені-ай!

Қуаттанып бақсам да,

Күнәлі нәсіп түтпеді-ай.

Ата тегі мұндағы—

Орта жүздің ұлығы;

Ана тегі ондағы —

Өзен судың тұнығы.

Екі асылдан қосылған

Сом алтынның сынығы.

Өлгенше естен қалмайды

Өзгеше біткен қылығы.

Қызыл балақ, қыранның

Балапанын дерт алды.

Жеміс ағаш, бәйтерек

Балдырғанын өрт алды.

Артына белгі тастамай,

Жал құйрығын келте алды.

Ағайынды тойғызбай,

Аз күн қоймай, ерте алды.

Көп жасамай, көк орған,

Жарасы үлкен жас елім.

Күн шалған жерді тез орған,

Күншіл дүние қас өлім.

Артына белгі қалдырмай,

Бауыры қатты тас өлім.

Жыламайын десе де,

Шыдарлық па осы өлім?

Орамды тілді ауыздым,

Ақылға жүйрік маңыздым,

Көп жасамай тез кетіп,

Көзімнің жасын ағыздың.

Администратор 2019-10-23

Абайдың өзге ақындармен сөз жарыстыруы

Ж ы л т ы р

Әр кімнің бір жары бар басы байлы,

Қызылсу Шарға құймай тасымайды.

Жаманға жақсы қолы ұжымақтай,

Әлханжан бері таста насыбайды.

А б а й

Ханым сен, қарашың мен, басы байлы,

Ханы жақсы болса, қарашысы жасымайды.

Жаманға жақсы қолы ұжымақтай,

Әлханжан бері таста насыбайды.

 

Н а р м а н б е т

Нәпсі жел, көңіл өзен толқын ұрған,

Ми патша, ақыл дария кеңес құрған.

Таупықсыз ақыл мақұл болмайды екен,

Білмесең, құр суретсің бекер тұрған.

А б а й

Сөз самал, өлең дария толқын ұрған,

Ми патша, ақыл уәзір кеңес құрған

Ғылымсыз ақыл таупық болмайды екен,

Болмаса құр суретсің бекер тұрған.

 

Ы б ы р а й   А л т ы н с а р и н

Адам көркі бастағы,

Маңдайдағы қастары.

Кеңшілікте әркім дос,

Таршылықтағы қайрылған

достағы.

А б а й

Бес мүшеден бөлекше бас та өзгеше,

Қиғаш біткен маңдайда қас та өзгеше.

Кеңшілікте дос та дос, қасың да дос,

Таршылықта қайрылған дос та өзгеше.

Администратор 2019-10-23

Ата-анаға көз қуаныш

Ата-анаға көз ќуаныш—

Алдына алған еркесі.

Көкірегіне көп жұбаныш,

Гүлденіп ой өлкесі.

Еркелік кетті.

Ер жетті,

Не бітті?

Оќытарсың молдаға оны,

Үйретерсің әрнені.

Медеу етіп ойы соны,

Жаны тыныштыќ көрмеді.

Жасында күтті,

Дәме етті,

Босќа өтті .

Ата көңілі жанбаса бір.

Артыќ өнер шыќпаса

Ел танымай, үй танып ќұр,

Шаруасын да ұќпаса.

Үміті ќайда?

Соны ойла,

Абайла!

Сүйер ұлың болса, сен, сүй,

Сүйінерге, жарар ол.

Сүйкімі жоќ ќұр масыл би

Сүйретіліп өтер сол.

Табылмас ќайла.

Ойбайла

Не пайда?

Зарланарсың, ойланарсың

Не болам деп енді мен.

Ќұрбылардан ќорланарсың,

Тәңірі ісіне сен де көн.

Ќайғысыз бенде

Көрдің бе,

Өміріңде?

Тәңірі сорлы етсе бенде,

Не бітірер ќұр жылап.

Жігері жоќ аќылы кенде,

Жанбасыңнан жат сұлап!

Бір жаман мен бе?

Дедің бе

Көңіліңде?

Администратор 2019-10-23

Ауру жүрек ақырын соғады жай

Ауру жүрек ақырын соғады жай,

Шаршап қалған кеудемде тулай алмай.

Кейде ыстық қан басып кетеді оны,

Дөңбекшіген түндерде тынши алмай.

Қараңғы саңырау қайғы ойды жеңген,

Еркелік пен достықты ауру көрген.

Ақылы жоқ, ары жоқ, шуылдақты

Күнде көріп, тұл бойы жиіркенген.

Тіріліп өткен күнді, тағы шөлдеп,

Осы күнді күн демес қарғап, міндеп.

