Сабақ жоспарлары

Аш қарын жұбана ма майлы ас жемей

Аш қарын жұбана ма майлы ас жемей

Тоқ тұра алмас дәмдіден дәмді іздемей.

“Бір тойған — шала байлық” деген қазақ,

Ет көрінсе, қайтеді күйсей бермей?

Еңбек жоқ, харекет жоқ қазақ кедей

Тамақ аңдып қайтеді тентіремей?

Ет пен қымыз сықылды ас жоқ дейді,

Ол немене жоқтықтың әсері емей?

Ет, қымыз тамақ болса әркімге арзан,

Тәтті дәмді іздер ең онан да арман.

Өз пұлыңмен халің жоқ күнде тояр,

Құлдық ұрып асайсың асы бардан.

Өз үйіңнен тоярға қолың қысқа,

Ас берер ауылды іздеп жүрсің босқа.

Бір жілік пен бір аяқ қымыз берген

Дереу сені жұмсайды бір жұмысқа.

Жалға жүр, жат жерге кет, мал тауып кел,

Малың болса, сыйламай тұра алмас ел.

Қаруыңның барында қайрат қылмай,

Қаңғып өткен өмірдің бәрі де — жел.

Тәуекелсіз, талапсыз мал табылмас,

Еңбек қылмас еріншек адам болмас.

Есек к...н жусаң да мал тауып кел,

Қолға жұқпас, еш адам кеміте алмас.

Қулық, сұмдық, ұрлықпен мал жиылмас,

Сұм нәпсің үйір болса, тез тиылмас.

Зиян шекпей қалмайсың ондай істен,

Мал кетер, мазаң кетер, ар бұйырмас.

Асаған, ұрттағанға ез жұбанар,

Сенімді дәулет емес сен қуанар.

Еңбек қылмай тапқан мал дәулет болмас,

Қардың суы сықылды тез суалар.

Мінер атын, киімін ып-ықшам қып,

Сымбаттанып, сымпиып тамақ аңдып,

Бұраңдап жылы жүзін асқа сатқан

Антұрғанға қосылмай, кел, кет қаңғып.

Күлдіргіштеу, күлкішіл, қалжыңға ұста,

Кезеген ит тым-ақ көп біздің тұста.

Өз үйінен жиреніп, қашып жүрген

Антұрғанға қосылма қапылыста.


Администратор 2019-10-23

Жалын мен оттан жаралып

Жалын мен оттан жаралып,

Жарқылдап Рағит жайды айдар.

Жаңбыры жерге таралып,

Жасарып шығып гүл жайнар.

Жайына біреу келсе кез,

Белгілі жұмыс, сор қайнар.

Қуаты күшті нұрлы сөз,

Қуатын білген абайлар.

Жалын мен оттан жаралған

Сөзді ұғатын қайсың бар?

Партия жиып, пара алған,

Бейілді кедей байсыңдар.

Қулық пенен құбылдан

Жалықсаң, жақсы жансыңдар.

Түзелмесе шұғылдан,

Арсылдар да қалшылдар.

Несі өмір,

Несі жұрт?

Өңшең қырт,

Бас қаңғырт!

Администратор 2019-10-23

Жастықтың оты, қайдасың

Жастықтың оты, қайдасың,

Жүректі түртіп қозғамай? 

Ғылымның біліп пайдасын, 

Дүниенің көркін болжамай?

Адамның тауып айласын, 

Кісілікті ойламай. 

Қаруын көңіл сайласын, 

Қолға ол түспес бойламай.

Махаббат, қызық кім көрер, 

Оның да дәмін татпаса? 

Біржола басты кім берер, 

Жаныңа қайғы батпаса.

Аямай жанын дос ерер, 

Жолдастықты ақтаса. 

Алдыңа айдап кім келер, 

Ерінбей жүріп бақпаса.

Мал бақпақтық шаруа боп, 

Адал тауып асықпай.  

Құр айғаймен әуре боп, 

Өнердің жайын баса ұқпай.

Ендi ненi iстеймiз, 

Бәрiнен де бос қалдық? 

"Ауызға келiп түс" деймiз, 

Қылып жүрiп құр салдық!

