Сабақ жоспарлары

Алланың өзі де рас, сөзі де рас

Алланың өзі де рас, сөзі де рас,

Рас сөз ешуақытта жалған болмас,

Көп кітап келді алладан, оның төрті,

Алланы танытуға сөзі айрылмас.

Әманту оқымаған кісі бар ма?

Уәктубићи дегенмен ісі бар ма?

Алла өзгермес, адамзат күнде өзгерер,

Жарлықпен ол сіздерге, сіз де оларға...

Замана, шаруа, мінез күнде өзгерді,

Оларға кез-кезімен нәби келді.

Қағида шариғаты өзгерсе де,

Тағриф алла еш жерде өзгермеді.

Күллі махлұқ өзгерер, алла өзгермес,

Әћли кітап бұл сөзді бекер демес.

Адам нәпсі, өзімшіл мінезбенен

Бос сөзбенен қастаспай түзу келмес.

Махаббатпен жаратқан адамзатты,

Сен де сүй ол алланы жаннан тәтті.

Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп

Және хақ жолы осы деп әділетті.

Осы үш сүю болады иманы гүл,

Иманның асылы үш деп сен тахқиқ біл.

Ойлан-дағы, үшеуін таратып бақ,

Басты байла жолына, малың түгіл.

Дін де осы шын ойласаң, тағат та осы,

Екі дүние бұл тасдиқ— хақтың досы.

Осыларды бұзатын және үш іс бар:

Пайда, мақтан, әуесқой онан шошы.

Руза, намаз, зекет, хаж—талассыз іс,

Жақсы болсаң, жақсы тұт бәрін тегіс.

Бастапқы үшін бекітпей, соңғы төртті

Қылмағанмен татымды бермес жеміс.

Бас жоғары жаралған, мойын төмен,

Қарашы, дене біткен ретімен.

Істің басы — ретін танымақтық.

Иман білмес тағатты қабыл демен.

Имамдар ғибадаттан сөз қозғаған,

Хұснизән мен иманды білді ойлаған.

Иманның тазалығын жақсы ұқтырмай,

Сыртын қанша жуса да, іші оңбаған. 

Алла мінсіз әуелден, пайғамбар хақ,

Мү'мин болсаң, үйреніп сен де ұқсап бақ.

Құран рас, алланың, сөзі дүр ол,

Тә'уиліне жетерлік ғылымың шақ.

Алланың, пайғамбардың, жолындамыз,

Ынтамызды бұзбастық иманымыз.

Пайда, мақтан әуесқой — шайтан ісі,

Кәні біздің нәпсіні тыйғанымыз?

Мү'мин болсаң, әуелі иманды бол,

Бендеге иман өзі ашады жол,

Шыр айнал да, таза ойла бір иманды,

Мұнафиқ намаз қылмап па, мағлұм ғой ол.

Алла ішімді айтқызбай біледі ойла,

Бендесіне қастықпен кінә қойма.

Распенен таласпа мү'мин болсаң,

Ойла, айттым, адамдық, атын жойма!


Администратор 2019-10-23

Базарға, қарап тұрсам, әркім барар

Базарға, қарап тұрсам, әркім барар,  

Іздегені не болса, сол табылар.

Біреу астық алады, біреу маржан, 

Әркімге бірдей нәрсе бермес базар.

Әркімнің, өзі іздеген нәрсесі бар, 

Сомалап ақшасына сонан алар. 

Біреу ұқпас бұл сөзді, біреу ұғар, 

Бағасын пайым қылмай аң-таң қалар. 

Сөзді ұғар осы күнде кісі бар ма? 

Демекпін жалпақ жұртқа бірдей жағар.

Жазған соң жерде қалмас тесік моншақ, 

Біреуден біреу алып, елге тарар. 

Бір кісі емес жазғаным, жалпақ жұрт қой 

Шамданбай-ақ, шырақтар, ұқсаң жарар. 

“Ит маржанды не қылсын” деген сөз бар, 

Сәулесі бар жігіттер бір ойланар.

Администратор 2019-10-23

Еріксіз түскен ылдидан

Еріксіз түскен ылдидан,

Еркіңмен шығар өр артық.

Қорлықпен өткен өмірден,

Көсіліп жатар көр артық.

Администратор 2019-10-23

Мағжан Жұмабаев (Қойшының әләуләйі)

Әләуләй,әләуләй, әләуләй!
Ылғи ет жеп жүреді елде болысың-ай.
Ылғи ғана құйрық пен бауыр жер едім,
Егер ғана мен де болсам ауылнай, ауылнай.
Мына қолдың саласынан май тамар,
Ішіп болмай қымыз деген жай қалар.
Болыс болсам, арманым не, уа, шіркін!
Бірақ мына қойды кім бағар, кім бағар?
Әләуләй, әләуләй, әләуләй!
Сағиласы маған көзін салады-ай!
Heгe десең, мені түртіп қалады-ай,
Түрту түгіл, кейде нұқып «адыралай»,
Санымнан да шымшып-шымшып алады-ай!
Әләуләй,әләуләй, әләуләй!
Ой, қой, ой, қой, ой, бұзылған, соққан-ай,
Мына ісіңді егер білсе, бәлем, бай,
Екеумізді айдап шығар қосақтай,
Қой, бұзылған, қой, жолама, қой, ойбай!
Қой демекші, қойым қайда, Тәңір-ай?
Тапқан ба екен кебенегі тақыр жай?
Күннің көзі ысып кетті-ау, апырмай,
Қиын болды-ау ақсақ қойдай пақырға-ай!
Сағила бүгін тұщы қатық берсе егер,
Жарар еді-ау, апырмай, апырмай!
Шулай берме, Шопан ата, шәй, шей, шәй!