Кейде тілеп бақ пенен тағы тыныштық,

Кейде қайғы, азапты тағы да іздеп

Кейде ойлайды жылауға қайғы зарын,

Тынышсыз күнде ойлаған дерттің бәрін

Кейде онысын жасырар жұрттан ұрлап,

Кетірер деп мазақтап беттің арын.

Ауру жүрек ақырын соғады жай,

Өз дертін тығып ішке, білдіре алмай,

Кейде ыстық тағы да қан басады,

Кейде бір сәт тыншығар үн шығармай.



Администратор 2019-10-23

Байлар жүр жиған малын қорғалатып

Байлар жүр жиған малын қорғалатып, 

Өз жүзін онын беріп алар сатып, 

Онын алып, тоқсаннан дәме қылып, 

Бұл жұртты қойған жоқ па құдай атып.

Барып келсе Ертістің суын татып, 

Беріп келсе бір арыз бұтып-шатып, 

Елді алып, Еділді алып есіреді, 

Iсіп-кеуіп, қабарып келе жатып. 

Әрі-бері айналса аты арықтап, 

Шығынға белшесінен әбден батып. 

Сұм-сұрқия, қу, білгіш атанбаққа, 

Құдай құмар қылыпты қалжыратып. 

Қорғаласа, қорықты деп қоймаған соң, 

Шаптырады қалаға бай да андатып. 

Күшті жықпақ, бай жеңбек әуел бастан, 

Қолға түсер сілесі әбден қатып. 

Жаны аяулы жақсыға қосамын деп, 

Әркім бір ит сақтап жүр ырылдатып.


Администратор 2019-10-23

Балалық өті, білдің бе?

Балалық өті, білдің бе?

Жігіттікке келдің бе?

Жігіттік өтті, көрдің бе?

Кәрілікке көндің бе?

Кім біледі, байғұстар,

Баяндыдан сөндің бе?

Баянсызға төндің бе?

Әлде, айналып, кім білер,

Боталы түйе секілді

Қорадан шықпай өлдің, бе?


Администратор 2019-10-23

Белгілі сөз: “өлді, өлді”

Белгілі сөз: “өлді, өлді”,

Белгісіз оның мекені,

Не халатқа әулірді,

Қайда қандай екені.


Администратор 2019-10-23

Буынсыз тілің

Буынсыз тілің,

Буулы сөзің,

Әсерлі адам ұғлына.

Кісінің сөзін

Ұққыш-ақ өзің,

Қисығын түзеп туғрыға.

Сезімпаз көңіл

Жылы жүрек.

Таппадым деп түңілмес.

Бір тәуір дос

Тым-ақ керек,

Ойы мен тілі бөлінбес

Администратор 2019-10-23

Бір дәурен кемді күнге — бозбалалық

Бір дәурен кемді күнге — бозбалалық,  

Қартаймастай көрмелік, ойланалық. 

Жастықта көкірек зор, уайым жоқ, 

Дейміз де ешнәрседен қорғаналық.

Бар ойы — өлең айтып,ән салалық, 

Біреуді қалжың, қылып қолға алалық. 

Қызды ауылға қырындап үйір болса — 

Көңiліне зор қуаныш, бір бадалық.

Демеңдер өнбес іске жұбаналық, 

Ақыл тапсақ, мал тапсақ қуаналық. 

Қызды сүйсең, бірді-ақ сүй таңдап тауып, 

Көрсе қызар, күнде асық — диуаналық.

Жастықта бір күлгенің бір қаралық, 

Күлкі баққан бір көрер бишаралық. 

Әуелі өнер ізделік қолдан келсе, 

Ең болмаса, еңбекпен мал табалық.

Той болса, тон киелік, жүр баралық, 

Бірімізді біріміз аударалық. 

Ат арықтар, тон тозар, кәдір кетер, 

Күлкіні онша күйлеп, шуламалық.

Уайым — ер қорғаны, есі барлық,

Қиыны бұл дүниенің — қолы тарлық.

“Еће-еће”ге елірме, бозбалалар,

Бұл — бес күндік бір майдан ер сынарлық,

Салынба, қылсаң-дағы сан құмарлық, 

Алдында уайым көп шошынарлық: 

Жарлылық, жалынышты жалтаң көздік, 

Сүйкімі, икемі жоқ шалдуарлық.

Әсем салдық өлгенше кiм қыларлық,  

Оған да мезгіл болар тоқталарлық. 

Ұрлық қылар, тентіреп тамақ асырар 

Болмаған соң, жұмыс қып мал табарлық.

Басында әке айтпаса ақыл жарлық, 

Ағайын табылмаса ой саларлық, 

Қалжыңбассып өткізген қайран дәурен 

Түбінде тартқызбай ма ол бір зарлық?

Осы елде бозбала жоқ сөзді ұғарлық, 

Жақсы айғырда бие жоқ ат туарлық. 