Администратор 2019-10-23

Көңілім қайтты достан да, дұшпаннан да

Көңілім қайтты достан да, дұшпаннан да,

Алдамаған кім қалды тірі жанда. 

Алыс-жақын қазақтың бәрін көрдім, 

Жалғыз-жарым болмаса анда-санда.

Пайда үшін біреу жолдас бүгін таңда, 

Ол тұрмас бастан жыға қисайғанда. 

Мұнан менің, қай жерім аяулы деп, 

Бірге тұрып қалады кім майданда?

Ендігі жұрттың сөзі — ұрлық-қарлық, 

Саналы жан көрмедім сөзді ұғарлық. 

Осы күнде, осы елде дәнеме жоқ 

Мейір қанып, мәз болып қуанарлық.

Байлар да мал қызығын біле алмай жүр, 

Жаз жіберіп, күз атын міне алмай жүр. 

Сабылтып күнде ұрлатып, із жоғалтып, 

Ызаменен ыржиып күле алмай жүр.

Саудагер тыныштық сауда қыла алмай жүр, 

Қолдан беріп, қор болып, ала алмай жүр.

Ел аулақта күш айтқан, топта танған,

Арсыз жұрттан көңілі тына алмай жүр.

Естілер де ісіне қуанбай жүр, 

Ел азды деп надандар мұңаймай жүр. 

Ала жылан, аш бақа күпілдектер 

Кісі екен деп үлкеннен ұялмай жүр.

Бектікте біреу бектеп тұра алмай жүр, 

О дағы ұры-қарды қыра алмай жүр. 

Қарсылық күнде қылған телі-тентек, 

Жаза тартып ешбірі сұралмай жүр.

Қарындас қара жерге тыға алмай жүр, 

Бірінің бірі сөзін құп алмай жүр. 

Құда-тамыр, дос-жарың, қатын-балаң — 

Олар да бір қалыпты бола алмай жүр.

Бір күшті көп тентекті жыға алмай жүр, 

Іште жалын дерт болып, шыға алмай жүр, 

Арақ ішкен, мас болған жұрттың бәрі, 

Не пайда, не залалды біле алмай жүр.

Жетілтіп жаз жайлауға қона алмай жүр, 

Күз күзеуде жанжалсыз бола алмай жүр. 

Қыс қыстауың — қып-қызыл ол бір пәле, 

Оралып ешбір шаруа оңалмай жүр.

Жасы кіші үлкеннен ұялмай жүр, 

Сұрамсақтар нәпсісін тия алмай жүр. 

Сәлем борыш, сөз қулық болғаннан соң, 

Қандай жан сырттан сөз боп,сыналмай жүр?

Администратор 2019-10-23

Осы қымыз қазаққа

Осы қымыз қазаққа

Мақтаның ба, асың ба?

Қымызды басар артынан

Ет даяр ма қасыңда?

Бойыңа сіңіп, өрт болған

Қызба бастық жасында.

Қызылшыл семіз, жас қымыз —

Бір үлкен борыш басында.

Жуасты мін де, айран іш,

Жоқ немеге шатылма.

Ұры, залым, қуларға

Нысанаға шаншылма.

Жылқыны аңдып ұры жүр

Әр төбенің тасында.

Ой көзімен қарасаң,

Қойдан жылқы асыл ма?

Мақтанға бола жиям деп,

Жылқы үшін жұртқа бас ұрма

Қымыз, семіз дегенің

Бір мақтан ғой, жасырма.

Мақтан қума, керек қу,

Ойсыздарға қосылма.

Қойныңда ақша, қолда қой

Күзетке оңай, шошынба!

Администратор 2019-10-23

Қансонарда бүркітші шығады аңға

Қансонарда бүркітші шығады аңға, 

Тастан түлкі табылар аңдығанға

Жақсы ат пен тату жолдас — бір ғанибет

Ыңғайлы ықшам киім аңшы адамға.

Қанат, құйрық суылдап, ысқырады,

Салаң, етіп жолықса қайтқан ізі,

Сағадан сымпың қағып із шалғанда.

Бүркітші тау басында, қағушы ойда,

Іздің бетін түзетіп андағанда.

