Сабақ жоспарлары

Мағжан Жұмабаев (Сең)

Сары аяз - сүйген жар
Қайрылмай кеткен соң,
Қайратсыз қалың қар
Жылаумен біткен соң.
Жел сипап, Күн күліп,
Мазақ қып сүйген соң
Боларын бір сұмдық
Ішінен түйген соң
Қалың мұз кәрленіп,
Қара көк түс алды.
Еруге арланып,
Кетпекке ойланды.
Бұзыла-жарыла,
Антұрған аптықты.
Өзеннің жарына
Асығып соқтықты.
Барында шамасы,
Суыққа қашпақшы.
Мұз теңіз - анасы
Құшағын ашпақшы.
Өткен соң жаз алты ай,
Ашуын жимақшы.
Өзенді еркетай
Ойыннан тыймақшы.
Қалың мұз қара көк,
Ойлама құр бекер
Суыққа жетем деп,
Ыстық күн ерітер.

Администратор 2019-10-23

Мағжан Жұмабаев (Шалдың үміті )

(Кольцовтан)
-Ерттеп мінсем бір жүйрік ұшқыр атты,
Шапсам, ұшсам сұңқардай құстан қатты,
Жалпақ дала, кең теңіз бәрін өтіп,
Қуып жетіп, қайтарсам жастық шақты.
Солқылдап жігіт болып кейін қайтсам,
Жаңғыртып ен даланы өлең айтсам!
Қартайғанда, «кет!» деген бұраң белмен
Бұрынғыдай айқасып бірге жатсам!
-Жоқты күтпе. Оқ қайтпас, бір атқан соң,
Қайтып татар нәрсе емес, бір татқан соң.
Ізі жоқ іздеп табар, құр қаңғырма,
Күнбатыстан күн шықпас, бір батқан соң!

Администратор 2019-10-23

Қадыр Мырза Әли (Жұртқа жырмен ұнаған)

Жұртқа жырмен ұнаған
Айналайын көкем-ау,
Жел сөзіңе бұл адам
Жалықпайды екен-ау!
Жұмысыңды қойдырып.
Жеңді бізді құмарлық.
Кешті тостпен тойдырып,
Коньякқа суардық.
Қыза-қыза
Түймені
Түйедей ғып өсіріп,
Көңілдерді биледі
Көбік шашқан есірік.
Ғұмырына жетерлік
Жел сөз қашан сарқылмақ!
Басына үйді көтеріп,
Күлді достар қарқылдап.
Қасиетсіз күн кешкен
Ердің құны кеми ме?!
Желпілдеген сол кештен
Жүдеп қайттым мен үйге.
Ұмытса адам
Ойға алған
Жұмыс пенен парызды,
Бидайсыз құр айналған
Жел диірмені тәрізді.

Администратор 2019-10-23