Әйтеуір ақсақалдар айтпады деп 

Жүрмесін деп, азғана сөз шығардық

Администратор 2019-10-23

ҚЫЗ СЫРЫ

Көк белдерге шық тұнғанда, 
Шықтым бір күн далаға. 
Күнмен бірге шықтың алдан, 
Шықтың алдан, жан аға.

Қыр астынан шуақ шашып, 
Келе жатты күн шығып. 
Омырауға құлап шашым, 
Қиылып ем қымсынып.

Администратор 2019-10-23

ЖЫЛ ӨТТІ

Білмеймін, күн өтті ме, жыл өтті ме? 
Баяғы байыз таппас жүрек, міне, 
Күн, айлар, жылдар өтті дүр етті де, 
Бір тамыры болымсыз дір етті де, 
Баяғы жүрек қалды.
Жүрек, міне.

Байғұсым ұзатып сап барлығын да 
Өзі қалды өзінің хандығында.
Кеуде деген керемет сарайының, 
Жаңа жылдық алауын жандыруда. 
Жайлап қана ұзатып барлығын да.

Администратор 2019-10-23

НАУРЫЗ АЙЫ ТУҒАНДА

Наурыз айы туғанда,
Той болушы еді бұл маңда. 
Сақталушы еді сыбаға, 
Сапарға кеткен ұлдарға, 
Наурыз айы туғанда.

Наурыз, наурыз, күнгі игі! 
Күні игі жердің — түрі игі. 
Бауыры жылып науат қар, 
Бабымен ғана жібиді. 
Шашылып ырыс шанақтан, 
Шақырып бір үй бір үйді, 
Шаттанушы еді бір игі.

Администратор 2019-10-23

АРМЫСЫНДАР, АППАҒЫМ

Таныс өлке, таныс маң, 
Тайға мініп жарысқан,
Қара жолдың шаңы ұшқан. 
Біреулермен алысқан, 
Біреулермен табысқан. 
Сырнай тартқан қамыстан, 
Таныс өлке, таныс маң.

Таныс толқын аунатқан, 
Таныс сағым тау жақтан 
Барады ағып аулаққа. 
Жамыраған жас төлдің, 
Үні естілген жан-жақтан.

Администратор 2019-10-23

Жас өспірім замандас қапа қылды

Жас өспірім замандас қапа қылды,

Сабыр, ар жоқ, аял жоқ, ілді-жұлды.

Тұрлау қылып ешнәрсе басқара алмай,

Сенімі жоқ серменде өңкей жынды.

Жамандық, жақсылық пен — оған бір бәс,

Дін ісін, құдай ісін айыра алмас.

Арын сатып, ант ұрып іздегені —

Бір семіз ат, аяғы бір табақ ас.

Тұрлаусыздың қолынан не келеді?

Ынтасыз қайтіп өнер үйренеді?

Еңбегі жоқ, еппенен мал табам деп,

Сендіре алмай, сене алмай, сенделеді.

Онда оны алдайды, мұнда мұны,

Жанын берсе табылмас сөздің шыны.

Алты жақсы, жүз жылқы болған басы

Бір семіз ат болады оның құны.


Администратор 2019-10-23

Желсіз түнде жарық ай

Желсіз түнде жарық ай,

Сәулесі суда дірілдеп. 

Ауылдың, жаны — терең сай, 

Тасыған өзен күрілдеп.

Қалың ағаш жапырағы 

Сыбырласып өзді-өзі. 

Көрінбей жердің топырағы, 

Құлпырған жасыл жер жүзі.

Тау жаңғырығып, ән қосып 

Үрген ит пен айтаққа. 

Келмеп пе едің жол тосып 

Жолығуға аулаққа?

Таймаңдамай тамылжып, 

Бір суынып, бір ысып, 

Дем ала алмай дамыл қып, 

Елең қағып, бос шошып.

Сөз айта алмай бөгелiп 

Дүрсіл қағып жүрегі, 

Тұрмап па еді сүйеніп, 

Тамаққа кіріп иегі.

Администратор 2019-10-23

ИНТЕРНАТЫМ — МЕКТЕБІМ

Оқимын ордамда, 
Интернат — мектебім. 
Азамат болғанша,
Аларым көп менің.

Аяулы мекенім,
Оқимын, жетемін.
Туған жер, кей-кейде, 
Сағынып кетемін.

Администратор 2019-10-23

БІЗДІҢ ҒАНИ

Жаңа заман басталды, 
Жалындаған жастарды 
Әділдіктің ісі үшін 
Ғани аға бастады.

Жайдары жаз, жаны игі 
Біздің ағай Ғаниды,
Жас ұландар бүгін де, 
Жетекші деп таниды.