Томағасын тартқанда бір қырымнан,  

Қыран құс көзі көріп самғағанда.

Төмен ұшсам түлкі өрлеп құтылар деп,

Қанды көз қайқаң қағып шықса аспанға,  

Көре тұра қалады қашқан түлкі,  

Құтылмасын білген соң, құр қашқанға. 

Аузын ашып, қоқақтап, тісін қайрап, 

Ол да талас қылады шыбын жанға. 

Қызық көрер, көңілді болса аңшылар,

Шабар жерін қарамас жығылғанға. 

Қырық пышақпен қыржыңдап тұрған түлкі, 

О дағы — осал жау емес қыран паңға. 

Сегіз найза қолында, көз аудармай,  

Батыр да аял қылмайды ертең таңға.

Көктен қыран сорғалап құйылғанда.

Жарқ-жұрқ етіп, екеуі айқасады,

Жеке батыр шыққандай қан майданға.

Біреуі — көк, біреуі — жер тағысы,

Адам үшін батысып қызыл қанға.

Қар — аппақ, бүркіт — қара,түлкі-қызыл,

Ұқсайды қаса сұлу шомылғанға.

Қара шашын көтеріп екі шынтақ,

Ол да бүлк-бүлк етпей ме сипанғанда?

Аппақ ет, қып-қызыл бет, жап-жалаңаш,

Қара шаш қызыл түзді жасырғанда.

Күйеуі ер, қалыңдығы сұлу болып,

Бейне ұқсар тар төсекте жолғасқанға.

Арт жағынан жаурыны бүлкілдейді,

Қыран бүктеп астына дәл басқанда.

Құсы да, иесі де қоразданар,

Алпыс екі айлалы түлкі алғанда.

“Үйірімен үш тоғыз” деп жымыңдап,

Жасы үлкендер жанына байланғанда.

Сілке киіп тымақты, насыбайды

Бір атасың көңілің жайланғанда.

Таудан жиде тергендей ала берсе,

Бір жасайсың құмарың әр қанғанда.

Көкіректе жамандық еш ниет жоқ,

Аң болады кеңесің құс салғанда.

Ешкімге зияны жоқ, өзім көрген

Бір қызық ісім екен сұм жалғанда.

Көкірегі сезімді, көңілі ойлыға

Бәрі де анық тұрмай ма ойлағанда?

Ұқпассың,үстірт қарап бұлғақтасаң, 

Суретін көре алмассың, көп бақпасаң. 

Көлеңкесі түседі көкейіңе, 

Әр сөзін бір ойланып, салмақтасаң. 

Мұны оқыса, жігіттер, аңшы оқысын, 

Біле алмассың құс салып дәм татпасаң.

Администратор 2019-10-23

Қартайдық, қайғы ойладық, ұйқы сергек

Қартайдық, қайғы ойладық, ұйқы сергек,

Ашуың — ашыған у, ойың — кермек.

Мұңдасарға кісі жоқ сөзді ұғарлық

Кім көңілді көтеріп болады ермек?

Жас қартаймақ, жоқ тумақ, туған өлмек, 

Тағдыр жоқ еткен өмір қайта келмек. 

Басқан із, көрген қызық артта қалмақ, 

Бір құдайдан басқаның,бәрі өзгермек.

Ер ісі ақылға ермек, бойды жеңбек, 

Өнерсіздің қылығы өле көрмек. 

Шыға ойламай, шығандап қылық,қылмай, 

Еріншек ездігінен көпке көнбек.

Жамандар қыла алмай жүр адал еңбек, 

Ұрлық, қулық қылдым деп қағар көлбек. 

Арамдықтан жамандық, көрмей қалмас, 

Мың күн сынбас, бір күні сынар шөлмек.

Адамзат тірілікті дәулет білмек,

Ақыл таппақ, мал таппақ, адал жүрмек.

Екеуінің бірі жоқ ауыл кезіп,

Не қорлық құр қылжаңмен күн өткізбек?

Наданға арам, ақылды құлаққа ілмек,

Бұл сөзден ертегіні тез үйренбек.

Рас сөздің кім білер қасиетін,

Ақылсыз шынға сенбей, жоққа сенбек.