Администратор 2019-10-23

Қасым Аманжолов (Сенің алма бағыңа)


Сенің алма бағыңа
Шыбық шаншып кетіп ем.
Алдағы өмір бағына
Соны белгі етіп ем.
Келдім қайтып майданнан,
Таптым іздеп сені алғаш.
Сол шыбықтан жайқалған
Өсіпті бір алма ағаш.
Тұр жайқалып бағыңда,
Қызығамын, тамсанам.
Өзің де бұл шағыңда
Кем емессің дәл сонан.
Неткен жақсы жер еді
Жас шыбығым жайқалған!
Бір сөз айтқым келеді,
Тіл жетпейді, айта алман.

Асыл Арман 2019-10-23

Қадыр Мырза Әли (Суықторғай)

Шыбық борбай
Суықторғай,
Бүрсең қағып,
Жүрсің нағып,
Ай-ай-ай!
Ақыл айтса,
Дос көрмедің,
Жақын айтса,
Ескермедің,
Ай-ай-ай!
Ескергенде
Өстер ме едің.
Шыбық борбай
Суықторғай,
Ай-ай-ай!

Администратор 2019-10-23

Қадыр Мырза Әли (Кенже)

Сіңген бе о бастан-ақ санасына,
Ата-ана қарай ма әлде шамасына.
Кенже деп,
Кенжетай деп,
Кенжегүл деп,
Қазақтар ат қояды баласына.
Болмыста толып жатыр ғаламаттар,
Біледі не істейтінін дана қарттар.
Бұл сөзде сыйластық бар,
Қимастық бар,
Бұл сөзде шүкіршілік,
Қанағат бар.
Тамшы бал қалса бақыт кесесінде,
Қайтесің?!
Тамырыңды кесесің бе!
Ақырғы кездесудей махаббатпен
Қанша сыр,
Қанша мұң бар осы есімде!
Ата-ана-ай!
Не істесең де кеңдік еткен...
Нәресте күту қиын енді көптен.
Осынау Кенже деген бір-ақ сөзде
Жатқандай соңғы жылу,
Соңғы көктем.
Бұл сөзде егілу бар,
Езілу бар.
Есінен енді шықпас кезігу бар,
Кететін жастығыңмен қоштасу бар,
Келетін кәрілікті сезіну бар.
Кенжелер ала келіп ән-күйіңді,
Бөлейді салтанатқа сәнді үйіңді...
Шынында ыстықсың-ау соңғы сәби,
Шынында тәттісің-ау соңғы иінді!

Администратор 2019-10-23

Қадыр Мырза Әли (Қажығалиға)

Өзің айтшы, сыншым менің қырағы,
Суға тойған қашан шөлдің мұрабы?!
Он қызы бар ата-анаға, білесің,
Қай кезде де бір ұл жетпей тұрады.
Байи беру болса адамның ұраны,
Оны тірлік түзу жолдан бұрады.
Бір дачасы бар адамға қашанда
Бір машина жетпейді де тұрады.
Малы көпке,
Еске сақта, шырағым,
Шөп болмайды шүкірліктің құрағы.
Қанша өссе де,
Мансап қуған адамға
Бір секіру жетпейді де тұрады.
Ырық бермес көңілдің көк пырағы.
Жақсы арманның жақынынан жырағы.
Тойда қанша тойғанменен
Ішкенге
Бір жүз грамм жетпейді де тұрады.
Өзің айтшы, сыншым менің, қырағы
Майға қашан тойған үйдің шырағы?!
...Бәрін, бәрін,
Бәрін алған адамға
Ә-әй, бірдеңе жетпейді де тұрады!

Администратор 2019-10-23

Қадыр Мырзалиев (Шағылысып шағылмен күн шөлмегі)


Шағылысып шағылмен күн шөлмегі,
Алып келген осында мың шілдені.
Безек қағып сонда да кесірткелер
Тоқтамайды тіршілік құм-шөлдегі,
Ойыменен ұғысып, құптасып қыр,
Жайылып жүр жануар жұптасып бір.
Қу даланың өзіне қына шығып,
Тау мен тастың өзін де мүк басып тұр.
Өскен анау көк сазда құлшынып тал,
(Кірмейді оған қураған бір шыбықтар)
Қара табыт сияқты
Қара пәле
Қара асфальттың астында тіршілік бар
Қай бұтағы болмасын бүкір шығып,
Қасарысып өседі мықыр шыбық.
Арпалыспай,
Алыспай,
Тіршілікті
Даттай беру сыртынан — күпіршілік!

Қадыр 2019-10-23

Қадыр Мырза Әли (Алпыс)

Амалсыздан көнеді адам болмысқа.
Алты қырдан асқаннан соң —
Жол қысқа.
Ал сен болсаң жиырмадасың,
Алаусың,
Алаумын деп күлме бірақ алпысқа.
Жан болғасын амал бар ма тозбасқа!?
Жетпіс жайлы,
Сексен жайлы сөз басқа.
Шындап кетсе,
Абыройды бермейді
Алпысында алабұртқан боз қасқа.
Сенбейсің ғой,
Сенбейсің ғой,
Бірақ та
Жаспен бірге суымайды жыр-аптап.
Білгің келсе
Алпыстағы ағаның
Қасиетін
Жас жеңгеннен сұрап бақ!
Оның бәрін жеткізе алмас сараң тіл.
Махаббатсыз өткен әр түн — арам түн!
Жалынына ұстай білсең жастықтың
Алпысыңнан тамшылайды сары алтын!

Администратор 2019-10-23