Администратор 2019-10-23

ӘКЕМЕ

Сонымен құладың ба, тас қамалым, 
Қалмады күйініштен басқа амалым,
Зиратың аяқ асты болмасын деп, 
Бұзылған қорғанымнан тас қаладым.

Шынымен құладың ба, шым қорғаным,
Шынымен өртендің бе, нулы орманым.
Әке, сенің өміріңді жалғамасам, 
Құрып кетсін жер басып, ұл болғаным!

Администратор 2019-10-23

МЕН СЕНІ САҒЫНҒАНДА


Мен сені сағынғанда,
Қарамай жауындарға, дауылдарға. 
Қарсы қарап жүземін ағындарға, 
Кеудемде қимылдаған жаным барда.
Мен сені сағынғанда,
Бір минут та қақым жоқ дамылдарға.

Мен сені қызғанамын,
Қызғаныштан мұз шайнап,
Тұз жаладым.
Шаңқылдап алдымнан шық, Ана-қыран,
Алыстан келеді ұшып мұзбалағың.

Администратор 2019-10-23

ЖАЛАҢ АЯҚ ҚЫЗ


Төпеп тұрған нөсерге карамай-ақ,
Бір қыз кетіп барады жалаң аяқ. 
Жалтыраған әдемі топылайын,
Кім біледі, жауыннан барады аяп.

Ойнақтаған далада қара көзім,
Еске түсіп кетті ме бала кезің?
Елең қылмай ешкімді барады өзі, 
Жалаң аяқ жүргендей дала кезіп, 
Еркін ұстап елігім барады өзін.

Администратор 2019-10-23

Жүрегім менің - қырық жамау

Жүрегім менің—қырық жамау,

Қиянатшыл дүниеден.

Қайтып аман қалсын сау,

Қайтқаннан соң әрнеден.

Өлді кейі, кейі — жау,

Кімді сүйсе бұл жүрек.

Кімі — қастық, кімі дау,

Сүйенерге жоқ тірек.

Кәрілік те тұр тақау,

Алдымызда айла жоқ.

Қайғысыздың бәрі — асау,

Бізге онан пайда жоқ. 

Қанжүректі қайғылы-ау,

Қайырыла кет сен маған.

Қасиетін ойлан-ау

Қам көңілдің тынбаған.


Администратор 2019-10-23

НЕГЕ ЖЫЛАМАСЫН?!


Неге жыламасын?! Бәрісі де жылаған,
Жылай жүріп, жылай жүріп шыдаған. 
Түнек болып келе жатқан тажалға, 
Аттануда, аттануда тірі адам.

Жылап жатыр. Өбісуде еріндер,
Жыламаған жалғыз ғана кебір-жер. 
Жылап жатыр үйленбеген күйеулер, 
Жылап жатыр үйге енбеген келіндер.

Администратор 2019-10-23

БОЗҚАРАҒАН


Бозқараған...
Көрдің бе бозқараған?
Сирень исі аңқиды боз даладан.
Бозқараған - тікенек, тікенге өскен 
Сирень гүлін ешкім де қозғамаған. 
(Соның аты, біздіңше - Бозқараған.)

Қара судың жағасы бозқараған, 
Бозқараған бұтағын қозғама адам. 
Бозқараған ішінде бойжеткенге, 
Бозбалалар бозарып көз қадаған.

Администратор 2019-10-23

Жүрек - теңіз, қызықтың бәрі - асыл тас

Жүрек— теңіз, қызықтың бәрі — асыл тас,

Сол қызықсыз өмірде жүрек қалмас.

Жүректен қызу-қызба кете қалса,

Өзге тәннен еш қызық, іс табылмас.

Достық, қастық, бар қызық—жүрек ісі,

Ар, ұяттың бір ақыл — күзетшісі.

Ар мен ұят сынбаса, өзге қылық.

Арын, алқын — бұл күннің мәртебесі.

Қартаң тартқан адамнан от азаймақ,

От азайса, әр істің бүрі тайғақ.

Шаруаң үшін көрінген ақыл айтып,

Жолың тайғақ, аяғың тартар маймақ.

Администратор 2019-10-23

Жұмбақ (Алла мықты жаратқан сегіз батыр)

ЖҰМБАЌ

Алла мыќты жаратќан сегіз батыр,

Баяғыдан соғысып әлі жатыр.

Кезек-кезек жығысып, жатып-тұрып.

Кім жығары белгісіз түбінде аќыр.

Ш е ш у і:

Мұны тапсам ойланып, аќын деңіз,

Таба алмасам, аќылды болар неміз?

Ќыс пенен жаз, күн мен түн, таќ пенен жұп.

Жаќсылыќ пен жамандыќ— болды сегіз.

Администратор 2019-10-23