Қызыл арай, ақ күміс, алтын бергек* 

Қызықты ертегіге көтерілмек. 

Ақсақалдың, әкенің, білімдінің 

Сөзінен сырдаң тартып, тез жиренбек.

Ақылды қара қылды қырыққа бөлмек, 

Әрнәрсеге өзіндей баға бермек. 

Таразы да, қазы да өз бойында, 

Наданның сүйенгені көп пен дүрмек.

Алашқа іші жау боп, сырты күлмек,

 Жақынын тіріде аңдып, өлсе өкірмек. 

Бір-екі жолы болған кісі көрсе, 

Құдай сүйіп жаратқан осы демек. 

Ел бұзылса, құрады шайтан -өрнек,

Періште төменшектеп, қайғы жемек.

Өзімнің иттігімнен болды демей,

Жеңді ғой деп шайтанға болар көмек.

Сырттансынбақ, қусынбақ,өршілденбек, 

Сыбырменен топ жасап бөлек-бөлек. 

Арамдықпен бар ма екен жаннан аспақ, 

Өзімен өзі бір күн болмай ма әлек?

Қолдан келе бере ме жұрт меңгермек? 

Адалдық, арамдықты кім теңгермек?! 

Мақтан үшін қайратсыз болыс болмақ, 

Иттей қор боп, өзіне сөз келтірмек.

Администратор 2019-10-23

Қызарып, сұрланып

Ќызарып, сұрланып,

Лүпілдеп жүрегі.

Өзгеден ұрланып.

Өзді-өзі керегі.

Екі асыќ ќұмарлы,

Бір жолдан ќайта алмай,

Жолыќса ол зарлы,

Сөз жөндеп айта алмай.

Аяңдап аќырын,

Жүрекпен алысып,

Сыбдырын, тыќырын,

Көңілмен танысып.

Дем алыс ісініп,

Саусағы суынып,

Белгісіз ќысылып,

Пішіні ќұбылып. 

Иығы тиісіп,

Төмендеп көздері.

Үндемей сүйісіп,

Мас болып өздері. 

Жанында жапыраќ,

Үстінде жұлдыз да,

Елбіреп-ќалтырап,

Жігіт пен ол ќызға.

Өзге ойдан тыйылып,

Бірімен бірі әуре,

Жүрекке ќұйылып,

Жан рахат бір сәуле.

Жүрегі елжіреп,

Буындар босанып,

Рахатпен әлсіреп,

Көзіне жас алып.

Жүйрік тіл, терең ой,

Сол күнде ќайда едің.

Ғашыќќа мойын ќой

Жеңілдің, жеңілдің!

Администратор 2019-10-23

Әбдiрахман өлгенде (Тұл бойың ұят, ар едiң)

Тұл бойың ұят-ар едiң

Ескерiп iстеп, ойлаған.

Тәуекелге нар едiң,

Талаппен терең бойлаған.

Ерлiкке де бар едiң,

Үйренуге тоймаған.

Жасқа жас, ойға кәрi едiң,

Атаңның атын жоймаған

Замана, неткен тар едiң,

Сол қалқамды қоймаған?

Администратор 2019-10-23

Мағжан Жұмабаев (Бір кезде іштік арақты )


Бір кезде іштік арақты
Асқардан асқар аспаққа.
Ішеміз енді арақты
Қайғы мен қасірет баспаққа.
«Баспаққа» деген жай бір сөз,
Көз көмілді қаспаққа.
Четушкалап арақты
Жастайтын болдық бас жаққа.

Администратор 2019-10-23

Қарашекпен мен қой

Шақырды Қарашекпен Қойды сотқа,
Күймей ме біреу үшін біреу отқа,
Белгілі Қойдың тауық жемейтіні,
Жазықсыз жаза тартқан пенде жоқ па?
Түлкі екен судьясы «теңшіл» деген,
Атақтан сау емес де «жемшіл» деген.
Бір күні талапкер мен жауапкерге
Шақыру қағаз шықты «келсін» деген.
Екеуі айтқан күні сотқа келді,
Түлкіекең Қойды көріп көңілденді.
Тексеріп, арлы-берлі жауап алып,
Тез істі бітірмекке жәһидтенді.
Талапкер Мұжық айтты: «Пәлен күні,
Қотанда Қойдың жалғыз қалған түні.
Жоқ болып екі тауық ертеңіне,
Сүйегі, бұрқыраған жатыр жүні.
Дер едім «сырттан ұры келген шығар»,
Шықпады түні бойы иттің үні.
Ойыма салыстырып қарадым да:
«Қой екен жеген, - дедім, - шәксіз мұны».
Қой айтты: «Шөпке тойып күні бойын,
Қозғалмай жаттым ұйықтап түні бойын.
Біледі аймағымның бәрі, тақсыр,
Жоқтығын бұзық көңіл, арам ойым.
Құдайға аян ұрлық етпегенім,
Орнымнан тұрып түнде кетпегенім.
Жалғыз-ақ тауықтардың тұсында емес,
Аслан өмірімде ет жемедім».
Ал сонда Түлкі қалай хүкім етгі:
«Ұрлаған тануға да, - деді, - епті. -
Өзге ұры келмегенін сонан білем,
Оқиға болмыс күні ит үрмепті.
Келмесе сырттан ұры, бұл жемесе,
Жоғалып екі тауық, қайда кетті?!
Жан берсе, нанып болмас, жақын жатып,
«Жемедім» дегеніне дәмді етті.
Тексерген іс түріне қарағанда,
Мұғабын тауықтарды осы жепті.
Обал жоқ, өртесе де мұны отқа,
Апарып өлтіріңдер, байлап оққа.
Терісімен талапкерді риза етіп,
Ап келіп тапсырыңдар етін сотқа!».

* * *
Кінәлі біреу ойдан, біреу тілден,
Ахмет, осы айтқаның жетер, тоқта!
Көрдің бе, сөзің онша ажарлы емес,
Ұялмай сынатарға салып топқа.
Алайда тыңдағандар бір ойланар:
Түлкідей төре беру бар ма, жоқ па?

Администратор 2019-10-23

Айна мен маймыл

Айнаның қарсы алдына Маймыл барып,
Айнада өз суретін көре салып,
Аюға жанындағы күліп айтты,
Ақырын аяғымен түртіп қалып:
«Бері қара!
Бұ кім өзі мынау перің?
Білмеймін қайдан шыққан мұндай көрім?
Он екі мүшесінің бірі оңды емес,
Көз салып қарап тұрсам әрбір жерін.
Мен бұған титтей ғана ұқсас болсам,
Ішіме пышақ салып өлер едім.
Ол рас бесеу-алтау бар екені
Кейіпсіз нақ осындай бөлелерім».
«Маймылжан, біраз ғана етсең төзім,
Менің бар жалғыз ауыз айтар сөзім:
Әуре боп бөлелерің санағанша,
Абайлап қарашы әуел өзіңе өзің!»
Аюдың бір ақылы айтқан досқа,
Бір жүріп, бірге тұрған көңіл қосқа,
«Алды жөн адасқанның» деген сөз ғой,
Тыңдаусыз, құр далада қалды босқа.

* * *
Мысалы, адам - Маймыл, өлең -
Өлеңді түсінгенге бар көп пайда.
Айтылған өлеңдегі мінін көріп,
Түзейтін мінез-құлқын адам қайда?
Айна,
Біреудің мінін айтса өлеңшілер,
Мәз болып, тыңдағандар қарқ-қарқ күлер.
Болса да нақ со міндер өз басында,
Деп айтар: «Секілді екен пәленшелер».
Мен талай көргенім бар осындайды,
Өз мінін кім аңғарып, абайлайды?
Мәселен, бидің жеген парасын айт, -
Көрсетер, көзін қысып, ауылнайды.

Администратор 2019-10-23

Біреу бай, біреу жарлы

Сұлтанмахмұт Торайғыров

Біреу бай, біреу тере, біреу жарлы,
Көбі зарлап төгіп жүр жас пен қанды.
Атаңды жау шапқанда бірге шауып,
Борсықтар семіріп жүр көміп арды.

Қайдан табам халықтың шын баласын,
Суын сүзіп, ақтарсам тау, даласын?!
Көкті кезіп ұшсаң да бір таба алмай,
Арманда боп әзірге сандаласың.

Ондай адам болған ғой, болар тағы,
Өмірлік барлық ісі — елдің қамы.
Ер еңбегі жалпыға бірдей ортақ,
Жарқ етер әлі-ақ бір күн бақыт таңы.

Администратор 2019-10-23

Байлық

Сұлтанмахмұт Торайғыров

Байлық-ай, сенің ызаң өтті-ау маған,
Не қылдым өшігерлік, жаным, саған?
Мені көрсең жирендің, теріс қарап,
Әкеңнің менде құны бардан жаман.
Әлі жаспын, не қылдым өшігетін?
Ойың жоқ, мені есіркеп, өсіретін.
Кедейлікті жіберіп аяқ, қолды
Байлаттың ерік бермей көсілетін.
Сен келсең бар қиыным шешілетін,
Сен жоқта аяқ-қолым кесілетін.
Сенің досың байлардай болып, менде
Күн бар ма көңіл өсіп, есіретін.
Келмесең зарлайтұғын менде хал жоқ,
Баяғы бір қу кедей қолда мал жоқ.
Өмір бойы бейнеттен арылмаған,
Тұрмыстың көк шолағы, жалда-жал жоқ.
Бәрібір сонда-дағы өмір сүрем,
Қалқақтап көп ішінде мен де жүрем.
Артыктығы: тамақ мол, киімі бар,
Бай көрген дүниені мен де көрем.
Ол маған ұстауға емес, көруге бар,
Байлар үшін жаралған қазына мал.
Адам ұлын алалап, бірдей қылмай,
Нағыз жауыз — байлық сен, пейілі тар.

Администратор 2019-10-23

Бір баланың тілек батасы

Сұлтанмахмұт Торайғыров

Оқыт бізді, әкетай,
Қам көңілім болсын жай.
Надандықтан құтқарып,
Қуанта көр, құдай-ай!
Көңіл менен көзді ашып
Уанта көр, құдай-ай!
Аяндардың пітінесін
Суалта көр, құдай-ай!
Надандықта қор қылма,
Миллетке бізді сор қылма,
Микробтарды зор қылма,
Рақым айлап, құдай-ай!

Администратор 2019-10-23

Бір адам көп жасады жер бетінде

Сұлтанмахмұт Торайғыров

Бір адам көп жасады жер бетінде,
Мекендеп жақсы жайды ел шетінде.
Зорлықшыл, арам ойлы, ұры болды,
Құралған арамдықтан дәулеті де.
Нашарды зар жылатқан жалғызын жеп,
Тірлікте ойламаған «өлемін» деп.
Жалғанды жалпағынан басып өтті,
«Жазғанын көрге бара көремін» деп.
Сол сорлы ауырып жатыр өлейін деп,
Қимайтын аманатын берейін деп.
Тауысып ап желдей ескен аз өмірді,
Қойнына суық көрдің енейін деп.
Өлді ол мезгілінде ажал жетті,
Өлшеулі дүниеден демі бітті.
Оранып үш қары бөз басқа түк жоқ,
Сақтанбай тірлігінде көрге кетті.
Жатты ол қараңғыда зәресі ұшып,
Тірлікте молда айтқаны еске түсіп,
Дейтұғын: «имансызға періштелер
Көрсетер көр азабын тәнді қысып».
Қозғалып, шамасы жоқ тұратындай,
Созылды қараңғылық таң атырмай.
«Қайда жүр періштесі сұрайтұғын,
Кешікті-ау, бұлар қайда, деп жапырмай?»
Сонымен әлденеше жылдар өтті,
Тән шіріп, топырақ боп, тозып бітті.
Шыбын жан айналсоқтап, сасық көрде
«Періште келеді» деп, босқа күтті.
Ал енді молда қайда, сөзі қайда,
Беретін ұжмақ, дозақ анау жайда?
Білмеймін анығын да, танығын да
Бас қатты шешемін деп, жоқты ойда.

Администратор 2019-10-23

Бір балуанға қарап

Сұлтанмахмұт Торайғыров

Жықсаң бәйге аласың алысқанда,
Қару қып, қайратың сап қарысқанда.
Жындылық - шаппай бәйге бер деп сұрау,
Озсаң, бәйге кім бермес жарысқанда.

Тұрмысы бүл дүниенің күреспен тең,
Тәуекел, күреске түс, бар-дағы жең.
Дүниеде барлығынды кім біледі,
Үйінде ынжықтанып отырсаң сен!

Кім сені бұл дүниеде бар деп айтар,
Кім саған жықпай бәйге ал деп айтар?
Жықпасаң да күресіп талаптансаң,
\"Еті тірі, жаужүрек жан\" деп айтар.

Жүрген көп; \"жығылам\" деп үйде бұғып,
Жел бол май, боран болмай бет алды ығып;
Қысқасы, ондырмаған жасқаншақтық, —
Жасқанба, қылыш шапса, найза сұғып!

Администратор 2019-10-23

Fққудай үлбіреген сұңғақ мойын

Сұлтанмахмұт Торайғыров

Аққудай үлбіреген сұңғақ мойын,
Ақ анар, жұпар иіс, мамық қойын.
Мінезді, сөзге епті, әңгіме ұста,
Өмірдің қыздыратын жастық тойын.

Сүйріктей ақ білекті шебер саусақ,
Ақ шаңқан балапандай тұрған жусап.
Жаратылыс мақтаны — сұлу қызды
Көрген сайын құмарық артар сусап.

Ақ уыз — дене көркі, тік қос алма,
Магниттей тартқызған көрген жанға.
Әзірге көргенмен де, көптің бірі,
Мендік боп, мені сүйсең арман бар ма!

Администратор 2019-10-23

Ақ сәуле

Сұлтанмахмұт Торайғыров

Назды, нәзік, ақ сәуле,
Көздің жасын исең-ау!
Елжіреп жас жүрегің,
Мендей болып күйсең-ау!
Омырауы ашық ақ көйлек,
Етегі қысқа кисең-ау.
Еркелетіп, бұралтып,
Ерінге ерін тисең-ау.

Ақ тісіңді ақситып,
Махаббатпен күлсең-ау.
Ақ торғынға оранып,
Тау ішіне кірсең-ау.
Арасында гүлдердің,
Қолтықтасып жүрсем-ау.

Арасынан тоғайдың,
Түрлі жеміс терсең-ау.
Мынаны қара, жаным,— деп,
Бұралып, күліп, келсең-ау.
Мойныма келіп асылып,
Жемісіңді берсең-ау.
Жас баладай еркелеп,
Жалғыз маған сенсең-ау.
Кылығыңмен, назыңмен
Еркімді алып жеңсең-ау.
Қаз алатын қырандай,
Қайырылып мен де ілсем-ау.
Гүл, бәйшешек ішінде
Ісімді өзім білсем-ау.
Аққан бұлақ қасында,
Сәулелі күн басымда,
Бұлбұл сайрап қасымда,
Ырза болам өмірге,
Үстіп дәурен сүрсем-ау.

Бір томарға отырып,
Аяқты суға малсам-ау.
Майысқан ақ қолыңмен
Денеге су салсам-ау.
Кейде суды шашысып,
Кейде жабысып қалсам-ау.
Күлімдеп көзге көз түсіп,
Алдыма қысып алсам-ау.
Киім жапқан әлемнің
Ләззатына қансам-ау.

Үсте сәуле алтын күн,
Қоршаған тоғай нансаң-ау,
Сайраған бұлбұл бұтақта,
Кұлақ құрыш қансаң-ау!
Неше түрлі гүл иісі
Иіскеп мас боп қалсам-ау.
Керілік келмей, жаз өтпей,
Сондай түрде қалсам-ау!

Администратор 2019-10-23

Арабшадан

Сұлтанмахмұт Торайғыров

Түзелсін көңілі әуліккен адам қайдан:
Әуесі судай толқыр аққан сайдан.
Қадір-құрмет, дәреже оңдылықта
Ойлайды: «соңғы мен», деп, бір құдайдан.

Нәпсіңді шұғылдандыр, жатпа босқа,
Ашуды қой, серік бол ақыл — досқа.
Егер де бетіменен қоя берсең,
Сені ол шұғылдандырып қылар шошқа.

Администратор 2019-10-23

Альбомнан

Сұлтанмахмұт Торайғыров

Жетуге құмар жоғары.
Қайдан жаман болады?
Талпыну бар, талап бар,
Бүйткен адам оңады.

Нәзік дауыс, әнге ұста,
Разы, шат тұрмысқа.
Жұғымды мұндай бала жоқ
Бұл маңайда, бұл тұста.

Асырауға көнеді,
Деп кеңілім сенеді.
Қандай ұрық ексең де,
Сөзсіз жеміс береді.

Жаттығы жоқ адамға,
Именетін жаман ба?
Оқығанға кез келіп,
Түсінсе еді заманға.

Администратор 2019-10-23

А, дүние

Сұлтанмахмұт Торайғыров

А, дүние, берсе қанат тәңірі маған!
Ерік алып, ұшып кетсем көкке таман.
Жер, күннің аймағынан үстін шығып,
Әлемге көз жіберсем сол арадан.

Бойымнан ірілік оты сонда сөніп,
Планет һәм жасаған елді көріп,
Тозаңдай басқа әлем қатарында
Айтар едім елеусіз жерді көріп.

Қандай мән бұл адамның өмірінде,
Дәм татқызар үміт не көңілінде?
Туысында еріксіз жердің құрты
Және еріксіз аһ ұрып сөнуінде.

Әлемге өмір шашқан күні мынау,
Жердегі көрінбеген сыры мынау,
Бар-жоғының тозаңдай елеңі жоқ,
Адам тұрсын, жерінің түрі мынау.

Неменеге мақтандық көкірек керіп,
Өзімізге сонша артық мағына беріп.
«Барша әлем жаралған адам үшін»,
Деп қалайша адасып жүрдік сеңіп?

Администратор 2019-10-23

«Шоң» серіктігін ашардағы тілек

Сұлтанмахмұт Торайғыров

Баршаға мейрім салған, мейірбанды тәңірім,
Ісімізді өзің оңғарып, оңға бастыр!
Қазағыңды ақ, түзу жолға бастыр!
Әлемге шам-шырақ болған, пайғамбар,
Саған салауат айтып, жолыңды қудық,

Баташы бол,
Әулие, аруақ!
Жебе, қолда!
Қазақ қалмасын,
Қорқынышты жолда.
Құдай! Өзің білесің,
Ниетіміз ақ:
Берсейші бізге бақ!
Сенен сұрамай,
Кімнен сұраймыз
Қашан болса да,
Бір өзіңе жылаймыз!

Администратор 2019-10-23

....ға

Сұлтанмахмұт Торайғыров

Естимін серілігіңді сіздің сырттан,
Ынтасын замандастар сіз деп құртқан.
«Халың айтса, қате айтпайды» деген сөзбен,
Танысқалы жазамын естіп жұрттан,

Жас уақытта теңдесін тисе тауып,
Жүрек сырын болмайды қолмен жауып.
Қараңғы жерде өсіп қайрат қылып,
Шыдауына менің тұр көңілім ауып,

Жар таңдап, бос деп естіп сіздің басты,
Ұяттан жас жүректің толқыны асты.
Өткір, сергек дегенге көңілім ауып,
Еріксіз аударып тұр ықыласты.
Құданың құдіретіне ғажап емес,
Егер де қосам десе екі жасты.

Жайдары жақсы адамда болмас жаттық,
Жас күнде алса жақсы көңіл шаттық.
Жайпаламы адамға хат жазбаймын,
Кепті керіп, кеп жердің дәмін таттық.

Білмеймін қалай ауды көңілім сізге,
Сіз-дағы көңіліңізді білдір бізге.
«Жас-жастың тілеуі бір» деген сөз бар,
Ұзатпай аяқ бердік сөзімізге.

Администратор 2019-10-23

Іздедім, іздесем де таба алмадым

Сұлтанмахмұт Торайғыров

Іздедім, іздесем де таба алмадым,
Табам деп езімді-өзім неге алдадым.
Адамның адам аты ақталмайды,
Бейнет қыл, бар білгенім соны аңғардым.

Администратор 2019-10-23